ҰСТАЗДАР БІЛІКТІЛІГІН ҮНЕМІ ШЫҢДАУЫ ҚАЖЕТ
Аптаның сәрсенбісінде Шымкентте қала педагогтарының дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. Қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысқан кеңеске мәслихат депутаттары мен ұлағатты ұстаздар қауымы қатысты.
Жиында сөз алған қала басшысы дәстүрлі форматта өтетін алдағы оқу жылында балалардың денсаулығын сақтауға екпін түсіруді баса айтты. Өз кезегінде ол көкірек көзі ашық, санасына сәуле түсіре білген ұрпақ тәрбиелеу басты стратегиялық міндет болып белгіленгенін атап өтті.
Білім саласына мемлекет тарапынан қамқорлық жыл санап артып отырғанын мәлімдеген қала басшысы, педагогтардан тек білім сапасын арттыру ғана күтілетінін айтты. Сондай-ақ мегаполис басшысы оқушыларымыз білім олимпиадалары мен ұлттық тестілеу көрсеткіштерінен оқ бойы озық тұруы керек деген талабын жеткізді. «Бүгін мектебіне үлес қосқан бала, ертең еліне үлес қосатын болады. Зияткерлік бәсеке орныққан бүгінгідей кезеңде балаларымыз өздерін күнделікті жетілдіруі тиіс»,-деп, ұстаздарды балаларды жан-жақты дамытуға шақырды.
Кеңесте білім сапасы сыналатын қазіргі уақытта ұстаздар да біліктілігін үнемі шыңдау қажеттігі басты талап болып отырғаны сөз етілді. Кәсіби тұрғыда дайындығы мықты педагог қай кезде де жоғары сұраныста болатыны да ескертілді. Мектептің бала тәрбиесіндегі роліне тоқталған қала әкімі, оқушылардың қосымша біліммен, тәрбие шараларымен қамтудың маңызы зор екенін айтты. Бұл бағытта спорттық және шығармашылық үйірмелер жанданып жатқанын, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын атап өтті. Және сынып жетекшілеріне осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды.
Технологиялық мүмкіндіктер тұрмысымызды барынша жеңілдетіп жатқанын атап өткен қала басшысы, интернет кеңістіктің бала тәрбиесіне теріс ықпал ететін факторларын да ескеруді сұрады. Балаларды киберкеңістіктегі нашақорлық бизнесінен барынша қорғап, олардың әлеуметтік желідегі белсенділігін бақылауда ұстауды тапсырды.
Мұрат Дүйсенбекұлы колледждер еңбек нарығына қажетті техникалық мамандар даярлаудың орталығы болуы тиіс екендігін де сөз етті. Бұл бағытта сала жетекшілеріне қала колледждерінде құрылысшы мамандықтар бойынша кадрлар даярлауды тапсырды.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі берілген тапсырмалар қаланың білім сапасын жаңа деңгейге шығарады деген сенімін білдірді.
Дәстүрлі тамыз кеңесінде Nur Otan» партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасындағы білімге берілген басымдықтар туралы баяндама жасады. Партия өкілі аталған сайлауалды бағдарламада жаңа білім ошақтарының салынуы мен ондағы балалардың білім алуына басымдықтар берілгенін алға тарта отырып, «бес жылда 42 мектеп құрылысы жүреді. 24 мектеп, 3 интернат, 1 колледж және 13 балабақша күрделі жөндеуден өтеді. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында жоғары және бірінші санатты мұғалімдер үлесін 30%-ға дейін жеткізу үшін жұмыстар жүргізіледі. Мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 15 075 дана компьютер, 18 000 дана парта сатып алу жоспарланып, жүзеге асуда. Бұдан бөлек бағдарламада үш ауысымда білім беретін 19 мектептің мәселесін шешу, кәсіптік білім беру саласында мамандар даярлау, дуальді оқыту моделін енгізу, 17 мектепке спорт алаңдарын салу, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды материалдық көмекпен 100 пайыз қамту және т.б мәселелер қарастырылған»,-деді.
Өз кезегінде Жанар Әлібекқызы бес жылға межеленген бұл жүйелі жоспарлар аясында жарты жылдықтың қорытындысы бойынша Шымкентте 800 орындық 1 мектеп, 350 орындық 5 балабақша салынып, пайдалануға берілгенін атап өтті