100-ГЕ ЖУЫҚ КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫҒА МЕКТЕП ҚҰРАЛДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ
1 қыркүйек Білім күніне орай Оқушылар Сарайында «Мейірімділік» акциясы ұйымдастырылды. Шараның негізі мақсаты – көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларға қолдау білдіру және білімге деген құштарлықтарын ояту.
Акция аясында Оқушылар сарайының ұжымы мектепке қажетті құрал-саймандар салынған арнайы сөмке дайындаған. Оны қаладағы 100 шақты көпбалалы отбасына табыстады.
Шараға арнайы қатысқан Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев сөз алып, балаларды көптен күткен мерекемен құттықтады. Сондай-ақ ізгі шараға мұрындық болып отырған Оқушылар сарайының директоры Индира Сарқытқызына алғыс білдірді.
Абайдың он төртінші қара сөзіне жүгінетін болсақ, «Нағыз жүрек ісі рақымдылық, мейірбандылық және әр түрлі істе адам баласының бәрін өзіне тартып, бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді» деп жазғанындай мұндай шаралар көмекпен қатар, бала бойындағы ізгілікті арттыруға да әсер ететіні сөзсіз.