ҚЫЗЫЛ, ЖАСЫЛ, САРЫ ЖӘНЕ «ҚОЮ ҚЫЗЫЛ»

індеттің таралуын бағалау матрицасы тағы бір түске көбейді

Осы дүйсенбіден бастап елімізде коронавирустың таралу матрицасы бойынша қызыл, сары, жасылдан бөлек тағы қою қызыл түс пайда болды. Қазақстанның бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов қол қойған жаңа қаулыда осылай делінген.
Құжатта инфекциялық төсек-орындардың толу көрсеткіші 70 пайыздан жоғары немесе төсек-орындардың толымдылығы 100 мың тұрғынға шаққанда 200-ден жоғары болған аймақ қою қызыл аймаққа кіретіні көрсетілген. Сонымен қатар құжатта эпидахуалы қою қызыл түске боялған өңірлерде демалыс күндері Ashyq-қа қатысатындарды қоса алғанда, меншік нысанына қарамастан, барлық кәсіпорын мен ұйымдардың қызметі тоқтатылатыны көрсетілген. Сондай-ақ, банкет залдарының жұмысына, облысаралық және қалалық тұрақты емес тасымалға (туристік), ашық ауадағы марафондарға, көрермендер шақырылған спорттық шараларға, букмекер кеңселердің қызметіне тыйым салынады. Тек әкімдіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары, БАҚ, азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдары жабылмайды.
Аптаның сәрсенбісінде еліміздің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Шымкент, Алматы қалалары мен Атырау, Қарағанды облыстары «қою қызыл» аймаққа өткенін хабарлады. Елімізде жасыл түсте тұрған өңір әзірге жоқ. Сары түсте Түркістан облысы тұр. Қалған өңірлердің барлығы қызыл аймақта тұр.

С.НҰРАЙ.