ДЕРТ АСҚЫНБАС ҮШІН ӨЗ БЕТІНШЕ ДӘРІ ІШПЕУ КЕРЕК

Осы аптада Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қаладағы бірқатар емханалардың бас дәрігерлері баспасөз брифингін өткізді. Брифинге спикер ретінде №1 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері М.Бейсеуов, №5 қалалық емхананың бас дәрігері Жібек Сейдалина, №6 қалалық емхананың бас дәрігері А.Қылышбаева және Шымкент Темір жол ауруханасының бас дәрігері Ж.Агишановалар қатысты. Олар коронавирус індетіне қатысты күн тәртібінде тұрған бірнеше мәселе бойынша мәлімдеме жасады.

Қазіргі таңда коронавирусқа шалдығудан емес, дәрігерлердің бақылауында болып, ауруханаға жатудан қорқататындар көбейген. Індетке шалдыққанына қарамастан, өз бетінше ем алуды хош көріп, ауруын асқындырып алатындардың күйі соның жарқын мысалы.
Басы ауырып, балтыры сыздаған бірқатар пациенттер ақылы емханаларға барып ем-дом алады. Немесе дәріханадағы емделу бөлмелеріне барып өз бетінше емделеді. Осы ретте науқастар барынша ұқыптылық танытып, өзінің және айналасындағылардың денсаулығына жауапкершілікпен қарап коронавирусқа ПТР сынама алуы керек. Егер талдау нәтижесі оң болса оқшауланып, карантин режимін қатаң сақтауы керек.
Осылай деген №5 қалалық емхананың бас дәрігері Жібек Сейдалина індетке шалдыққан кез келген науқас клиникалық хаттамаға сәйкес мобильді топ дәрігері немесе емдеуші дәрігер тағайындаған емді алуы қажеттігін түсіндірді.
Бұл ретте оқырман қауым үшін мобильді топ дәрігерлері деген ұғым таңсық болуы мүмкін. Пандемия жағдайында мобильді топтың рөлі қандай? Оның міндетіне не кіреді? Бұл туралы қалалық емхананың бас дәрігері М. Бейсеуов: «Мобильді топтардың қызметіне ЖРВИ белгілері бар пациенттерді бақылауға алуды, коронавирусқа күдікті пациенттерден ПТР сынама алуды, індетке шалдыққандармен жақын байланыста болғандарды анықтауды, сондай-ақ үй ауруханаларында медициналық процедураларды жүргізуді, симптоматикалық нысандағы COVID оң нәтижелі науқастарға амбулаторлық деңгейде қызмет көрсету қызметтері кіреді. Барлық мобильді топ қажетті заттармен тізім бойынша жабдықталған. Қажет болған жағдайда мобильді топ дәрігерлері науқастарды амбулаторлық деңгейде емдеуге немесе жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызуға шешім қабылдайды. Бүгінде мобильді топтарда күнделікті жұмыс жүктемесі артып келеді. Мысалы бір мобильді топ күніне орта есеппен 20 шақыртуға барады»,-деді.
Осы ретте соңғы мәліметтерді де келтіре кетсек. Демалыс күндеріне қарамастан мобильді топ дәрігерлері 3 000-ға жуық тексерілуге мұқтаж болған науқастарға барып, үйде емделуді тағайындаған. Сондай-ақ, ковидке күдікті және олармен байланыста болған адамдар шамамен 1 500 болды. Олардан үйде ПТР сынамасы алынды.
Бұдан бөлек жиында амбулаторлық деңгейде ем қабылдап жатқандардың көпшілігі аурудың симптоматикалық түріне шалдығып жатқаны айтылды. Қаладағы №6 емхананың бас дәрігері А.Қылышбаеваның келтірген дерегіне сүйенсек, бүгінде амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жатқан 3 424 науқастың 2554-і симптоматикалық, қалғандары ковид инфекциясының асимптоматикалық түрі бойынша дәрігерлер бақылауына алынған.
Дерт дендемес үшін өз бетінше дәрі ішпеу керек.
Осылай деген Шымкент Темір жол ауруханасының бас дәрігері Ж.Агишанова індет белгілері анықталған жағдайда антибиотикті қолданбауға, тек дәрігер жазып берген тағайындаулар бойынша препараттар қолдануға кеңес берді.