«ДЕПУТАТ БОЛҒАН СОҢ КӨП СЫНАЙТЫНДАЙ ЕМЕС, СЫЙЛАЙТЫНДАЙ ЕҢБЕК ЕТУ КЕРЕК»
Ашығын айтып, көптің көкейіндегі сұрақтарға бұқпай, бүкпей жауап беретін азаматтар қашан да қоғамның құрметіне ие болған. Көп арасындағы беделі биік, абыройы асқақ азаматтардың барлығы да қарапайымдылығымен, өткірлігімен өзгеден ерекшеленіп тұрады. Білім мен ақылдың тәжірибеден келетінін де естен шығармаған абзал. Мұның барлығын тектен-текке жазып отырғанымыз жоқ. Бүгінде жас болса да ашықтығымен, елге сіңірген еңбегімен, терең тәжірибесімен өзгеден оза шауып жүргендер бар. Сондай жандарға іздеу салдық. Көптің айтуымен, ел ағаларының ұсынысымен кейіпкерімізге хабарластық. Келісті. Сұхбат берді. Газетіміздің осы санында белгілі кәсіпкер, Түркістан облысы мәслихатының депутаты Давлетяров Нұралы Әбдірахымұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. Оқып, бағасын берерсіз…
— Нұралы Әбдірахымұлы, әуелі сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Оқырман қауым ұзын-сонар есеп пен термин толы баяндамадан шаршады. Өткір сұрақ пен нақты жауап күтеді. Дайынсыз ба?
— Көпті қызықтыратын сауал болса, қандай сұрақ болсын дайынмын. Бұғып, тығып, жасыратын нәрсем жоқ. Ашықпын!
— Тамаша! Ендеше сұраққа көшейік. Мінберден сөйлейтіндердің дені әдетте көптің игілігі турасында жиі айтады. Дегенмен қызмет алып, креслоға жайғасқандардың қылмысы мен күйттеген қамына қатысты ақпаратты жиі оқимыз. Соған қарағанда, жалпақ жұрттың қамын жеке мүддеден артық қоюға асқан жауапкершілік қажет сияқты. Ал сіздің мандатқа ие болуыңыздың артында жеке мүдде жатқан жоқ па?
— Қазақта «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген түсінік бар. Астарына үңілсек, ақыл табатын әдемі нақыл сөз. Иә, қарнын күйттеп, мемлекет қаржысын асағандардың қылмысы ашылып жатыр. Қазір құқық қорғау органдарының құрығынан құтылу қиын. Меніңше, олардың өмірі бұғумен, тығылумен, қашумен, қалыпты тіршілікті аңсаумен өтеді. Көп алдында күле сөйлегенімен, ардың алдында айыпты болады. Көптің қарғысына қалады. Сондықтан ондай қадамға бару – адамгершіліктен аттау деп білемін.
Өзіме келсем, өмірін білім саласына арнаған ұстаздардың отбасында дүниеге келдім. Көз ашып көргенім – ата-анамның ел баласын өз баласындай көріп, әр оқушыға жанашырлық танытатыны. Міне, сол кісілерден көптің ақысы, елдің аманаты, жұрт алдындағы жауапкершілік сынды ұғымдарды мықтап ұқтым. Бертін келе, кәсіпке қадам басып, саланың сан түрлі қырын меңгердім. Әйтсе де көпке барынша қызмет ету мақсатым әркез есімде болатын. Сондықтан мандат алып, көптің мәселесін шешуге ықпал етуді құп көрдім. Міне, енді бір ғана ауданның емес, облыстың мәслихат депутаты болып, көз қырым түскен, құлағыма жеткен мәселелердің шешімін табуға атсалысып жүрмін. Енді депутат болған соң көп сынайтындай емес, сыйлайтындай еңбек ету керек қой.
— Депутаттық мандат сіз үшін таңсық емес. Бұған дейін де халық қалаулысы сынды құрметті атты арқаладыңыз. Не шешілді? Не істедіңіз?
— Иә, 2016 жылы Сарыағаш аудандық мәслихатының VI шақырылым депутаты болып сайландым. 2018 жылы Келес аудандық мәслихатының депутаты атандым. Бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Қоғамдық қабылдауыма келген әрбір тұрғынмен жеке әңгімелесіп, мәселесін шешуге мұрындық болдым деп айта аламын. Мәселен, Абай ауылы, Бірлік, Біртілек ауылдық округтерінің тұрғындары газ, тұрғын үй, атаулы әлеуметтік көмек, мүгедектік қағазын алу, материалдық көмек беру сынды мәселелермен жүгінді. Баршасына заң аясында кеңестер бердік. Арыз-өтініш бойынша тиісті бөлімдерге хат жолдап, шешімін таптық. Енді біріне жеке демеушілік жасап, қажет азық-түлік, өзге де заттармен қол ұшын бердік. Абай ауылында мектепке баратын жолға жарықтандыру қажет болған уақытта мәселені тез арада шешу үшін демеушілік жасап, жеке өзім қаржы бөліп, жарықтандырдым. Жастарға қолдау көрсетуге де айрықша мән беремін. Талабы бар болса, талантын ұштауы керек деп есептеймін. Бір оқиға есіме түсіп отыр. Аудандық мәслихат депутаты болып жүрген уақытта ерекше күтімді қажет ететін бір баланың ата-анасы көмек сұрады. Бала жүре алмаса да суретті жақсы салады екен. Сонымен ол балаға демеушілік жасап, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін байқауға баруына ықпал еттім. Сурет салудан өткен байқауда ол бала жүлде алды. Тіпті, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтап, автомашина сыйлады. Артынша Украинада өтетін халықаралық байқауға қатысуына тағы да қаржы бөліп, демеушілік жасадым. Талантты бала онда да жеңіс тұғырынан көрінді. Міне, солай бір баланың талабын жонып, талантын ашқанбыз.
Бұдан бөлек, өңірдегі абаттандыру, жарықтандыру, жол мәселесіне қатысты да депутаттық сауал жолдап, мәселенің астарын ақтарып, шешілуіне өз үлесімізді қостық. Әрине, тұрғындар көп болғандықтан, мәселе де күн сайын көбейе түседі. Дегенмен халық қалаулысының міндеті — қол қусырып отырмай, қолдан келгенше көмек беру. Асыра айтты демессіз, анығын сол өңірдегі ағайыннан сұраған жөн.
— Кейде белгілі бір қызметтегі азаматтардың кәсібі көптің күдігін тудырып жатады. Мәселен, білім саласында еңбек ететін азаматтың бірнеше дәріханасы, дәрігердің фермалары болуы мүмкін. Тәжірибемен келген дүние дейін десек, көз ашып көргелі қызмет етіп келе жатқаны — мүлде басқа сала. Бәлкім, содан да сенімсіздік туындайтын шығар. Ол енді өзге әңгіме. Менің білгім келіп отырғаны, сіздің кәсібіңіздің меңгерген мамандығыңызға қатысы бар ма?
— Өзгені қайдам, өзімнің жобалау қызметіндегі тәжірибем 10 жылдан асады. Түсініктірек бола түсуі үшін әріден бастайын. 2008 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ды «Инженер-технолог», 2015 жылы Халықтар достығы университетін «Құрылысшы» мамандығы бойынша бітіргенмін. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да магистратураны оқып тәмәмдадым. Қазір Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша білімімді жалғастырып жатырмын. Еңбек жолымды конструктор-жобалаушы болып бастағанмын. Сарыағаш ауданында жер кадастры мемлекеттік мекемесінде де еңбек еттім. 2010 жылдың өзінде Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданында израильдік технология желісімен тамшылатып суару бағдарламасы бойынша жоба түздім. Сарқант ауданында жердің топографиялық түсірілімін жасадым. Әрине, мұндай жұмыстарды айта берсек көп. Бастысы әрбір іс арқылы тәжірибемді толықтыра түстім.
Содан 2012 жылы туған жерге келіп, кәсіпкерлік салаға бет бұрдым. Қазіргі таңда «Қаз Нұр жобалау құрылыс институты» ЖШС-нің директоры қызметіндемін. Мекемеміз жобалау қызметі саласында мемлекеттік және жеке тапсырыстар бойынша жұмыс істейді. Күні бүгінге дейін көптеген нысандардың жобасын дайындадық. Атап айтсам, Арыс қаласының, Аққала, Көкжиде, Шаян ауылдарының бас жоспарын, Қожатоғай, Байтоғай, Ақтас ауылдарының жеңілдетілген жобаларын, Түркістан қаласының егжей-тегжейлі жоспарын, Созақ ауданы, Шолаққорған, Қыземшек, Таукент елді мекендерінің мөлтек аудандарын орналастыру жоспарын, Сарыағаш, Созақ, Ордабасы, Төле би, Сайрам, Бәйдібек аудандарының бірнеше елді мекендеріне жеңілдетілген жобалар, Арыс қаласындағы индустриалды аймақ пен Тараз қаласындағы өндірістік-индустриалдық аймақ жобасын, Шымкент қаласының солтүстік-батыс бөлігінің құрылым жобасын дайындадық.
Бұдан бөлек, азаматтық құрылыс саласында Арыс қаласы, Монтайтас ауылы, Қабылсай елді мекеніндегі 150 орындық мектептің, Сарыағаш ауданындағы Аққорған елді мекеніндегі 600 орындық мектептің, Береке елді мекеніндегі 300 орындық мектептің, Қаратал ауылындағы 200 орындық мектептің, Ақжар ауылындағы 600 орындық мектептің, Шымкент қаласы, Бозарық шағын ауданындағы 1200 орындық мектеп пен 320 орындық балабақшаның, Кентау қаласындағы 280 орындық балабақшаның, Түркістан қаласындағы балалар мен жастар орталығының және өзге де көптеген білім, медицина, мәдениет мекемелерінің жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындадық. Шымкент қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталықтың маңы мен Шымсити шағын ауданы жанындағы тұрғын үйлер – біздің жобамыз. Саябақтар, спорт кешендері, 5, 7, 9 қабатты тұрғын үйлер, әкімшілік орталықтар, мектептер, жолдар, көпірлер, не керек, өңірдегі жобалардың денін жасап келе жатырмыз. Бір ғана дәлел, 2016-2018 жылдары бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында салынған барлық нысандардың 70 пайыздан астамын біздің мекеме жасады. Әрине, бұл біздің мекеме атқарған жұмыстардың жартысына да жуықтамайды. Баршасына өзім басшылық етемін. Енді өзіңіз ойлаңыз, менің тәжірибем болмаса, осыншама іс атқарыла ма?! Тәжірибесіз адам осындай кешенді жұмысты жүзеге асыра алмайды ғой. Сәйкестікпен бір нысан қабылдануы мүмкін. Ал екіншісі мен үшіншісіне келгенде тәжірибесі жоқ адам сүрінеді. Сан түрлі қиындыққа төтеп бере алмайды. Кәсібі құлдырайды. Ал бізде керісінше, мекемеміз дамып келеді…
— Менде мынадай ой туып отыр. Мүмкін, сұхбатты оқитын оқырманның көкейінде де кілкіп тұрған шығар. Ауқымды істі қабілеті барлармен қатар, құрығы ұзын көкелері барлар да істеп жатыр емес пе?! Сіздің өз еңбегіңізбен осы деңгейге жеткеніңізге қалай сенеміз?
— Сұрақ орынды. Құр сөзбен емес, нақты дәлелмен жауап берейін. Мекеме қызметінің жетістігі басшының қабілетіне байланысты. Ал адамның қабілетін салада жеткен жетістігімен өлшеуге болады деп есептеймін. Бұл тұрғыдан келгенде, өзгелерден кеммін деп айта алмаймын. 2014 жылы Швейцарияның Женева қаласында өткен жобада «Құрылысқа қосқан үлесі үшін» премиясының лауреаты атандым. Мәскеу қаласында 2015 жылы «Ең үздік басшы – 2015» номинациясымен марапатталдым. 2018 жылы бүкілресейлік «Күшті Ресей» бағдарламасының ұйымдастыру комитетінің төрағасы Д.Р.Жуковтың «2018 жылдың құрылысшысы» кәсіби премиясының лауреаты атандым.
2014 жылы ҚР Ұлттық бизнес-рейтинг Одағының «Сала көшбасшысы» номинациясын алып, ұйымдастыру комитетінің төрайымы Г.Р.Хабибрахманованың «Сіңірген еңбегі мен жетістіктері үшін» медалімен марапатталдым. 2015 жылы аталған одақтың «Сала көшбасшысы» номинациясына ие болып, ұйымдастыру комитетінің төрайымы Г.Р.Хабибрахманованың «2015 жылдың үздік басқарушысы» сертификатын жеңіп алдым. 2016 жылы Арыс қаласының сол кездегі әкімі М.Қадырбектің «Қаланың әлеуметтік-экономикалық өркендеуі мен көркеюіне ерекше үлес қосқаны үшін» дипломын, Nur Otan партиясы Саяси менеджмент мектебін «Қалалық және аудандық деңгейлердегі мәслихаттардағы партия фракциясының қызметі» тақырыбы бойынша табысты аяқтағаным үшін Саяси менеджмент мектебінің директоры Ж.Боқаеваның арнайы сертификатын иемдендім. Дәл сол жылы Сарыағаш ауданының әкімі Қ.А.Абдуалиевтің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесім үшін «Жылдың ең үздік жобалаушысы» дипломымен марапатталсам, 2017 жылы ҚР Ұлттық бизнес-рейтинг ұйымдастыру комитетінің төрайымы Г.Р.Хабибрахманованың «Жыл көшбасшысы – 2017» номинациясын иемдендім. «Экономика мақтанышы» орденіне лайық деп танылдым. Бұдан бөлек, аудан, облыс басшыларының Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары бар.
Мұның барлығын не үшін айтып отырмын?! Мен салаға келгелі тынбай еңбек етіп келемін. Әрбір жетістіктің артында қажырлы еңбек жатыр. Көкесі барлар көп жетістікке жете ала ма?! Бір Алғыс хат алуы мүмкін. Екіншісін көкесі әперсін делік. Халықаралық премияларда қайтеді?! Сөз жоқ, сүрінеді. Салада қаржы үшін қалт-құлт етіп жүрген жандар халықаралық премия тұрмақ, ҚР Ұлттық бизнес-рейтингінің назарына іліге алмайды. Ал менің жеткенім мен бағындырғанымның өзі бір төбе. Әрі қарай да жұмыс қарқынын күшейтпесек, төмендетпек емеспіз.
— Түсінікті. Міне, осылай ашық айтпасақ, әлдекімдердің ойында теріс пиғыл, бөтен ой ұялауы мүмкін ғой. Енді қазіргі таңда Түркістан облыстық мәслихатының депутаты ретінде атқарып жатқан жұмыстарыңызға тоқталып өтсеңіз.
— Халық қалаулысы ретінде тұрғындармен жиі кездесу өткіземін. Сондай кездесулердің бірінде Келес ауданы мен Өзбекстан шекарасындағы қоқыс полигонына қатысты ауқымды экологиялық мәселенің туындап жатқанын көрдім. Полигон салдарынан шекара маңындағы ауылдарда да экологиялық жағдай күрт нашарлап жатыр еді. Сондықтан мәселені тез арада партия бақылауына алып, Түркістан облысы мәслихатының депутаты ретінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне депутаттық сауал жолдадым. Министрлік жауабында Өзбекстан Республикасына аталған полигон бойынша ақпарат ұсыну туралы хат жолданғаны жазылған еді. Сонымен қатар оның жабық екені де анықталды. Қазіргі уақытта полигонды көшіру мәселесі қарастырылып жатыр екен. Мәселе министрлік бақылауына алынды.
Бұдан біраз уақыт бұрын Nur Otan партиясы Келес аудандық филиалында аудандық мәслихат депутаттары мен фракция мүшелерін өзекті мәселелер бойынша қабылдаған болатынмын. Онда да түйткілді түйіндер көтерілді. Атап айтсақ, фракция мүшелері жобалау-сметалық құжаттамасының мерзімі өтіп бара жатқан мектептер мен инфрақұрылымы толық аяқталған көшелердің құрылысына қаржы бөлуге ықпал етуімді сұрады. Аталған жайттар бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша бекітілген Жол картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға да мониторинг жүргізіп тұрамыз. Себебі халық игілігіне берілетін нысандардың сапасы жоғары болуы керек.
Жас депутат болғандықтан, жастарға көбірек көңіл бөлуге тырысамын. Бұрын Келес аудандық мәслихатының депутаты болған уақытта өңірдің өнерлі жастарын «Жайдарманға» қатыстыруға қаржы бөлсем, қазір шымкенттік жайдарманшылардың халықаралық додаларда ел намысын қорғауына ықпал етудемін. Бүгін ғана сол жігіттерге ақ жол тілеп, шығарып салып келдім. Мектеп оқушыларының республикалық олимпиадаларға қатысуына демеушілік жасап жатырмын. Мақсат біреу – жастардың жан-жақты дамып, елдің атын шығаруына барынша үлес қосу.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласының Ат спорт федерациясының президентімін. Алдағы уақытта ұлттық ат спортын дамыту бағытында да кешенді жұмысты қолға алмақпыз. Атқа мінудің пайдасын медицина әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан кей ауру түрлерін ат спортымен емдеуге де айрықша назар аударудамыз. «Нұраяла» қайырымдылық қорын құрып, көпке көмектесу бағытында да ауқымды іс тындырып жатырмыз. Әрине, бұл жұмыстардың депутаттық мандатыма аса қатысы жоқ. Бастысы, елге, жерге қызмет етуді шын ниеттен қалау ғой.
Одан өзге, атаулы әлеуметтік көмек, материалдық көмек, тұрғын үй, көгілдір отын мәселелерін көтеріп келетін тұрғындар бар. Олардың мәселесі де дер кезінде қолға алынып, шешіліп жатыр. Айта берсек, көтерілген мәселе көп. Алдағы уақытта жағымды жаңалықтар жайын бұқаралық ақпарат құралдарына толықтыра баяндап, жариялаймыз.
— Жақсы, күтеміз. Міне, әңгімеміз де аяқталып қалды. Осы сұхбатты оқитын оқырманға не айтасыз?
— Бүгінде оқырман қауымның талғамы биік, талабы жоғары. Құр сөзбен көптің көңілінен шығу мүмкін емес. Ел ертеңіне бей-жай қарамайтын әрбір азаматтың сынын, пікірін қабылдауға халық қалаулысы ретінде дайынмын. Баршамыздың мүддеміз бір – еліміздің өркендеуі. Осы жолда жұмылған жұдырықтай еңбек ете беруіміз керек. Сонда ғана баянды болашаққа қол жеткіземіз. Міне, азат ел атанып, еншімізді алғанымызға да 30 жыл болып қалды. Бұл – ұлы мереке. Ұлт болып ұйысып, ұлы мақсаттарды бағындыра берейік дегім келеді. Халқымыздың ырысы тасып, ынтымағы арта берсін! Егемен еліміздің ертеңі жолында елеулі істерді еңсере берейік!
— Уақыт бөліп, сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Ашықтықтың айқын үлгісін көрсете алдыңыз ден сенемін! Енді әріптестеріңіз де бүкпесіз, боямасыз сұхбат береді деп ойлаймын!
Сұхбаттасқан,
Құдірет МОМЫНХАН.