ВАКЦИНАЦИЯЛАУДЫ ТЕКСЕРУ ӘЗІРГЕ БАСТАЛМАЙДЫ

Бұған дейін 15-шілдеден бастап кәсіпорын қызметкерлері мен жұмыс берушілердің коронавирусқа қарсы вакцина алғаны немесе алмағаны тексерілетіні хабарланған еді. Аптаның екінші күнінде денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев бұл мерзім ұзартылатынын хабарлады. Аталған комитет қызмет көрсету саласында бұл мерзімді ұзартуға қатысты жаңа алгоритм 19-шілдеден кейін белгілі болатынын ескертті. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар мәселені қарастырып, қызмет көрсету саласы қызметкерлеріне байланысты ұсыныстар жасау үстінде.

Тоқетері 15-шілдеден кейін вакцинациялауды тексеру басталмайды. Бірақ бұл уақытша ғана…
Өз кезегінде міндетті екпе қабылдау туралы еліміздің Әділет министрлігі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы Кодекстің 85-бабы 4 және 8 тармақтарына сәйкес медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы екпелерді алуға міндетті екені, олардың қатарына коронавирусқа қарсы профилактикалық екпе де жататынын алға тартады.
Дәл бүгінгі жағдайда коронавирусқа қарсы екпе қабылдамаған қызметкерді жұмыс беруші қызметтен босата ала ма?
Осыдан бірер күн бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов жұмыс берушінің вакцина салдырудан бас тартқан қызметкерді жұмыстан шығаруға құқығы жоқ екенін, әйтсе де оны жалақысын сақтамай, жұмыстан шеттете алуға құзыры бар екенін айтты.
Министр жұмыс беруші COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған жұмысшыға қашықтан жұмыс істеуге ауысуды ұсынуға (мұндай мүмкіндік болған жағдайда), қашықтан жұмыс істеуден бас тартқан немесе жұмысты қашықтан орындау мүмкіндігі болмаған жағдайда Еңбек кодексінің 48-бабы 1-тармағына сәйкес жалақысын сақтамай, жұмыстан шеттетуге, және уақытша шеттетілген қызметкердің орнына басқа адамды алуына, жұмысты қашықтан орындау мүмкіндігі болмаған жағдайда және қызметкер жұмыс орнына барып істеуге ниет білдірсе, жұмысшы өз есебінен міндетті ПТР-тестілеуден (7 күнде 1 рет) өтуі қажет екенін айтты. Сонымен қатар ол, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық процедура, соның ішінде вакцинация да, екпе алатын адамның келісімімен ғана жүргізілетінін еске салды.
Кәсіпорын қызметкерлері мен жұмыс берушілердің коронавирусқа қарсы вакцина алғаны немесе алмағанын тексеру механизмі қашан және қалай жүзеге асатыны белгісіз. Бірақ екпе қабылдауға қатысты «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстегі талаптар бір арнаға тоғыспайтыны анық болып отыр.
Кешегі жағдай бойынша елімізде коронавирусты жұқтырғандар саны 467 мыңға жуықтаған.