ҮШ МЫҢҒА ЖУЫҚ ОТБАСЫ БАСПАНАМЕН ҚАМТЫЛҒАН

Шымкентте жыл басынан бері түрлі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында 3 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылған.

Бұл деректі қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы А.Рысжанов қала әкіміне осы жылдың 9 айында атқарған жұмысы туралы баяндамасында келтірді.
Атап айтанда, жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тұрған 682 отбасы арендалық пәтермен қамтылған. Бұл бағытта жыл соңына дейін тағы 294 отбасыға баспана беріледі.
Бұдан бөлек, «Отбасы банкі» арқылы «5-20-25» бағыты бойынша кредиттік тұрғын үймен 730 азамат қамтылған. Оның ішінде 261 азамат – тұрғын үй кезегіне тіркелгендер.
Ал «7-20-25» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласындағы екінші деңгейлі банктер арқылы жыл басынан бері 1362 азамат алғашқы тұрғын үйді нарықтан несие рәсімдеп сатып алған. Жыл соңына дейін кредиттік тұрғын үймен 4 413 отбасыны қамту жоспарлануда.
Бұдан бөлек, «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 158 отбасы несие негізінде тұрғын жаймен қамтылып, оның ішінде 73 отбасыға алғашқы жарнасының бір бөлігін жабуға тұрғын үй сертификаты берілді. Бұл жұмыстар жалғасын табуда.
Кредиттік тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру және табысы жетпейтін азаматтарды ынталандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен ағымдағы жылға 500 млн теңгеге тұрғын үй сертификаттарын әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде беру қарастырылған. Бұл қызмет бойынша 902 өтінім қабылданса, оның ішінде 311 өтінім – 274 млн теңгеге мақұлданған.