Созақ кітаптары Түркістанда
Түркістан облысы мәдениет басқармасы және облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен бастау алған «Рухани керуен Түркістанда» атты акция жобасының келесі көші қойнауынан құт дарыған, шатқалынан шаттығы тасыған қасиетті өлке Созақ ауданынан келді.
Теріскей жері — аспапты адамша сөйлете білген күйшіге де, таңдайына бұлбұл ұялаған әншіге де, жырдан маржан терген ақынға да бай өлке. Ырыс алды ынтымақты қалаған, дархан даланың өркендей өсіп, өркениет тұғырына қонған Созақ ауданынан зиялы қауым, ақын-жыршы өнерпаздармен бірге Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері көшті бастап, әннен шашу шаша келді.
«Теріскей тарту-тарихи Түркістанда» атты мерекелік кешті Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Шардарбекова Жанат Сәдібекқызы және Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Сабыр Дүйсенбекұлы ашып берді. Іс-шараға келген қонақтарды қазақтың қара домбырасымен «Жүзбаевтар» отбасы күймен тербетсе, әрі қарай «Абай аманаты» атты қойылым қойып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Созақ кітабы: Өлке қазынасы» атты кітап акциясына Қазақстан журналистер одағының мүшесі, «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мақсат Қарғабай «Фараб» кітапханасына өзінің 50 кітабын сыйға тартты.
Созақ ауданынан шыққан ақын-жазушылардың кітаптарына түркістандық оқырмандар алдында шолу жасалып, жақынырақ таныстырылды. «Балалар әдебиетінің сырлы әлемі» атты кітап көрмесіне кітапханашылар тарапынан кеңінен шолу жасады. Үлкен сахна төрінде Түркістан қаласы ардагерлер кеңесінің мүшесі Мәрсәлі Кеңес ағамыз және Түркістан қаласы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Балтагүл Оспанова апайымыз Созақ өлкесінің аяулы ақын қызы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Гүлнар Есіркепқызымен өткен «Ақжауын сезім әлемі» атты кездесу кешті ашып берді.
«Созақ үні» ақпарат.