42 тұрғын үйде қоныстой болады
Биыл Түркістан облысында 42 тұрғын үй ел игілігіне тапсырылады. Нысандардың құрылысы бюджет есебінен жүргізілуде. Нәтижесінде 3 мыңға жуық пәтерде қоныстой болады.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Оның ішінде 600-дей пәтердің кілті көпбалалы, аз қамтамасыз етілген және әлеуметтік осал отбасыларға тапсырылады. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылдың 10 айында Түркістан облысында 503,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бүгінде өңірде бағдарлама аясында барлық қаржы көздері есебінен 232 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Ондағы пәтерлер саны 13 мыңға жуықтайды.
Айта кетейік, облыста 1,5 мыңға жуық көппәтерлі тұрғын үй бар.