ҚАЗАҚСТАН АУҒАНСТАНМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТУҒА ДАЙЫН

Ауғанстандағы сапырылыс әлі басылмай тұр. Осы аптаның алғашқы күнінде «Талибан» ұйымының ресми өкілі Забибулла Муджахит Ауғанстандағы Панджшер аумағы түгелдей тәліптер бақылауына өткенін хабарлады. Панджшер тәліптер билігін мойындамаған Ауғанстандағы жалғыз аумақ болатын. Алайда Панджшер провинциясындағы қарсы тарап тәліптердің бұл сөзін жоққа шығарып, өліспей беріспейтіндерін айтуда. Қазіргі таңда екі тарапта қарулы қақтығыс пен ақпараттық соғыс қатар жүріп жатқанын ескерсек, «Талибанның» Панджшер қолымызға өтті деген сөзі шындықтың ауылынан алыс екенін бағамдауға болады.

Соған қарамастан тәліптер 8-қыркүйекте Ауғанстанның жаңадан құрылған Үкіметінің құрамын жариялады. Енді Қазақстанда террористік ұйым деп танылған «Талибанның» лидері, бұрынғы бас судья және әсіредіншіл молла Хибатулла Ахунзада Ауғанстандағы жоғары басшы болып тағайындалды. Ал «Талибанның» негізін қалағандардың бірі молла Мұхаммад Хасан Ахунд күнделікті істерді бақылайтын үкімет жетекшісі атанды. Ахунзаданың үш орынбасарының бірі, «Талибанды» құруға атсалысқан молла Абдул Ғани Барадар премьер-министрдің бірінші орынбасары, «Талибанның» жоғары шенді қайраткері, Мавлави Ханафи үкімет жетекшісінің екінші орынбасары болды. «Талибанның» рухани көсемі болған (марқұм) молла Мұхаммад Омардың ұлы молла Мұхаммад Якуб қорғаныс министрі, «Хаккани желісінің» лидері Сиражуддин Хаккани ішкі істер министрі қызметін атқарады. Ал Ауғанстанның сыртқы елдермен байланысын реттейтін сыртқы істер министрінің орынбасары болып Шер Мұхаммад Аббас Станекзай болды. Ол тәліптердің саяси лидерлерінің бірі, бас дипломатиялық өкіл болып жұмыс істеген.
Тәліптер елде тұрақтылық болады деп мәлімдегенмен, өз заңдылықтарын орнатып әлек. Мәселен, тәліптер әйел адамдар оқу орныдарына тек ниқабпен келуді міндеттеп отыр. Әлем қауымдастығына біз өзгереміз деп айтып келгенмен, олар шариғат ережелерін енгізуден шаршамай келеді. Таяуда ғана «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) басшысының мәдениет жөніндегі орынбасары Ахмадулла Васик SBS News -ке берген сұхбатында әйелдерге, оның ішінде ұлттық құрама мүшелеріне Ауғанстанда спортпен айналысуға тыйым салынатынын айтып қалды. Ол бұл тыйымды егер әйелдер спортқа қабылданса, олардың беті мен денесі бақылаушылардың алдында болатынын, Ислам мен Ислам Әмірлігі бұған жол бермейді деп түсіндіреді.
Ал астаң-кестеңі шыққан Ауғанстаннан туған отаны Қазақстанға қайтуға қолы жете алмай отырған ондағы этникалық қазақтар мәселесі әлі біржақты шешілген жоқ. Олардың қандас дәрежесін алу алмауы да белгісіз. Дегенмен де мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев «Ауғанстандағы шиеленіскен мәселелерді реттеу үшін Қазақстан шетелдік серіктестерімен тізе қосып жұмыс істеп келеді. Біз, ең алдымен, сол жердегі отандастарымызды ұйымдасқан түрде эвакуациялауды қамтамасыз еттік. Енді, біз Ауғанстандағы қазақ диаспорасының мүшелерін, яғни қандастарымызды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз», — деп мәлімдеді. Сонымен қатар Президент зорлық-зомбылықтың, заңсыз есірткі айналымының және Ауғанстаннан тыс жерлерге бақылаусыз көшіп кетудің алдын алу мақсатында Қазақстан Ауғанстанмен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін айтты.

А.САТЫБАЛДЫ.