КЕЙБІР ӘКІМДІКТЕР ҚОРШАҒАН ОРТАНЫҢ ТАЗАЛЫҒЫНА НЕМКЕТТІ ҚАРАЙДЫ
Еліміздегі ең өзекті экологиялық проблема – ауа сапасының нашарлығы. Көптеген кәсіпорындар өткен ғасырда салынғанын ескерсек, олардың өнім өндіру процесі ауа қабатының сапасын сақтау талаптарына сай келмейді. Екінші мәселе – қоқыс. Елімізде қоқыстың көптігі мен оның қайта өңделу көрсеткішінің төмендігі де күн тәртібіндегі мәселе. Сондай-ақ бірқатар өңірлердегі су тапшылығы да басты проблема.
Естеріңізде болса, қыркүйек айында сол кездегі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев (авт. қазіргі Энергетика министрі) отандық теларнаға берген сұхбатында осылай деген еді.
Шынымен де елімізде қоқысты қайта өңдеу өнеркәсібінің өз деңгейінде жолға қойылмай отырғаны жасырын емес. Сонымен қатар жабайы қоқыс алаңдарының азаймай отырғаны да жығылғанға жұдырық болып отыр.
Мәселен, бір ғана Түркістан облысының өзінде биыл космостық түсірілімдер негізінде 347 заңсыз күл-қоқыс орны бар екені белгілі болған. Бей-берекет күл-қоқыс орындарын анықтау жұмыстары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-мен бірлесіп жүргізілген.
Облыста анықталған заңсыз күл-қоқыс орындарының басым көпшілігі Ордабасы ауданына тиесілі. Аталған ауданда 54 жабайы қоқыс алаңы анықталған болса, Сауран ауданында-42, Сарыағаш ауданында-40, Келес ауданында-33, Төлеби ауданында-30, Түлкібас ауданында-23, Қазығұрт ауданында-23, Сайрам ауданында-22, Түркістан қаласында-21, Жетісай ауданында-19, Бәйдібек ауданында-18, Арыс қаласында-11, Кентау қаласында-7, Мақтаарал ауданында-2, Отырар ауданында-2 нүктеден анықталған.
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 350-бабының 7- тармағына сәйкес, арнайы белгіленген орындардан тыс қалдықтарды жинап қоюға тыйым салынады. Осы кодекстің 367-бабының 4-тармағында аудандардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға міндетті екені көрсетілген.
Кодекс талаптарына сәйкес, Түркістан облысы бойынша Экология департаменті облыстағы аудан, қала әкімдіктеріне анықталған бей-берекет қоқыс орындарында тазалау жұмыстарын жүргізу жөнінде қызметтік хат жолдаған. Тиісінше, облыс әкімі тарапынан да тапсырма берілген.
Алайда облыстағы бірқатар аудан, қала әкімдіктері қоршаған ортаға қатысты бұл мәселені реттеуге асықпайтынын уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Мәселен, Кентау қаласы аумағында заңсыз екені анықталған 4 қоқыс алаңын тазалау жұмыстары дер уақытында жүргізілмеген. Бүгінге дейін қала әкімдігі 2 заңсыз қоқыс алаңын ретке келтірсе, қалған 2 нүктені жеке тұлғаға тиесілі екенін желеу етіп, сылбырлық танытуда.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице министрі А.Примкуловтың 21.09.2021 жылғы №04-12/3239-И хаты бойынша «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК АҚ»-ның геопорталындағы деректері бойынша анықталған заңсыз күл-қоқыс орындарына тексеру жүргізуді және олардың жойылғанын растау туралы берілген тапсырмасына сәйкес, космостық түсірілімдер негізінде анықталған бей-берекет қоқыс орындарына бақылау жүргізу мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюповпен бекітілген іс-шара жоспары бекітілді.
Аталған іс-шара жоспарына сәйкес, Түркістан облысы бойынша Экология департаменті мен Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан құрылған жұмысшы тобы 2021 жылдың 05-21 қазан күндері аралығында Түлкібас, Сайрам, Төлеби, Бәйдібек, Сауран, Отырар, Созақ аудандарын және Кентау қаласын аралау жұмыстарын жүргізді.
Тазаланған қоқыс орындарына жұмысшы топ тарапынан жүргізілген зерделеу жұмыстары нәтижесінде, Түлкібас, Бәйдібек, Сауран, Отырар аудандарында «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК АҚ»-ның космостық түсірілімдері негізінде анықталған заңсыз, бей-берекет қоқыс орындары толығымен тазаланғанына көз жеткізілген.
Бірақ Сайрам, Төлеби аудандарында анықталған қоқыс орындарын тазарту жұмыстары толығымен жүргізілмей, ауданға қарасты бірнеше ауылдық округтерде тазалау жұмыстары аяқталмағаны анықталған. Аталған кемшіліктерді жою туралы аудан әкіміне қызметтік хат жолданып, аталған қоқыс орындарын шұғыл жою туралы тапсырма берілген.
Дастан ТОЙМЕТОВ,
Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің бас маманы.