ҚАНДАСТАР ТАРИХИ- МӘДЕНИ ОРЫНДАРҒА САЯХАТ ЖАСАДЫ

«Жусан» операциясы аясында Сириядан Қазақстанға жеткізіліп, Түркістан облысы мен Шымкент қаласына жайғастырылған 60-қа жуық қандасымыз өңірдегі тарихи-мәдени орындарға саяхат жасады.
Бұл шараны Шымкент қаласының Дін істері басқармасының қолдауымен «Сарын» қоғамдық қайырымдылық қоры ұйымдастырды.

Аталмыш іс-шараның мақсаты – террористік аймақтардан оралған азаматтарды қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімдеу және өзінің туған өлкелерінің мәдени орындарымен таныстыру.
Өзге ағымның шырмауына түсіп, қадамдарын қия басқанын кеш түсінген қандастарымыздың ойын сергітіп, жан дүниесіне серпіліс сыйлау үшін саяхат Шымкент қаласы және Түркістан облысы аймағындағы қасиетті орындарды аралаудан басталды. Ең алдымен, қандастар киелі Қазығұрт ауданындағы «Кеме қалған» монументінің тарихымен танысты. Содан соң Шымкент қаласындағы «Цитадель» қалашығын аралады.
Сонымен қатар елге оралған отандастарымызға басқарма тарапынан әзірленген концерттік бағдарламалар әзірленіп, естелік сыйлықтар тарту етілді.
Жалпы Шымкентте тұрғындар мен жастардың жат ағымның жетегінде кетпеуін алдын алу үшін діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, кереғар діни ағымдардың зияндығын түсіндіру, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңын түсіндіру мақсатында арнайы қалалық және аудандық ақпараттық түсіндірмелік топтар құрылған. Олар өскелең ұрпақ пен жергілікті тұрғындар арасында жыл басынан бері 335 кездесу өткізген. Кездесуге барлығы 16 755-тен астам адам қатысқан.
Одан өзге қалада орналасқан 87 мешіттерде және исламдық емес бағыттағы 31 діни бірлестікте құлшылық жасау уақыттарында қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қадағалау мақсатында бейнебақылау камералары орнатылған. Бүгінде жастарды кереғар діни ағымдардың ықпалынан сақтау, жастардың діни иммунитетін көтеру мақсатында Haqjoly.kz діни ақпараттық порталы жұмыс жасауда. Аталған сайт «Зайырлы мемлекет», «Дін және жастар», «Дін және қоғам», «Теріс ағым», «Дәстүрлі дін», «Бейнероликтер», «Жаңалықтар», «Мақалалар» айдарларымен қамтылған. Жыл басынан бастап сайтқа 222 мақала, 438 жаңалық, 108 бейнеролик енгізілген.