300-ДЕН АСА ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Бүгінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Түркістан облысында 302 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен жалпы 16,1 млрд. теңге бөлінген.
Бөлінген қаржы есебінен күнгейде 8 мектептің қосымша құрылысына және 8 мектепті күрделі жөндеуге, 1 дәрігерлік амбулаторияның құрылысына және 4 денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуге тиісті қаржы бағытталған. Сонымен бірге бөлінген қаржы есебінен 2 спорт, 2 мәдениет, 10 табиғи газбен қамтамасыз ету нысанының құрылысын жүргізу қолға алынған. Ауылдағы елді мекендерді сапалы электр қуатымен жабдықтау үшін 14 нысанда құрылыс жұмыстары жүруде. Одан өзге 253 ішкі көшені орташа жөндеу мен тағы басқа жобалар іске асуда.
Облыс бойынша жол инфрақұрылымына бөлінген қаржылардың 30%-ға жуығы «Ауыл – Ел бесігі» жобасына тиесілі. Осы жылы Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 280 нысанды пайдалануға тапсыру жоспарланса, 22 нысан 2022 жылға өтпелі. Бүгінде 182 нысанда құрылыс жұмыстары аяқталды. Қалған нысандар кестеге сәйкес жыл соңына дейін тапсырылады.
Жуырда еліміздің Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары кезінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасының жүзеге асырылу барысын қадағалау мақсатында бірнеше аудандардағы елді мекендерде болды.
Ведомства басшысы Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен, Темірландағы Қазыбек би көшесінің орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Содан соң Бәйдібек ауданы, Шалдар ауылындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан аурухананың күрделі жөндеу жұмысын көрді. Жұмыс сапары аясында Қазығұрт ауданы, Талдыбұлақ ауылындағы газ құбырын жүргізу жобаларын саралап, Жаңабазар ауылындағы Елшібек батыр мектеп-лицейіндегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Елді мекендерді аралау барысында Ерұлан Жамаубаев мемлекет қаржысының әрбір тиыны мақсатты әрі тиімді жұмсалуы керектігін, нысандардың сапалы болуы қажеттігін айтты. Жергілікті жердегі сала басшыларына «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында мемлекет тарапынан қолға алынған әрбір жұмысты тұрғындар сезінуі керек екенін жеткізді.