Теріскейдің текті перзенті
немесе ізгілікті ісімен із қалдырған азамат
Тарихы ерен, шежіресі терең Теріскейдің алтын қақпасы Жартытөбе, Үштөбе болса, алтын төрі Бақырлы дейді көне көз қариялар. Бұл Қаратаудың қиян қия шеті. Бақырлы қазіргі Қаратау ауылының байырғы атауы. Осы Қаратау ауылы қазақтың жақсылары мен жайсаңдарының кіндік қаны тамған құтты мекені, ырыс қонған ыстық ұясы. Кешегі Социалистік Еңбек Ері Төлепберген Тұяқбаев осы ауылдың тумасы. Қазақ ұлтының төл ғылымына, әдебиетіне, өнеріне үлес қосқан ғалымдар, ақын-жазушылар, елжанды, ұлтжанды азаматтардың алтын ұя, ордалы мекені. Ұасиетті ордалы мекен осы өңірдің тума перзенттерінің қуаныштарын да, қайғыларын да бірге бөлісуден ешқашан танған емес. Кеше ғана ортамызда қол бастаған батырдай, сөз қайырған ақындай кеудесін асқақ ұстап, туған өлкесін жан-тәнімен сүйетін Бауыржан ағамыз келместің кемесіне мініп асығыс мәңгілік мекеніне аттанды. Өмірден өткеніне қырық күннің жүзі тақаған тұста 1981 жылы И. В. Панфилов атындағы орта мектепті бітірген кластастарының естеліктеріне құлақ түрейік:
-Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінінің өндіріс және экономикалық мәселелер жөніндегі проректоры Қалжеков Бауыржан Беркінбайұлы 1964 жылы 10 маусымда Қаратау ауылында өмірге келген. Кешегі батыр Бауыржан генерал И.В.Панфилов дивизиясында қаһармандық танытса, бүгінгі бұл Бауыржан1981 жылы И.В.Панфилов мектебінің тарихында мектепті алтын медалмен бітірген тұңғыш алтын түлек болатын. 1981-1986 жылдары аралығында Алматы қаласындағы Қазақтың ауылшаруашылығы институтының механика факультетінде оқып білім алып, инженер-механик мамандығын иеленіп шығады. Баукең 1986-1988 жылдары созақ ауданындағы жоғарыда айтқан алтын қақпалы Жартытөбе совхозында машина-трактор шеберханасында механик, кейін шеберхана меңгерушісі болып алғаш еңбек жолын бастайды. 1988-1991 жылдары аудандық комсомол комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, екінші хатшы, кейін бірінші хатшы болып аудан жастарының жетекшісіне айналады. 1990-1994 жылдары Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша бітіріп, екінші жоғары білім алды. Досқа адал, ағайынға қамқор, жанашыр ауылымның, Созақтың баласы оқыса, білім алса, елге етене қызмет етсе дегені арманы асқақ азамат еді,-деп еске алады кластас досы Сейілхан Көпбергенов.
-1995-1996 жылдары аудан әкімі орынбасары қызметін бір жарым жылдай атқарады. Ең алғаш рет 1995 жылы аудан әкімінің орынбасары Сәуле Дөненбекқызы екеуі аудан көлеміндегі желтоқсан ардагерлерін түгелдеп, олардың басын қосып аудан әкімінің қабылдауын өткізгені көз алдымда.1996-1997 жылдары аудан әкімінің аппарат басшысы қызметін де абыройлы атқарды. Кадрларды даярлауда, олардың біліктілігін арттыруда жаңа мемлекеттің жаңаша бағытта жұмыс жасауына қал-қадірінше өз қолтаңбасын қалдырды. Аудан әкімінің орынбасары, аппарат басшысы қызметін атқарған жылдары ол отыз жасқа енді толған талапшыл, қызметкерлерге бақылау мен қадағалауды тұрақты назарда ұстайтын, өзінің қызметтік міндетіне зор жауапкершілікпен қарайтын білікті басшы болды. Өзі осы лауазымды қызмет атқарған жылдар ішінде бірде-бір қызметкерді жұмыстан шығарып, біреудің соңына шам алып түсу дегенді білмеді. Қайта әкімдіктегі жас мамандар мен қызметкерлерге қамқор болып, олармен әңгімелесу жүргізу арқылы әрбірінің қателігін түзеп, дұрыс бағыт, пайымды ақыл-кеңесі арқылы қатарға қосып отырды. Ақ көңіл біреуге бір тамшы зияны жоқ ақ пейілді жан еді. Шолаққорғанға келген сайын хабарласып, үйде болып, бала-шағамның бетінен сүйіп әрқайсысының жұмысын, сабағын, отбасын сұрап, жетістіктеріне бала қуанып: «жарайсың!» деп отыратын. Досына жүрегін суырып беретін қызба, тік мінезді, өтірікке жаны қас жгіт еді,-деп Манас досы сағына есіне алды.
-Бауыржан досымыз 1997 жылы Алматы қаласына қызметін ауыстырып Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы міндетті медициналық сақтандыру қорының ұйымдастыру-кадрлық жұмыс басқармасының бастығы болды. Одан 1999-2005 жылдары «Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігі жанындағы «Қазақстан» емдеу кешені мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары, одан 2005-2007 жылдары «Қазақстан» санаториясы АҚ-ның вице-президенті қызметін биік дәрежеде атқарды. 2007 жылдан 2014 жылға дейін жеті жылдай жеке кәсіпкерлікпен айналысты. Осы жылдар ішінде қанатымен су тамызған қарлығаштай қолындағы барын туған жері Теріскейге бөліп беріп, жанының жомарттығын, дүние сарайының сақилығын танытты. Созақ ауданына 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерейлі мерекесінде «Күй» монументін әкеліп орнатып ел мен жердің мерейін тасытқаны әлі күнге есімізде қалыпты. «Созаққа барсаң күйшімін деме» деген Мұхтар Әуезовтің ұлы сөзін назарына алып монументке «Домбыра мен қобыз» бейнесін бейнелеп, атақты дизайнер, суретші марқұм Аманжол Найманбаймен бірге қара тасқа тіл бітірген меценат азамат Баукең болатын, шіркін көзі тірі болғанда әлі де талай бастамалардың ұйымдастырушысы болатын еді. Қайран жүрек ерте тоқтады. Алланың ісіне амалымыз жоқ. Артында қалған жарының балаларының ғұмырларын Алла ұзақ етсін,-дейді достары Мейірман мен Мырзахан.
Созақ ауданың 85 жылдығына орай ауданда өткен республикалық айтыста Алматыдан арнайы автокөлік әкеліп жүлдеге тіккені бүкіл өнер сүйер қауымның ыстық ықыласымен ел жадында қалды. Ақын-жазушылардың кітабын шығару, оларға рухани қолдау көрсетуде, көпбалалы, жағдайы төмен отбасыларға материалдық көмек беруде біз біле бермейтін қайырлы, сауапты істерді ұйымдастырып жүретінін елден естіп білдік. Ел ағалары, аудан ақсақалдары аяулы перзентінің өнегелі өрелі ісіне риза болысып, сол жолы ақ батасын беріп ризашылықтарын танытқан еді. Баукең сол кәсіпкерлікпен айналысқан жылдары өзі туып-өскен Қаратау ауылындағы қарт майдангерлерге қаржылай, заттай қолдау көмек жасап, қайырлы істердің басы-қасында жүріп, сауапты істермен салиқалы көш бастай білді. Жүрген жерін түлетіп, түрлентіп жүретін теріскейлік азамат әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде қызмет еткен жылдар ішінде де университет аумағын сән-салтанатымен абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын қолға алып, біршама жаңа оқу ғимараттары, жатақханалар салып өз қолтаңбасын қалдырды. «Егемен Қазақстан» газетінің 2019 жылғы 15 қаңтардағы санында университет ректоры, академик Ғ.Мұтанов «Биік асулар жолында» атты мақаласында «Соңғы үш жылда алғашқы болып ашылған әлемде теңдесі жоқ бірегей «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталықтары студенттер кампустен шықпай-ақ оқып білім алуға. 500-ден астам білім беру, әлеуметтік, мәдени және демалыс қызметтерін пайдалануы, соның ішінде медициналық-санитарлық көмек және денсаулық диагностикасы, жас ғалымдар үйі, жүзу бассейні, жаңа кітапхана да студенттерге қызмет көрсетіп келеді. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті ғимараттарының инфрақұрылым көлемі 106 мың шаршы метр аумаққа ұлғайды. Соңғы бес жылда 40%-ке артып, жекешелік әріптестік қағидаттарына сәйкес тұрғызылған» деп атап көрсете отырып, іргетасы 1934 жылы қаланған, 85 жылдық тарихы бар жоғары оқу орнының соңғы жылдары іргелі бастамалар көтеруге ұласқанын айтса, сол еңбектің басында Бауыржан Беркінбайұлының шынайы бет-бейнесі, алақанның табы қалды. Соның бір айғағы, Тимирязов даңғылы бойындағы университет қалашығына кіре берістегі шығыс үлгісіндегі арқалы қақпаны айтар едім. Осы сәулетті қақпаның салтанатты ашылуына қатысқан қазақтың даңқты зиялылары ішінде, заманымыздың заңғар ақыны Олжас Сүлейменов бұл тамаша туындыны «Білім қақпасы» деп атап еді. «Киелі кісіден жүйелі сөз туады» демекші, бүгінде осы атау университет қалашығында жиі айтылып жүр. Әйгілі әл-Фараби бабамыздың тұғырлы тұлғасын сәулесімен ерекшелендіріп тұрған қос алқаптағы шамдар «Білім шамдары» деп аталып өрелі білім ордасына ерекше сән салтанат беріп тұр. Бұл да Бауыржан Беркінбайұлының өрелі, өнегелі істерінің бар парасы.
-Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Киелі мекен» бағдарламасы аясында елдік пен ерлікті ұлықтау мақсатында Арқа төсіндегі Жиенбет батырдың соңғы тыныс тапқан мекенін анықтап, басына ескерткіш белгі орнатып, ұлтымыздағы сансыз әулиелердің бірі Дуана бабаның басына орнатқан ескеркішті қайта жаңартуда Баукең 2012 жылы өзінің азаматтық қырын танытқанын Теріскей мен Күнгей жұрты, жалпы алқара алаш жұрты тегіс біледі. Бауырымыздың қазасы қалың елдің қабырғасын езді. «Жазмыштан озмыш жоқ» Алла қалғандарына ғұмыр нәсіп етсін. Марқұм Бауыржан досымыздың есімін ел есінде қалдыру үшін алдағы уақытта түрлі мәдени-спорттық шаралар, естелік кітабын шығару жұмыстарын белсенді ұйымдастыруымыз керек,-дейді 1981 жылы мектеп бітірген барша кластастар атынан жүрекжарды пікірін білдірген сыныптасы Сапаркүл.
Сынаққа шымыр ғана шыдамақты,
Дәулетті дәрменді ер құрамақты.
Ісімен ізгілікті із қалдырған,
Қазақта жігіттер бар ұлағатты.
Көп салсақ Бауыржанға салмақты біз,
Осындай азаматпен жан-жақтымыз.
Жүрсе де Алматыда сан тірлікпен,
Ойлаған Теріскейін ардақтымыз.
Елі риза заманына сай ұлының,
Деңгейіне парасат-пайымының.
Жаратқан сауабына сауап қоссын,
Жасаған жақсы ісі мен қайырының,-деп ақын Бөрғазының Өскені жырлаған еді. Бауыржан отызында орда бұзған, қырық жасында қыр асқан қыр баласы қырағы көздердің жанарына ілігіп алғыс хаттар мен мадақтамаларға, мемлекеттік және мерекелік медалдарға ие болып марапатталуы елдің берген шынайы бағасы десек болады. Ол Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Құрмет Грамотасымен, «Боевое братство» қоғамдық қорының, Түрксіб, Созақ ауданы әкімдерінің алғыс хаттарымен, «Қазақ Ұлттық университетіне 80 жыл», Ұлттық экономика министрлігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының Құрметті қызметкері», «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Халық қаһарманы, генерал С.Нұрмағанбетов» мерекелік медалдарымен марапатталған азамат болатын. Баукең кешегі күнге дейін жұбайы Бейбіткүн екеуі үш ұл тәрбиелеп өсірді. Жұбайы Бейбіткүн жоғары санатты ағылшын тілінің мұғалімі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері. Ұлы Махамбет «Халық Банкте», Тәттімбет «Алтын Банкте» қызмет етсе, Нұрымбет «Тенгиз- Шевройл» Қазақ –Американ бірлескен кәсіпорнында қызмет етеді. Балаларынан бірнеше немере сүйіп отырған бақытты ата еді. Міне, енді Баукеңнің өмірден озғанына қырық күннің жүзі де болды. Ізгілікті ісімен із қалдырған азаматтың Тәуелсіз мемлекетіне, туған еліне, кіндік қаны тамған аяулы ауылына, ауданына берері мол болатын. Тағдырдың ісіне не шара? Бауыржан Беркінбайұлы қазақтың парқы, Созақтың халқы үшін қашанда абыройлы да құрметті жан болып ел есінде мәңгі қала бермек.
Мақсат Қарғабай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі