«ИНДИГО 24» ІСІ СОТҚА ЖОЛДАНДЫ
Бұл туралы мәліметті Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жариялады. Былтыр тамыз айынан бастап қозғалған қылмыстық іс бойынша полиция қызметкерлері 25 адамды анықтап, тергеуде ұстады. Бір күдіктіге іздеу жарияланды. Құрықталған күдіктілер Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының тұрғындары болған. Олардан компьютерлік техника, жылжымалы және жылжымайтын мүліктер тәркіленген.
Тергеу кезінде бұл азаматтардың 2018 жылдың ақпаны мен 2020 жылдың тамыз айы аралығында салымшыларға кепілді жүз пайыздық пайда беруге уәде етіп, тұрғындардан алаяқтық жолмен 3 млрд теңгеден астам қаражатты иемденгенін анықталған. Күдіктілер алаяқтық жолмен түскен ақшаны өзара бөлісіп отырған. Азаматтардың басым бөлігі қаржы пирамидасына кіру үшін өздерінің үйлерін кепілге қойып, несие алған. Жәбірленушілер саны 2 мыңнан асып жығылады.
«Индиго 24» ісі бойынша жасалған қылмыстың ауқымы ескеріліп, еліміздің Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Түркістан облысы полиция департаментінің базасында еліміздің 5 облысының 30 тергеушісінен құралған тергеу тобы құрылған болатын. Топты Түркістан облысының тәжірибелі тергеушілерінің бірі полиция майоры Алтынай Жолымбекова басқарды. Сонымен бірге тергеуге 7 арнайы прокурор, жедел уәкілдермен бірге сарапшылар және аудармашылар тартылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бір жылдан астам уақыт бойы жалғасты. Осы уақыт ішінде полицейлер мен прокурорлар күдіктілер кінәсінің дәлелдерін жинау бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Сараптаманың 15 түрі тағайындалған. Сотқа дейінгі тергеу барысында тергеушілер қылмыстық топтың ұйымдасқан сипатта болғанын, жоспарланған түрде әрекет еткенін және әр қатысушының рөлдері нақты бөлінгенін дәлелдей алды. Нәтижесінде полицейлер мен прокурорлар айыптау актісімен көптомдық қылмыстық істі сотқа жолдады.