ЖҮЙЕНІҢ ҚАТЫСУШЫСЫ БОЛУ ЕМДЕУДІ ЖЕҢІЛДЕТЕДІ

Ағымдағы жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша Шымкентте 882 807 адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылады. Бұл жалпы халықтың 80,8% құрайды. Ал сақтандырылмағандар саны 210 377 тұрғынды немесе жергілікті тұрғынның 18,2% тең.
МӘМС жүйесінің қатысушылары үшін қандай қызметтер қолжетімді. Жүйе бойынша мәртебесі сақтандырылмаған азаматтар медициналық қызметтермен қамтыла ма?
Жалпы елімізде медициналық қызмет үш деңгейлі жүйе бойынша көрсетіледі. Оның алғашқысы – барлығына арналған кепілдендірілген тегін медициналық көмек. Екіншісі – сақтандырылғандар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті. Кейінгісі қосымша қызметтерді алғысы келетіндер үшін ерікті медициналық сақтандыру болып табылады.
Барлығына арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне келесідей қызмет түрлері кіреді. Атап айтқанда, алғашқы медициналық-санитарлық көмек. Бұл ретте азаматтардың МӘМС жүйесінің қатысушысы емес болуына қарамастан, алғашқы медициналық-санитарлық көмек тегін көрсетіледі. Оған нысаналы скринингтер, жүкті әйелдерді бақылау, бір жасқа дейінгі балаларды патронаждау, әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу жатқызылады. Сонымен қатар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі жүйесі бойынша жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары, артериялық гипертония, бронх демікпесі немесе өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, қант диабеті және тағы басқа тыныс алу органдарының аурулары сынды созылмалы аурулары бар халыққа динамикалық бақылау жүргізіледі. Шұғыл араласуды талап ететін барлық ауруларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ем көрсетіледі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тегін қызметтердің кепілдік берілген көлемінен тыс қызмет көрсетудің жоғары стандарттары, қосымша, қымбат, сирек көрсетілетін қызметтер кіреді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне адамның өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған медициналық қызметтер көрсетіледі. Олардың қатарында консультациялық-диагностикалық көмек, дені сау ересектерді профилактикалық тексеру, балаларды мамандандырылған тексеру, 18 жасқа дейінгі балаларға, мүгедектерге, зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға арналған стоматологиялық қызметтер бар. Сонымен қатар қымбат зертханалық қызметтер (гормондар, дәрумендер, онкомаркерлер, антигендер, ПТР, КТ, МРТ және т. б.) көрсетіледі.
Одан өзге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінен тыс аурулар кезінде амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіне кірмейтін аурулар кезінде стационарды алмастыратын көмек, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіне кірмейтін аурулар кезінде жоспарлы стационарлық көмек, ересектер мен балаларға медициналық оңалту профилі бойынша кардиология, кардиохирургия, неврология, нейрохирургия, травматология және ортопедия көмегі көрсетіледі.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінен тыс аурулар бойынша амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жүзеге асырылатын болады. Шымкентте халыққа медициналық көмек көрсетуге үміткер медициналық мекемелер саны ұлғайған. Осы жылы 120 медициналық мекемемен келісім-шарт жасалған. Оның 87-сі жекеменшік ұйымдар. Медициналық мекеме санының артуы олардың арасында шынайы бәсекелестікті туғызады. Ал аталған жүйеде әр тұрғын емдеу мекемесін таңдауға құқылы.
Айта кетейік, «Qoldau 24/7» мобильдік қосымшасы арқылы әр тұрғын сақтандыру бойынша толық ақпарат алуға, денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер мен ұсыныстар қалдыруға, медициналық мекеме немесе медицина қызметкерлері тарапынан болған кемшіліктер туралы арыз-шағым түсіруге болады.
МӘМС бойынша сұрақтарды 1406 нөмірі арқылы қоюға да болады.