ЕЛДІҢ БАЙЛЫҒЫ ЕРІНГЕ ТИМЕЙ ОТЫР көмірі көп Қазақстан халқы көң теріп кетті…
Қазақстан жер байлығы мол, қазыналы ел деп кеуде кереміз. Бірақ сол қазынамызға өзіміздің қол жеткізуіміз қиямет қайымға айналып барады.
Жыл сайын жағдай жақсарады деген үмітті еміп отырған былайғы жұрттың да сабыры сарқылуға таяу қалған сыңайлы. Осы аптада көмірге қол жеткізе алмай, үйін жылыту үшін көң теріп кеткен Қызылорда облысы, Арал ауданындағы халықтың «керек болса пойызды тоқтатамыз, шаршадық» деп ашынғаны соған дәлел.
Қазақстан көмір қоры бойынша әлемдегі көшбасшы он елдің қатарында тұр. Еліміздегі көмір қоры 300 жылға жететіні туралы есеп бар. Соған қарамастан тек аралдықтар үшін емес еліміздің біраз өңірінде қатты отын қат өнімге айналып барады. Ел алдында жүрген азаматтар жағдай ушықпас үшін биліктегілердің назарын осы мәселеге қайта-қайта бұрып жатыр. Мысалы, осы аптада Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров дәл осы мәселе бойынша Үкімет басшысының орынбасары Р. Склярға депутаттық сауал жолдады.
Өз кезегінде Ерлан Саиров мемлекетте көмірдің жетіспеушілігіне негіз жоқ болса да аймақтарда тұрмыстық көмірдің тапшылығынан шиеленісті жағдай қалыптасқанын ашып айтады.
Төменгі палата депутаты қатты отын тұтынушыға жеткенге дейін 10-ға тарта делдалдан өтетінін, салдарынан өндіру орындарынан тоннасы 7800 теңгеден босатылатын өнім өңірлерде 25-30 мың теңге аралығында сатылып жатқанын жеткізді. Бұл қарапайым халықтың қалтасына зор салмақ салып отыр.
Делдалдық құрылымдардың есебінен бағасы үш-төрт есеге шарықтайтын қатты отынның сату нүктелерінде жетіспей отырғанын айтқан депутат мәселенің өткір әлеуметтік маңыздылығын ескеріп, Үкімет нақты қадамдар жасауын ұсынды.
«Уақыт».