ФУТБОЛ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ
«Болатын елдің баласы бес жасында батырға татырлық іс жасайды» демекші ауылдың кәсіпкер азаматы балаларды қуантып жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, Созақ ауылында заманауи үлгідегі «Бәжібай ата» атындағы жабық футбол алаңы ашылды.
Кіші футболға арнап ашылған алаңды ауыл азаматы, кәсіпкер Нұрлыбек Қонақов өз қаржысына салды. Жасанды алаң мен жабық ғимарат кез-келген мезгілде доп тебуге ыңғайлы. Футбол алаңының ашылуына аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметкерлері мен ауыл азаматтары, спортсүйер қауым қатысты. Ашылу салтанаты аясында аудандық турнир ұйымдастырылып, жарысқа жалпы 20 команда қатысты. Келешекте Қаратау, Қарақұр, Шу бойындағы ауылдардың балалары келіп ойын өткізуге болады.
Сол күнгі ашылу салтанатындағы жарыс жеңімпазы мен жүлдегер командаларға, үздік ойыншыларға демеушілер тарапынан арнайы мақтау қағаздары мен дипломдар тапсырылды.
«Бәжібай ата» атындағы жабық футбол алаңы аудандық жарыстар өтетін орынға айналады деп күтілуде. Кәсіпкер Нұрлыбек бауырымызға елдің алғысы шексіз. Осындай азаматтар көбейе берсе, ауыл спорты дами беретіні анық. Алдағы уақытта Нұрлыбектің өрелі де өнегелі ісі туралы көлемді мақала дайындайтын боламыз.
Мақсат ҚАРҒАБАЙ.