ҚАЛАДА ТУУ КӨРСЕТКІШІ ЖОҒАРЫ
Шымкентте туу көрсеткіші жоғары. Жыл басынан бері 29 105 сәби дүниеге келген. Олардың 14 105-і қыз бала болса, 15 000-ы ат ұстар ұл балалар. Ақ халаттылар биыл дүние есігін ашқан егіздердің саны былтырмен салыстырғанда көбірек екенін сүйіншілеп мәлімдейді.
Мәселен, жыл басынан бері үшінші мегаполисте 305 егіз өмірге келген. Бұл өткен жылғыдан 100-ге егізге артық. Мамандар осы жылы сыңарымен туылған сәбилердің көбі қыз балалар екенін айтады.
Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың дәрігері Жанат Үсенбаева егіз немесе үшемді дүниеге әкелетін әйелдердің босануы әдеттегіден ерте басталатынын және сәбилердің салмағы қалыпты жағдайдан жеңіл болып туылатынын атап өтеді. Сондықтан да егіздердің көпшілігі шала туылғандар санатына жатқызылады. Дегенмен де дәрігерлер шала туылғандықтан сәбилерді перзентханадан бірден шығармайды. Туылған күнінен бастап бір ай бойы балалар мен ананың денсаулығын бақылауда ұстайды. Сол уақыт ішінде анасы мен сәбилердің денсаулығына ешқандай кінәрат болмаса, үйге шығуға рұқсат беріледі.
Айта кетейік, жыл басынан бері үшінші мегаполисте бес үшем дүниеге келген.