«МАНДАТ ЖАЙЛЫ ЖЕРДЕ ОТЫРЫП МҮЖИТІН МАЙЛЫ ЖІЛІК ЕМЕС, ОНЫҢ ЖҮКТЕР МАҢЫЗДЫ МІНДЕТІ БАР»
Қоғамның көшін кімдердің бастап жүргені қашан да маңызды. Көшбасшының қабілеті, мінезі мен болмысының өзі көп нәрседен хабар беретінін де жақсы білеміз. Сөз – жанның айнасы. Атқарған ауқымды ісі, елге сіңірген ерен еңбегі жоқ азамат көсіліп сөйлей алмайды. Дәлел мен дәйекке келгенде сүрінеді, тайып құлайды. Сондықтан жұрт көзінен тасада жүреді, бұқаралық ақпарат құралдарынан қашады. Осы бір ойдың жетегінде Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Аслан Алимбекке хабарласып, сұхбатқа шақырғанбыз. Келді, сұрақтарымызға жауабын берді. Бірқатар түйткілдер турасында әңгіме өрбітті. Сол сұхбатты талғамы биік оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.
— Әңгімемізді праймеризден бастағанды жөн көріп отырмын. Әуелде бұл ұғымды жалпақ жұрт жақсы түсінген жоқ. Соның салдарынан науқаншылдыққа ұрынғандар да бар. Сан түрлі сайлауалды бағдарламамен көптің күлкісіне қалған азаматтарды да білеміз. Қалай ойлайсыз, праймериз шынымен де партияның белсенділерін анықтап, жұмысын жандандыра түсуге сеп бола алды ма?
— Өзіңіз жақсы білесіз, праймериз АҚШ-тан бастау алған. Яғни партия белсенділерін ашық таңдау деген сөз. Біздің тіліміздегі «іріктеу» деген сөзге мәндес, мағыналас келеді. Бұл партия ішіндегі мықтыларды іріктеумен қатар, өзекті мәселелер төңірегінде өткір сөйлеп, батыл әрекет ететін үзеңгілес азаматтарды партия қатарына тартудың бірден-бір жолы десек те болады.
Праймериз өтті. Қаламыздағы сан түрлі саладан ондаған азамат қатысты. Әрине, мәнін ұқпағандар да болды. Дегенмен мақсат орындалды деп ойлаймын. Өңірге, елге еңбегі сіңген азаматтарды қоғам тани түсті. Белсенді, креативті, озық ойлы жастарды бір ортаға топтастыру мүмкіндігі туды. Жаңа форматта өткен сайлаудың нәтижесін көп көріп отыр деп ойлаймын. Халық қалаулыларының белсенділігі артып, күн сайын тұрғындармен кездесу өткізуде. Қордаланған күрделі мәселелер шешімін тауып та жатыр. Мұндай қызу еңбек пен жемісті жұмыстың бір ұшы праймеризге келіп тіреледі.
— Депутаттың қызметін кейде жасаған қайырымдылық шараларымен ғана бағалап жатады. Асылында халық қалаулысының шешетін мәселесі мен істейтін жұмысы әлдеқайда ауқымды әрі маңыздырақ қой?
— Иә, сөзіңізге қосыламын. Мандаттың міндеті де, мүмкіндігі де әлдеқайда жоғары. Мәслихаттың құзыреті «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңында да арнайы көрсетілген. Атап айтсақ, өңірді дамыту жоспары, экономикалық-әлеуметтік бағдарламаларды, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекітеді. Оның ішінде қаладағы әрбір аудан бойынша жеке-жеке әкімдердің іске асыратын бюджеттік бағдарламаларын бекіту де бар. Сондықтан әрбір тұрақты комиссия отырысы қызу талқылаумен өтеді. Сан түрлі салада атқарылатын жұмыстар жайы сарапталады. Бұдан бөлек, тұрғындармен кездесулер өткізіліп, өңірдегі өткір мәселелер анықталады. Сол бойынша депутаттық сауалдар жолданады. Мен депутат атқаратын қызметтің бір бөлігін ғана айтып отырмын. Ал бұдан өзге міндеттері де өте көп.
— Жыл басынан бері 11 ай өтті. Аз уақыт емес. Күні бүгінге дейін қандай депутаттық сауал жолдадыңыз? Қай мәселенің шешілуіне ықпал еттіңіз?
— Иә, мандатқа ие болғанымызға да жылға жуықтады. Бірқатар депутаттық сауалдар да жолданды. Түгел тізбей-ақ қояйын. Бірнешеуіне тоқталып өтсем де болатын шығар. Өзім кәсіпкер болғандықтан бизнес саласының көптеген түйткілдерін, артықшылықтарын жақсы білемін. Қарап отырсам, депутаттық сауалымның дені осы салаға қатысты жолданған екен. Мәселен, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына шағын және орта бизнесті дамытып, инвестициялар тарту мақсатында көрмелер, семинарлар, конференциялар, кеңестер және форумдар ұйымдастырып, жүзеге асыру үшін қаржы қарастыруға, аталған басқарманың бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік саланы дамытуға қажет қаражат бөлуге қатысты жолдаған депутаттық сауалдарым ішінара қолдау тапты.
Бұдан бөлек, Тұран шағын ауданы 29 орамдағы 5 тұрғын үйдің әкімшілік-іскерлік орталығындағы 21,5 гектар жер теліміндегі 8 тұрғын үйдің құрылысын бастауға, Еңбекші ауданындағы саябақ құрылысын аяқтауға, Ақтас шағын ауданындағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша ұстайтын питомник құрылысының жобалық-сметалық құжаттамысын әзірлеуге қажет қаржы бөлу туралы да депутаттық сауал жолдағанмын. Тұрғындардың арыз-өтініші де қараусыз қалған жоқ. Атап айтсам, Қайтпас-1 шағын ауданы тұрғындарының сұрауы бойынша, Исламқұлов кешесі бойымен қоғамдық көлік жүргізуге, Қаратау ауданы аумағындағы жаңадан бой көтерген көп қабатты тұрғын үйлер мен шалғай елді мекендерге ойын және спорт алаңшаларын салуға, көп қабатты тұрғын үйлердің ауласын жарықтандыруға қатысты да депутаттық сауалдар жолданған. Тұрғындармен кездесуде Асар-2 шағын ауданының азаматтары балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында спортпен шұғылдану үшін спорт алаңшасы мен балалардың ойын алаңшасын салуға ықпал етуімді сұрады. Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ішкі көшелерді жөндеу, аялдама қондыру, жаяу жүргіншілер жолын салу сынды түйткілдерді де көтерді. Ол бойынша да депутаттық сауал жолдадым. Мәселелердің кейбірі шешіліп жатыр. Енді біріне нақты жауаптар алып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргіздім.
Оңтүстіктің тарихи нысандарын тамашалауға келетін туристердің қаламызға табан тірейтіні белгілі. Сондықтан көшелердегі шағын детальдарға да назар аударуымыз керек. Осы мақсатта орталық көшелерге шағын сәулет нысандарын орнатуға қатысты да депутаттық сауал жолдағанмын. Түйткілдер бірте-бірте шешімін тауып жатыр.
— Өзіңіз де білесіз, форум мен семинар жастарсыз өтпейді. Саяси науқанда да белсенділік танытып, көш басында жүретін тағы да жастар. Өз кезегінде, жатақханаға қолы жетпей, табаннан тозатын да, мардымды қаражат таппай, оқумен қатар күзетші мен даяшы болып күнелтетін де солар. Жастардың тілін де, түйткілді түйінін де жастар жақсы біледі. Сізді жас депутат ретінде танимыз. Өзіңізден сұрайыншы, өңірімізде жастардың қандай өзекті мәселесі қолға алынып жатыр?
— «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестің мүшесімін. Алғашқы отырыста жылдық жоспар мен медиа-жоспар бекітілген болатын. Соның негізінде жұмыс істеп келе жатырмыз. Кеңес отырыстарында 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасының «Жастарды қолдау, тұлғалық даму және бос уақытты тиімді өткізу», «Жас отбасыларды қолдау және жастарға қолжетімді баспана», «Жас кәсіпкер», «Бастау бизнес» бағдарламалары бойынша мәселелер қаралып, ұсыныстар айтылуда.
Жекелей тоқталсақ, қазіргі уақытта Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы арасында ынтымақтастық орнату, жастарды жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту бойынша мәселені шешу үшін Жұмыспен қамту орталығының мамандарын Жастар ресурстық орталығына орналастыруын қарау, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін спорт залдарының бағасын азайту, қаладан шалғай орналасқан аудандарға іс-шаралар мен мемлекеттік бағдарламалар бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, жастарға берілетін тұрғын үй бағдарламасының талаптарын өзгертуге, оның ішінде, тұрғылықты мекен-жайды алып тастау, айлық мөлшерін төмендету, берілген үйді ипотекамен сол адамда қалдыруды ұсыну, «Жас отбасыларды қолдау және қолжетімді баспана» бағыты бойынша №58 индикаторда көрсетілген жұмысшы жастарды ынталандыру үшін жыл сайын 900 пәтерден 3 жылда 2700 пәтер берілуін ұйымдастыру, Шымкент қаласы бойынша жастарға берілетін тұрғын үйге байқаушы ретінде «Jas Otan» Жастар қанаты Шымкент қалалық филиалын және Жастар ресурстық орталығын қосу сынды бағыттар бойынша жұмыс істеп келеміз.
2021 жылдың соңына дейін жастарға 900 баспана беру жоспарда болса, оның ішінде күні бүгінге дейін 300-і үлестірілген. Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 5 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар беру бойынша кейбір талаптарға өзгеріс енгізу мен шағын кәсіпкерлік мәселелерін шешуде мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдардың, қоғамдық бірлестіктердің қызметін үйлестіру, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау аясындағы заңнамалар мен басқа да нормативтік құқықтық актілерге мониторинг және талдау жүргізу бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Кеңес мүшелері Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында қаладағы жатақханаларға зерделеу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бағыты бойынша оң нәтижелерге қол жеткіздік. Оның бәрін алдағы уақытта кеңес мүшелерімен бірге толық баяндаймыз.
— «Мектепке жол» акциясы аясында 100 балаға мектепке қажет құрал-саймандар мен оқу сөмкесін әперіп, игі іс арқылы әріптестеріміздің назарына іліктіңіз. Көп алғысын жаудырды. Әйткенмен пиар үшін жасалуы да мүмкін ғой деген күдік ойымызға ұялағанын жасырмаймын. Себебі қазір арзан атаққа құмартушылар көп. Өзіңіз не дейсіз?
— Жалпы қайырымдылық шараларына атақ-абырой үшін қатысатындарды түсінбеймін. Көңіл қалап, шын ниетпен істелмеген соң, оны қайырымдылық деу де қате. Депутаттық қызметті де абырой көретін азаматтар бар. Мандат жайлы жерде отырып мүжитін майлы жілік емес, оның жүктер маңызды міндеті бар. Сондықтан ондай жолмен пиар жасауға жаным қас. Қайырымдылық шараларына келсек, бұған дейін атсалысып келдім. Бұдан кейін де жалғастыра беремін. Мәселен, ораза айт мерекесі қарсаңында әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға азық-түлік себеттерін табыстадық. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Nur Otan партиясының «30 игі іс» жобасы аясында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты және Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі ретінде Төлеметов көшесінің кіреберіс бөлігін жөндеу жұмыстарына толық қолдау көрсеттім. Қаратау ауданына қарасты әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға да арнайы қораптар әзірледік. Бұдан бөлек, партиялық жобалар аясында да ауқымды шаралар атқарылуда.
— Әлеуметтік желіде белсенді емессіз. Бұл тұрғындармен тілдесіп, мәселелерін тыңдауға кедергі болып жатқан жоқ па?
— Әлеуметтік желіге жиі жазбайтыным рас. Бірақ бұл жұмыс істемей жатқанымның дәлелі емес қой. Жоғарыда атқарылып жатқан шаруалар жайын тарқатып айтып өттім. Қоғамдық қабылдауыма жазылған әрбір азаматтың мәселесімен айналысып жатырмын. Бұдан бөлек, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі ретінде Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасына енген нысандарға мониторинг жұмыстарын жүргізіп тұрамын. Әріптестерімізбен бірге партиялық жобалар аясында да ауқымды шараларды қолға алып, жүзеге асырудамыз. Тағы да қайталап айтамын, мандаттың да жауапты міндеті бар. Сондықтан оған жауапкершілікпен қарау керек. Оны ешқашан ұмытпағанмын. Мені іздеген тұрғындар әлеуметтік желідегі парақшада жекеме жазса болады. Болмаса қоғамдық қабылдауым бар. Халық сенім артып, дауыс бергеннен кейін сол сенімнің үдесінен шығуым керек. Осы бағытта еңбектеніп те жатырмыз.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен баршаны құттықтаймын! Еліміздің егемендігі мәңгі болсын. Әрбір отбасының іргесі ырысқа кенеліп, шаңырағы шаттыққа бөлене берсін дегім келеді!
— Уақыт бөліп, сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз! Діттеген мақсатыңызға жетіп, ел артқан сенімнің үдесінен шыға беріңіз!
Сұхбаттасқан,
Құдірет МОМЫНХАН