ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ ӨНДІРІС ОРНЫНА ЖҮЗ ПАЙЫЗ ТОЛДЫ

Шымкентте «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды аймағы өндіріс орындарына жүз пайыз толды. Ендігі кезекті қала эконмикасының әлеуетін барынша арттыру мақсатында тағы төрт индустриалды аймақ ашу жоспарланып отыр.

Президенттің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.
Оның біріншісі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы болып табылады. Қазір ол жерге инженерлік инфрақұрылым жүйелері салынуда. Мұнда шамамен құны 200 млрд. теңге болатын 60 ірі заманауи кәсіпорындар ашылады деп күтілуде. Инвесторлар тарапынан қызығушылық жоғары. Бүгіннің өзінде 100 млрд. теңгеге 25 инвестициялық жобалардың пулы жасақталған. Келісімдерге сәйкес биыл 10 жобаның құрылысы басталады.
Екіншісі ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы. Мұнда құны 23 млрд.теңгені құрайтын 1 810 жұмыс орнымен 21 жоба іске асады. Үшіншісі 136 гектарды алатын заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешені аймағы. Мұнда 30 млрд.теңгеге 2 мың жұмыс орнымен 20 жоба іске асатын болады.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында шағын және орта бизнестің жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға көбейтуді тапсырған болатын. Қала әкімі осы мақсатта Шымкент қаласында төртінші «Стандарт» жеке индустриалды аймағы ашылатынын жеткізді. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырландырылады. Заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылады. Аймақта 180 млрд. теңгені құрайтын 30 жоба іске асып, 4,5 мың адам жұмыспен қамтылады.