ӘН ЖҮРЕКТІ ДӘРІГЕР

Созақ ауданына танымал журналист, аудандық газеттің бас редакторы болған Бектаев Тәуекел көкеміздің он бір ұл-қызының екіншісі, ал ұлдарының тұңғышы Әділет ағамыз туралы естелік әңгіменің жазылатын сәті түсті. Бұл әңгімені жазуға фейсбук парақшасында «Теріскей әнінің шығу тарихы туралы» жазған жазбама орай Маржан Қалдыбиева апай мен Мұхтар Бектаев інімнің жазған пікірлері арқау болды. Биылғы жылы жарыққа шығып, халыққа танымал әнге айналған «Теріскей» әнінің тарихына 35 жыл. Осы әннің алғашқы орындаушыларының қатарында Әділет Тәуекелұлы Бектаев ағамыздың да есімі аталады.

 

Әділет Бектаев 1953 жылы Тәуекел көкеміз бен Манат апамыздың отбасында жоғарыда айтқанымыздай он бір ұл-қыздың екіншісі, ұлдардың тұңғышы болып дүниеге келді. 1960 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебіне барады. 1970 жылы аталған мектепті бітіріп, Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Институтты бітіріп келген соң жас маман аудандық санитарлық эпидемиологиялық стансасына дәрігер болып қызметке орналасады. Жұбайы Созақ ауданына танымал, білімді де білікті дәрігер Закида Тастанбекова апайымыз болатын. Марқұм Закида апай өз ісіне берілген, жаман атқа ілікпеген, білімі терең, парасаты биік, адамгершілігі асқақ жан еді. Акушер-гинеколог қызметін адал атқарып, Гиппократ антына кір шалдырмаған ақ желеңді абзал дәрігер болатын. Осы перзентхана бөлімінің меңгерушісі болды. Әділет ағамыз екеуінің шаңырағында үш ұл дүниеге келді. Олар бүгінгі таңда үйлі-жайлы. Үлкені Асхат Алматы қаласында тұрады. Мақсат Шымкент қаласында қызмет атқарады. Кенжесі Асқар үлкен ағасының қасында тұрып жатыр. Әділет ағамыз 1993 жылы қырық жасына толар-толмаста өмірден озды. Закида апай болса ағамыздан кейін он жыл өткізіп, 2003 жылы көлік апатынан көз жұмды. Әділет ағамыз өзі қалаған дәрігерлік мамандығынан бөлек өнерге ынтызар жан болатын. Ол кісінің баритон дауысы шырқалғанда елең етпейтін жан болмайды екен.
— Әділет ағамызды көзіміз көрді. Ақкөңіл, бір артық мінезі жоқ. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын азамат болатын. Әртүрлі мерекелерде, ауданның он совхозының басшылары, аудан активтері бас қосқан жиындарда міндетті түрде көркемөнерпаздар мүшелері шақырылып, екі-үш нөмір ән айтылып, би биленетін. Сонда Әділет ағамыз алдыңғы буын ретінде көп шақырылатын. Көбіне «День победы» әні мен Абайдың әндерінен шырқайтын. 1986 жылы Созақ аудандық мәдениет үйінде жұмыс істедім. Жаз айы болатын. Мәдениет бөлімінің бастығы Тұрлыбек ағайымыз сол мәдениет үйінде жұмыс істейтін қыз-жігіттерді «ауданға Ш.Қалдаяқов келді сол кісіге барамыз» деп алып барды. Ол кезде әкімдіктің қонақ үйі болатын (кейін пионерлер үйі болған ғимарат). Сол жерде Шәмші ағамызды көрдік. Ол кісімен жігіттер бильярд ойнады. Кейін ол кісі жаңадан жазылып жатқан әнін қыздарға үйретпекші болды. Өзі баянмен сүйемелдеп, қосылып айтты. Бірақ ән алғашында онша әсерлі емес сияқты болып көрінді ме, әйтеуір сол әнді қыздар орындамады. Содан кейін арада біраз уақыт өткен соң әнді сол кездегі Калинин совхозы клубының сахнасында өткен мерекелік концертте Әділет Бектаев ағамыз орындағанын көрген едім. Ол кезде аудандық мәдениет сарайы әлі салынып бітпеген. Қателеспесем, клубтың меңгерушісі Нұрболат Шабақов баянмен сүйемелдеді. Мүмкін көпшіліктің есінен шыққан шығар, одан кейін Әділет ағамыз ол әнді қайтып орындаған жоқ болу керек. Себебі ауданда өткен барлық концерттердің басы қасында біз жүретінбіз. Тұрлыбек Жақсыбаев та сол кезде Шәмші ағамыздың өзінен үйренген болатын және осы күнге дейін «Теріскей» әнін нақышына келтіре орындайды, — деп еске алады талантты өнерпаз Әбді Өндірбаев.
Шәмші ағамыз келген кезде де Тұрлыбек Жақсыбаев ағамыз әр салада қызмет істеп жүрген өнерге жақын Әділбек, Ахмет, Әділет, Нұрболат ағаларымызды арнайы шақыртып алып, «Теріскей» әнінің текстін жаттатып, әрқайсысына орындатып шығатын.
Бұл деректерді жазушы Ескермес Жақсымбетов ағамыздың «Теріскейде туған ән» атты деректі шығармасы да қуаттай алады. Жалпы сол кездегі аудан басшылары Шәмші мен Сабырхан ағаларымыз елге келген соң Созақ елі туралы ән шығаруын өтіне отырып, ауданның он совхозын түгел аралатып шығады. Мысалы, Ф.Энгельс атындағы совхозда Есенқұлов Айтбектің үйінде, Созақ совхозында Алпамысов Байғоныстың үйінде, Шу бойында, Жартытөбе ауылында болады. Өйткені барлық совхоздармен таныссын, ел жағдайын, жер жағдайын көрсін, табиғаты мен қасиетті, киелі орындарын, әулие-әмбиелерін зерделесін дейді. «Теріскей» әнін жазу үшін құнды деректерді қосса дұрыс болады» деген жоспар мен жобаны ниет етеді.
Кейін «Теріскей» әні шығып, елге танымал болған соң «Бұл әнді мен шығарттым», «Бұл ән мен болмасам шықпайтын еді», «Менің еңбегім сіңді» дейтін өңшең «мендер» көбейіп кетті. Міне, осындай көңілжықпастықтан тарихқа қиянаттық жасалады. Әрине, жақсы нәрсеге әркімнің де ие болғысы келеді. Бірақ тарихтың тамаша сәттеріне кір түсіріп алмайық. Бір жолы басылым бетінде «Теріскей» әнін жаздырған Асқар Мырзахметовтің әкесі Исабек Мырзахметов екен» деген мәтінде жазылған мақала шыққанда ұялғаным-ай. Құдай-ау, Мырзахметов Исабек совхоз директоры болған жыл қайда? Шәмші ән шығарған жыл қайда? Арасы 15-20 жыл. Бұл да бір жоғарыдағы басшыларға жағымпазданудың бір түрі шығар. Бірақ шындыққа қиянат жасауға болмайды. «Арлының ақиқаты аспанда тұрады» демекші ақиқаттың ауылына аяқты абайлап басқан дұрыс.

Әр тілекте, батада ғаламат бар,
Қазақта мол қабырғалы қазанаттар.
Әділет пен ақ жүректі Закида апай,
Ел есінен кетпейтін азаматтар.

Құрметтейді оларды халқы дара,
Ұмытылмас есімдері халқы барда.
Әділеттер ән бесік тербеткен ер,
Есімі қалып қойған сахнада.

Өр дауысы Созақтың даласындай,
Ән әуезін биіктеткен дара шыңдай.
Қозы менен Баяндай ғұмыр кешкен,
Елі сүйген Теріскейдің данасындай.

Сүрсе де қос дәрігер қысқа ғұмыр,
Адам болып өтті ғой өмірден бұл.
Еңбектерін елеген елі-жұрты,
Ағытуда ағыл-тегіл көңілден жыр.

Ұрпақтары ұлықтап ғұрыптайды,
Ғұрпыменен еске алып ұлықтайды.
Әділет пен Закидасын созақтықтар,
Жылдар жылжып жатса да ұмытпайды,-деген жылы сөз, игі тілектермен аяқтайық. Аяқтай отырып, Әділет ағамыз туралы естелік әңгіме жазуға себепкер болған Бектаев Мұхтар інімізге мың алғыс айтамын. Ол көкесі туралы суреттер мен өмірдерегін әзірлеп уақытында ұсынды. Алла тағала Мұхтар ініміздің ісіне береке берсін, көке-апаларының рухы қолдап, қорғап жүрсін! Мүмкін ұрпақтар сабақтастығы деген осы шығар. Әкесінің ағасы туралы естелік-мақала жазуға мұрындық болып, өнерпаз көкесін еске алып, ұмыт бола бастаған қырларын көпшіліктің назарына жаңғырта ұсынуы азаматтық деп білемін.

Мақсат Қарғабай,
Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі.