«ШАҢЫРАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН ШАТТЫҚҚА БӨЛЕНДІ
Шымкентте «Шаңырақ» бағдарламасымен 224 отбасы пәтерлі болды. Қоныстой иелеріне «Тұран» шағынауданында бой көтерген тұрғын үйлердегі пәтерлер табысталды. Салтанатты жағдайда тұрғындарға пәтер кілтін тапсыру рәсіміне қала әкімнің орынбасары Ерғали Білісбеков қатысты. Баспаналы болған азаматтарды құттықтаған Ерғали Білісбеков:
–Шымкентте бүгінде 46 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тіркеулі. Азаматтарды баспанамен қамту мақсатында тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Бүгін міне сіздердің қуаныштарыңызға куә болып отырмыз. Баршаңызды қоныс тойларыңызбен құттықтап, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін,-деді.
Баспаналы болған 224 отбасының 184-і қала әкімдігі тарапынан баспанаға мұқтаж азаматтарға қолдау ретінде берілген 1 миллион теңге тұрғын үй сертификатына қол жеткізген.
Айта кетейік, «Тұран» шағынауданында үлестіріліп жатқан 27 тұрғын үйдің 1 728 пәтеріне өтінімдер биыл «Отбасы банк» арқылы «Шаңырақ» бағытымен қабылданған болатын. Пәтерлер кезең-кезеңімен үлестіріледі.
Бағдарламаның талаптарына сәйкес, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар отбасының ортақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,7 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда қатыса алады. 2021 жылға бұл табыс 126 917,4 теңгені құрады.
Жылдық мөлшері 5 пайыздан аспайтын, алғашқы жарна 10 пайызбен, 20 жылға жаңа тұрғын үйлерді сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Егер азаматтардың ай сайынғы табыс көзі жетпей жатқан жағдайда, туысы немесе жақыны кепіл бола алады.