ТӨРАҒАЛЫҚ ТОҚАЕВҚА ТАҒЫ ҚАНДАЙ ӨКІЛЕТТІЛІК БЕРЕДІ?
Аптаның сейсенбісі 23-қарашада Қазақстанның саясат сахнасында айтулы оқиға болды. Еліміздегі жетекші ұйым Nur Otan партиясының саяси кеңесінің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағалығын қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыру туралы шешім қабылдады. Жиын журналистердің қатысуынсыз жабық түрде өтті. Онлайн өткен кеңес отырысындағы Тұңғыш Президенттің бұл шешімін жалпақ жұртқа оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай таратты. Сонымен қатар баспасөз хатшысы «партия жарғысына сәйкес, төраға сайлау немесе оны қызметінен босату съездің құзіретінде» деп шегеледі. Сондықтан да Тоқаевқа төрағалықтың берілетіні туралы Елбасы шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Дегенмен де, партия съезі кезінде нұротандықтар 23 жылдан бері төраға болып келген Елбасының шешуші пікіріне қарсы шыға қоймайтыны анық. Әзірге партия съезі өтетін күн белгісіз. Ал оған дейін Нұрсұлтан Назарбаев партия Төрағасы болып қала береді.
Төрағалықты қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына тапсыру туралы шешуші пікірін Елбасы «Нұр Отан партиясын саясат пен стратегияны анықтайтын ел президенті басқаруы керек деп санаймын. Бізде үнемі солай болған, біз мұны партиямыздың жарғысын негізге ала отырып шешуіміз керек. Мен партияның негізін қалаушы ретінде, оның белді мүшесі ретінде сіздермен қала беремін. Бірақ біз өмір мен болашақтың заңдылығына бағынуымыз керек» деп түсіндіреді. Елбасы партияны мемлекет басшысы басқаруы керек екенін айтқанмен, мұндай шешімге неге кеш келіп отырғанын ашып айтпады. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Республикасы Президенті қызметін атқарып жүргеніне екі жарым жылға жуық уақыт толды.
Хош делік, енді мемлекеттің қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілген қосымша әкімшілік ресурс оған қандай құзырет береді? Елбасының бұл шешімі Тоқаевтың ендігі тірлігін салмақты ете алады ма? Бұл өзгеріс қазақстандықтардың өміріне қандай да оң өзгеріс сыйлайды ма? Бұл сұраққа жауап беруде саясаттанушы мен сарапшылардың пікірі қандай? Соған тоқталсақ.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев Азаттыққа берген сұхбатында Елбасы темірді қызған кезінде соқпағанын ашып айтады. Ол «Назарбаев құзыретінен Парламент сайлауына дейін бас тартуы керек еді. Неге олай жасамады? Мұның екі себебі бар деп ойлаймын. Біріншіден, ол кезде Тоқаевты партия тізімін құру ісіне араластырғысы келмеді. Мәжіліске бұрынғы президенттің айналасындағылар мен Байбек (партия Төрағасының бірінші орынбасары) қолдаған азаматтар өтті. Екіншіден, Үкімет басшысы Асқар Маминді орнынан алып тастауға мүмкіндік беретін тетікті Тоқаевтың қолына ұстатқысы келмеді. Премьер-Министрді қызметінен босату үшін парламенттің көмегі керек: төменгі палата Премьер-министрді қолдап дауыс береді не Үкіметке сенбейтінін айтып, қарсы шығады»,-дейді. Сонымен қатар ресми тұрғыдан алғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі бір мәртебеге ие болғанын, нәтижесінде партияда кадрлық өзгерістер болуы мүмкін екенін де атап өтеді.
Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым болса Қасым-Жомарт Тоқаевтың партияға төрағалық етуі алдағы күндері болатын үлкен саяси науқандардағы жауапкершілікті күшейтеді деп санайды. Ол «мемлекет басшысы билеуші партия төрағасы ретінде жақын күндері Үкімет құрамын өзгерте алады ма?» деген сұраққа «Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы келе жатыр. Жылды қорытындылау тағы бар. Осы тұрғыдан алғанда Үкіметті өзгерту қаншалықты керек деген мәселе туады. Дегенмен де алдағы уақытта Үкімет өзгеруі мүмкін. Бірақ жақын арада кадрлық өзгеріс болмайды» деп кесті.
Ал қазіргі билікті сынап, «Демократиялық партия» құруға талпынып жүрген саяси белсенді Жанболат Мамай Елбасының партия Төрағалығын қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыру туралы шешімі көрші Ресей президенті Владимир Путиннің биліктен кетуге келіскен Медведевті «Единая Россия» басшысы етіп қойған жағдаймен ұқсатады. Нәтижесінде бірнеше жылдан соң Медведевті қызметінен босатқанын, бірақ Қазақстандағы жағдай қалай өрбитіні алдағы күннің еншісінде екенін айтады.
Ал партия Төрағасың бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Бұл шешім ел ішіндегі және сыртындағы барлық тараптарға биліктің тұтастығын және оның сабақтастық саясатына толықтай берік екендігін көрсетеді. Қосарланған билік туралы айтылған барлық негізсіз пікірлер мен орынсыз ұйғарымдарды теріске шығаратын қадам. Елбасының ел үшін және билеуші партия үшін осындай маңызды шешімді Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында қабылдауы үлкен символдық мәнге ие деп білемін»,- деп санайтынын алға тартады.
Саяси шолушы Ғазиз Әбішев Nur Otan-ның төрағасы болу Тоқаевқа қандай өкілеттілік беретінін төмендегіше тәптіштеп түсіндереді.
Ол «Партияның барлық делегаттары жиналатын партия съезі деген ұғым бар. Съездің партияның атын өзгерту, партияны тарату, өзгерту, президенттікке кандидатты бекіту, төрағаны алып тастау және тағайындау секілді ерекше өкілеттіктері бар. Төрағаның өкілеттілігі кең. Партияның қызметін толығымен басқарады» дей келе, Nur Otan мемлекеттік бюрократия екенін, қазіргі таңда Мәжілістегі 107 депутаттың 76-сы, Сенаттағы 34 мандат пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың түгелдейі және әкімдердің барлығы дерлік партия мүшелері екені соның жарқын мысалы болатынын, бұдан партия Төрағасының өкілеттілігі Тоқаевтың ықпалын одан әрі арттырады деп санайтынын айтады. Бұдан өзге ол «Егер Президент Мәжілістен, билеуші партиядан біреуді алып тастағысы келетінін шартты түрде болжайтын болса, Төраға жарлығымен оны мүшелігінен айырады. Оның мандатын алып тастайды және ол қызметкер депутаттықты тоқтатады. Осымен болды. Енді оны талқылауға шығармайды, оны Президент Тоқаевтың өзі шешеді», — дейді.
Дәл осыған ұқсас ойды қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан да айтады. Ол «Теориялық тұрғыдан алғанда Nur Otan партиясы Үкіметті отставкаға кетіру туралы Президент шешіміне тосқауыл болуы әбден мүмкін еді. Осы күнге дейін Үкіметтің Президенттің барлық тапсырмасын бұлжытпай орындай бермейтін «тәуелсіздігін» осымен байланыстыруға болады. Біз Үкіметтің мемлекеттің бұйрықтары мен шешімдерін әрдайым тыңғылықты орындай бермейтінін көріп жүрміз. Мәселен, өз саласын былыққа батырғаны үшін жұмыстан шеттетілген (ҚР Ауыл шаруашылығы министрі қызметінен) Сапархан Омаровты Мамин келесі күні-ақ «Азық түлік келісім-шарт корпорациясына» басшы етіп тағайындады. Мұны қалай түсінуге болады? Енді мұндай құбылыстар болмайтынына сенімдімін. Жуық арада Үкіметтің өзінде және ең ықпалды әкімдер корпусында кадрлық өзгерістер күтіп тұр деп ойлаймын», дей келе Елбасының партия Төрағасын Тоқаевқа тапсыруы дер кезінде әрі дұрыс қабылданған шешім деп санайтынын атап өтеді.
Мемлекеттің қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа партия Төрағасы болу заң жүзінде біраз өкілеттілік береді? Ал оны мемлекет басшысы іс жүзінде пайдалана алады ма? Мұны уақыттың өзі көрсетеді.
С.НҰРАЙ.