АУҒАНСТАНДАҒЫ АХУАЛ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНДАЙ ҚАУІП ТУДЫРУЫ МҮМКІН?

Ауғанстандағы жағдай күн сайын ушығып барады. «Талибан» ұйымы билікке келген 15-тамыздан бастап 32 миллионнан аса тұрғыны бар Ауғанстан аспаны ашық болмай тұр. Тәліптердің «тәртібіне» қарсы сан мың халық Кабул әуежайына қарай ағылуын тоқтатпай отыр. Олар босқын ретінде елден кетуге әзір. Бірақ британдық және АҚШ әскерлері ол жерден тек Еуропалық Одақ пен АҚШ-тың азаматтарын эвакуациялауда. 

Тәліптер бұған дейін ауғандықтарға елден кетпеуді, олар бұрынғыдай өмір сүретіндерін айтып уәде берген еді. Бірақ тәліптердің мұндай мәлімдемесіне сенген ауғандықтар аз болды. Және ол бекер болмады. Қазірдің өзінде «Талибан» билігі ақылға сыймайтын әрекеттерге барып, адам құқын таптайтын талаптар қоюда. Айталық олар қазірдің өзінде әйелдердің әуезді ән тыңдап, сыртта жалғыз жарым жүруіне қатаң тыйым салуда. Олар төмен етектілердің толық тұмшаланып барып, сыртқа күйеулерімен ғана шығуына рұқсат беруде. Сондай-ақ олар кезінде жаза басып жаңылып, қолын былғап, қылмысқа барған 340 саяси тұтқынды, жазасын өтеп жатқан 40 адамды босатып, Лашкаргах түрмесіндегі 350 тұтқынды абақтыдан үйлеріне жіберген. Бұдан бөлек олар, билік тұғырына кеше келсе де алпауыт ел АҚШ-қа қарай азу көрсетуде. «Талибан» лидерлері егер АҚШ әскерлері айдың соңына дейін елден кетпесе, күш қолданамыз деп сес көрсетуде. Бірақ АҚШ Президенті Джо Байден тәліптердің бұл талабын екі сөзге келмей орындайтын түрі жоқ. Өз кезегінде ол 31-тамызға дейін Ауғанстандағы АҚШ азаматтарының барлығын шығарып үлгермейтіндері мүмкін екенін, тіпті бұл операцияның сәтті аяқталатынына кепілдік бере алмайтынын айтуда.
Жалпы «Талибан» билікке келгелі талап айтып, елді үрейде ұстаудан артық қадамға барып отырған жоқ. Әлі күнге дейін Үкіметін жасақтамаған тәліптер Ауғанстанның екі тізгін, біл шылбырын 12 адамнан құралған кеңес арқылы басқармақшы. Әзірге елді басқарудың механизмі жоспарланғанмен, тәліптер әлеуметтің ахуалын көтеруге қатысты мардымды мәлімет жасап жатқан жоқ. Салдарынан елдегі жағдай күн сайын құлдырап барады. Билікке тәліптер келгеннен бастап елде әлеуметтік маңыздағы азық-түліктердің бағасы аспандап кеткен. Себебі елдегі ұлттық валюта бірден әлсіреген. Ауғанстандағы ахуалға байланысты банктер мен валюта айырбастау мекемелері қызмет көрсетпейтін болған. Осыдан соң жұрттың көбі банкте жиған қаржыларын ала алмай әлек. Өткен аптадан бастап Вестерн Юнион ( Western Union) компаниясы Ауғанстандағы жұмысын тоқтатуына байланысты елде шетелден ақша аудару операциясын жүзеге асыру қолжетімсіз болып отыр.
Болашағы беймәлім Ауғанстанда мекен етуден баз кешіп отырған этникалық қазақтар да жетерлік. Отандық БАҚ арқылы Қазақстан Үкіметінен елге қайтуды сұранып отырған бірнеше қазақа отбасы туралы материалдар үздіксіз беріліп келеді. Осыған орай 24-тамыздан бастап Ауғанстаннан Қазақстанға көшіп келетін қазақтарға көмектесу үшін «Отандастар қоры» Кабулдағы елшілікте арнайы комиссия құрып, азаматтардың құжаттарын рәсімдеуде. Бұған дейін «Отандастар қорының» өкілдері 450 этникалық қазақты анықтап, Сыртқы істер министрлігіне шұғыл ақпарат жолдаған.
Елдегі ахуалды түзеуден бұрын, әйелдердің құқын шектеуге барынша екпін түсіретін «Талибан» ұйымының билікке келуі туралы мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында біздің күштік құрылымдар мейлінше ұтқыр болуға тиіс. Ауғанстандағы жағдайға байланысты қоғамда алаңдаушылық артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді. Алайда белгілі бір дәрежеде қатері бар. Сондықтан біз жағдайды мұқият бақылап, кез келген сын-қатерге лайықты жауап беруге дайын болуымыз керек» деген-тін.
Президент өз сөзінде қандай қауіп қатерді меңзеп отырғаны туралы сарапшылар түрлі пікір білдіреді. Мысалы, тәуелсіз саясаттанушы Расул Арин тәліптер Ауғанстанды азық-түлікпен қамтамасыз ету, су мәселесін реттеу бойынша мемлекеттік жүйені қалпына келтірмесе ел іштен іріп, іргесі сөгілетінін, салдарынан сырттан ИГИЛ (Қазақстанда тыйым салынған) секілді өзге лаңкестік және экстремистік күштердің келу қаупі туындауы мүмкін екенін айтады. Сонымен қатар ол, Ауғанстанда басқару механизмінде баяндылық болмаса жұт жайлап, жүз мыңдаған адам босқын ретінде көршіліс елдерге қарай ағылуы мүмкін деп болжайды. Расул Арин босқындарға пана беру Еуропа елдеріне ауыр бола қойғанмен, Еуропадан әлеуеті төмен Орталық Азияға оңайға соқпасы анық екенін айтады.
Тағы бір саясаттанушы Қазбек Майгелдинов «Қазақстанның Ауғанстанмен ортақ шекарасы жоқ. Дегенмен, Түркіменстан мен Ауғанстан шекаралары осал шекаралардың бірі боп саналады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Тәжікстанда Ресейдің арнайы әскери базасы орналасқан. Өзбекстан мен Ауғанстанға келер болсақ, қазір Ш.Мирзеевтің келуімен соңғы 5-6 жылда ауған келіссөздеріне Өзбекстан тікелей араласып, өзінің қандай да бір тәжірибесін көрсетті. Көбінесе олар экономикалық мүддені көздеп отыр. Әсіресе, Пәкістанға ауған дәлізін қолдану. Сонымен қатар, Өзбекстанның әскери қуаты Ауғанстаннан мықты. Түркіменстанның шекаралық мәселесі қазір алаңдатушылық тудырып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, қазір ел Үкіметіне, ел басшылығына ортақ мүдде мәлімдемесіне келу керек. Қауіпсіздік мәселесіне келгенде, Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары ортақ бір қағиданы ұстануға тиіс»,-дейді «Азаттық рухына» берген мәлімдемесінде.
Сәрсенбіден бастап тәліптер Кабулдағы әуежайды да өз бақылауына алды. Осыған сәйкес олар әуежайдан бірнеше шақырым жерден бақылау-өткізу орнатып, одан тек НАТО мүшелері мен батыс елдерінен шақырту алған және визасы бар ауғандықтарды ғана өткізуде. Бұл көңілі күпті ауған халқын одан сайын үрейлендіріп отыр. Өне бойы үрейге толы халық тәліптерден қайырым не қаталдық көретіні алдағы уақыттың еншісінде.

С.НҰРАЙ.