ЕГІНШІЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІ ЕШ ЕМЕС

Биыл мақтааралдық диқандар 35,8 мың гектарға мақта дақылын еккен. Бүгінге дейін егіс алқабынан 91 271 тонна ақ алтын өнімі алынып, орташа өнімділік 26 центнерді құрап отыр.

Аудан әкімі Бақыт Асановтың мақта терім комбайндарының көптеп келуінің арқасында жиын-терім жұмыстарының 82,2% — машина көмегімен, 17,8% — қол күшімен жиналғанын хабарлады.
Биыл аудан бойынша 60,9 мың гектар жерге егістік егілген. Оның жартысынан астамы мақта алқабын құраса, қалған аумағына өзге де өнім түрлері егілген. Атап айтқанда 16 416 гектар жерге бақша дақылы егіліп, 409 267 тонна өнім алынды. Сонымен қатар, бұл жылы аудан диқандары 2 772 гектар жерге күріш дақылын егіп, қазірдің өзінде 16 539 тонна өнім жинап үлгерген. Бұдан бөлек, 500 гектарға көкөніс дақылы егіліп, қырыққабат пен қызылшадан 20 048 тонна өнім терілген.
Егістік жерлердің құнарлығын арттыру үшін аудандағы 40 мың гектар жер ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру бағдарламасына енген. Бағдарлама аясында 220 канал, 208 су қашыртқылары ретке келтіріліп, 149 тік дренажды ұңғымаларды жөндеу қолға алынған.