ЖАРЫҚТЫҢ ЖИІ СӨНУІНІҢ СЕБЕБІ НЕ?
Соңғы кездері Шымкентте жарық жиі сөніп кетті. Күнделікті өмірдегі көп жағдайды тұралатып қоятын мұндай жағдай қараша айы басталған шақта тіптен жиілеп кетті. Мұны электр желілерінің қатты желге шыдас бере алмауымен байланыстырып жатқандар да болды. Себебі билік бұған дейін жарықтың жалп етіп өше беруіне қатысты осындай түсіндіруді жиі алға тартатын. Бірақ мәселе біз ойлағаннан да күрделі екен.
Осы аптада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов ақпараттық-коммуникациялық орталықта осы мәселеге қатысты баспасөз брифингін өткізді.
Оның сөзінше, қазіргі таңда электр қуатының жетіспеушілігінен қалада шектеу енгізілген. Себебі жылыту маусымы басталған уақыттан бастап қалада электр энергиясын тұтыну көлемі жоғары шекке (375 МВт) жеткен. Ал жаз айларында бұл көрсеткіш 315 МВт болған. Оның үстіне Екібастұз электр станциясында жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты Шымкентке 221 МВт орнына 120, Шардара ГЭС-те су деңгейінің төмендеуінен 50 МВт орнына 8 МВт электр энергиясы ғана беріліп жатқаны жығылғанға жұдырық болып тұр. Осылайша қалаға қажетті электр энергиясының берілмеуінен Шымкентке тәулік бойы сапалы жарық таратуда 60-70 МВт жетіспеушілігі туындап отыр. Осыған орай, қала аумағында 5-20 МВт уақытша шектеулер орын алды.
Биліктегілер бұл мәселені шешудің жолдарын қарастыруда. Осы мақсатта «Оңтүстік ЖарықТранзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жамбыл ГРЭС-імен қосымша 70 МВт электр энергиясын алуға келісімшарт түзіпті. Сол құжаттың негізінде қаланың электр энергиясын тұтыну қажеттілігі толығымен жабылатын көрінеді.
Сонымен қатар ол, өңірдегі электр қуатын таратын мекеме басшыларымен бірге тиісті келісімдер жасалғанын айтты. Соның негізінде 11-қарашадан бастап әлеуметтік нысандар, көпқабатты және жеке тұрғын үйлер электр қуатынан уақытша ажыратылмайтынын, тек апатты жағдайлар болған кезде ғана жарық сөнуі мүмкін екенін ескертті.
Қала әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов жарық қалалық әкімдіктің келісімімен ғана заңды тұлғалар мен өндірістік мекемелерде ғана сөндірілуі мүмкін екенін атап өтті. Бұдан бөлек ол рұқсатсыз электр қуатын пайдаланатындарға да шара көрілетінін жеткізді.