900-ГЕ ЖУЫҚ КӨПҚАБАТТЫ ҮЙ АПАТТЫ

олардың барлығы қайта қалпына келтіруге келмейді

Елімізде 860 көпқабатты үй апатты жағдайда. Өкінішке орай олардың барлығы қайта қалпына келтіруге келмейді.

Бұл туралы отандық ақпарат құралдары Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап жазады. Сонымен қатар ведомства 18,5 мың көпқабатты түрғын үй күрделі жөндеу жұмыстарына сұранып тұрғанын алға тартады.
Қазіргі таңда Қазақстанда қолданыстағы көпқабаты үйлердің үштен бірі 1970 жылға дейін салынғандар. Ал қалған бөлігі дәлірегі, 65 % немесе 54,5 мыңы 25 жыл бұрын пайдалануға берілген. Айта кетейік, статистикалық деректерге сүйенсек Қазақстандағы тұрғын үй қоры 373 млн шаршы метр немесе 5,4 млн. баспананы құрайды. Оның ішінде қалалық жердегі тұрғын үй қоры 238,8 млн. шаршы метр немесе 3,6 млн. баспана болса, ауылдық елді мекендердегі тұрғын үй қоры — 134,5 млн шаршы метр немесе 1,8 млн баспананы құрайды. Апатты үй мәселесі Қазақстанның барлық өңірлеріне қатысты. Мәселен, Шымкентте апатты үйлер саны 107-ге жетеді. Бұл қаладағы барлық көпқабатты үйлердің 4 пайызына тең.

А.САТЫБАЛДЫ.