ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАР ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНАН КӨРІНДІ

Мектеп оқушылары арасында өткен республикалық «Ұлттық мектеп лигасының» жалпы қорытындысы бойынша Шымкент қаласы жүлделі 2-орынды жеңіп алды. Үшінші мегаполистің намысын қорғаған талапты 360 оқушы республикалық лигада спорттың 10 түрі бойынша сайысқа түскен еді. Нәтижесінде олар 10 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль иемденді. 4 кезеңнен тұрған жарыстың ақтық мәресіне 360 шымкенттік оқушы қатысқан.

Жарыстың мақсаты – мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану, спортты серік ететін өскелең ұрпақ санын өсіру, салауатты өмір салтын насихаттау, бұхаралық спортты дамыту, спорт түрлері бойынша үздік мектеп командаларын анықтау болып табылады.
Еске сала кетсек, Шымкент қаласында мектеп оқушылары арасында спорттың 10 түрінен (баскетбол, волейбол, гандбол, футзал, футбол, тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық, үстел теннисі, президенттік сынама) жас ерекшеліктері бойынша «Ұлттық мектеп лигасының» қалалық кезеңі ақпан-сәуір айларында өткізілген болатын.