ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН ОРТАЛЫҚТАРДА ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙДІ
Коронавирус індетінің белең алуын алдын алу үшін Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен оған қарасты барлық 10 коммуналдық мемлекеттік мекемеде «Ашық» мобильді қосымшасы орнатылды. Енді аталған мекемелерге келген кез келген азамат нысанға «Ашық» қосымшасымен тексерілу арқылы кіре алатын болады. Бұл ең алдымен сол мекемедегі қызмет алушылардың қауіпсіздігі үшін қолға алынып отыр.
Бұдан бөлек КВИ инфекциясының таралуын болдырмау үшін әлеуметтік мекемелер бетперде, антисептик сынды барлық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген.
Жуырда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшылығы карантин режиміне сәйкес бағынысты мекемелердегі санитарлық талаптардың қадағалануы мен қосымшаның қолданылуын бақылады.
Басқармаға қарасты мекемелер мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті қарттарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Сонымен қатар аталған басқарма халықты жұмыспен қамту, ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қолдау, азаматтық құқықтық актілерін тіркеу мен көші-қон мәселесі және оралмандармен жұмыс жасайды. Халық көп шоғырланатын мекемелер болғандықтан пандемияға байланысты қауіпсіздік шараларын қадағалау аса маңызды.
Сондай-ақ, жыл басынан бері мүгедектігі бар азаматтардың интернет арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беруін жолға қоятын әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Соған сәйкес, мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беруіне қол жеткізілді. Әлеуметтік портал мен ЭЦК-мен жұмыс жасау үшін мүгедектігі бар азаматтарға басқарма ғимаратында өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған және қызметкерлер әр азаматқа жеке-жеке көмек беруде.
Бұдан бөлек, дәл осы басқармаға қарасты Шымкент қаласындағы №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында жарықпен емдеу тәсілі іске қосылды. Қызмет көрсету сапасын барынша жақсарту мақсатында орталыққа жаңадан сатып алынған «Биоптрон» медициналық құралының көмегімен қызмет алушылар арасында тыныс алу мүшелері мен буын, бұлшық еттердің ауруларын емдеу мүмкін болып отыр.
Орталықтың медициналық аппаратпен қамтамасыз етілуі емдік шараларын жүргізуде үлкен көмегін тигізіп отыр. Мәселен, жарықпен емдеу әдісі қауіпсіз әрі зат алмасу процестерін қалыпқа келтіреді. Жаралардың жазылуын жеделдетіп, иммундық жүйені нығайтады. Микроциркуляцияны жақсартады және ауырсыну қарқындылығын азайтады. Орталықта оған қоса стоматологиялық кабинеттің арнайы құрал-жабдықтары жаңартылып, жоғары сапалы деңгейде тіс ауруларын емдеу жолға қойылып отыр.
Жалпы, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №6 орталық жеке күтім және бақылауды қажет ететін 3 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға 8 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда 135 балаға тәулік бойы тұрақты стационар жағдайында және 95 балаға жартылай стационарда қызмет көрсетілуде.
Медициналық қызмет көрсетуден бөлек, емдік массаж, физиотерапиялық ем, психологиялық көмек, монтессори әдісі қолданылып, қызмет алушы әрбір балаға әлеуметтік-оңалту шаралары жүргізілуде. Мүмкіндігі шектеулі балаларға емдік шараларын көрсету мақсатында орталық жыл соңына дейін қосымша 12 медициналық аппаратпен қамтылатын болады.