МАМИН ЕКПЕНІ НЕГЕ МАУСЫМДА ҚАБЫЛДАДЫ?

Елімізде коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация ағымдағы жылдың 1-ақпанынан бастап басталған болатын. Осы аралықта Мәжіліс депутаттары ел тұрғындарының екпе салдыруы сылбыр жүріп жатқанын сынға алып, өткен жылғы күрделі эпидахуал денсаулық сақтау министрлігіне сабақ болмағанын ашық айтқан.

Іле мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта ведомства басшысының бұл бағыттағы жұмыстары ырғақты жүріп жатпағанын мәлімдеп, сәуір айында вакцинациялау жұмысын реттемесе жылы орнын босатуы мүмкін екенін айтып ескерту жасаған. Президент бұл ескертуді тек Денсаулық сақтау министрлігіне емес, Үкіметке де қатысты екенін қадап айтқан.
Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін 10 миллион қазақстандыққа вакцина салынатынын мәлімдеген. Ведомства басшысы бұл межеге жету үшін сәуір айының өзінде 2 миллион қазақстандықты вакцинацалаймыз деп нық сеніммен айтқан. Мұндай межені мамыр, маусым айларында да бағындырып, бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен екпе алғандардың санын 6 миллионға жеткіземіз деген-тін. Министрліктің бұл мәлімдемесінің сөзден іске көшеріне Мәжіліс депутаттары күмәнмен қараған. Содан Алексей Цой ойланса керек, көп ұзамай сәуір айында 2 миллион адамның екпе қабылдауына жағдай жасалатынын айтып, сөзін құбылтқан. Сол кездегі министрліктің сөзіне сенсек, бүгінде екпенің екі компоненті былай тұрсын, бірінші компонентін қабылдағандардың саны 6 миллионға жетеқабыл болуы тиіс еді. Алайда төреші уақыт оның құр сөз күйінде қалғанын көрсетіп отыр.
Бірақ бұған беті қызарған Үкіметті де, министрді көріп отырған жоқпыз. Керісінше еліміздің бас дәрігері Алексей Цой 2,8 млн-нан астам адам бірінші компонентті, 1,7 млн-нан аса адам екінші компонентті алғанын айтудан әрі аса алмай отыр. Сонымен қатар ол, елдегі санитарлық эпидемиологиялық ахуал тұрақты екенін де атап өтті. Қазіргі таңда елімізде инфекциялық төсек-орындар 25 пайыз, реанимациялық төсек-орындар 21 пайызға толған.
Бірақ Үкімет басшысы Асқар Мамин елдегі жағдай тұрақты болғанмен көрші мемлекеттегі ахуал алаңдатарлық екенін, сондықтан мемлекеттік шекарада бақылауды күшейтіп, санитарлық нормаларды қатаң сақтауға және вакцинацалау қарқынын арттыруға ерекше назар аудару қажеттігін айтудан жалықпай келеді.
Жалпы елімізде екпе қабылдау шарасы басталған алғашқы күндерде бірқатар шенеуніктердің емханаларға барып, екпе салдырғаны туралы ақпараттар жарыса көрсетілген еді. Бір қызығы екпе ектіруге асыққандардың қатарында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой көрінбеген. Салаға жауапты министр тек сәуір айының соңында ғана отандық QazVac-ты қабылдаған.
Осы аптада Үкімет басшысы Асқар Мамин коронавирусқа қарсы вакцина алды. Премьер-Министр Қарағанды фармацевтикалық зауытында шығарылған «Спутник V» екпесін қабылдады. Елді екпе қабылдауға шақырып, тиісті органдарды бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынын көтеруді тапсырып жүрген қос шенеуніктің бұлай көш соңында жүруінің сыры неде? Олар екпенің сапасына күмәнмен қараған ба әлде қарсы әсер болады деп қорқып жүрген бе? Немесе Маминнің өзге шенеуніктер сынды ақпанда емес, маусымда екпе қабылдауы өзіне қарата айтылған түрлі ескертуден соң жұрт назарын өзге арнаға бұрудың амалы болды ма? Өйткені соңғы бір айда Асқар Мамин басқаратын министрлер кабинетіне қатысты сындар қарша борап кетті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тым қымбаттап кеткені, картоп пен сәбіз құнынын күрт өсуі былайғы жұрттың ашуын тудыруда. Соңғы жетіде Оңтүстікте алқапта жиып-терілген өнімдерді тасымалдау жағы қызған шақта жанар-жағармай бағасының өсіп, дизель отынының дефицитке айналуы да Үкімет жұмысының жүйесіздігін көрсетіп отыр. Тек қара халық емес, қаржының мақсатты жұмсалуына мониторинг жүргізетін есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова да былтыр 570 миллиард теңге тиімсіз жұмсалғанына ашынып отыр.
Осылайша Асқар Мамин басқаратын Үкіметтің жұмысына сарапшы, халық пен қатар билік бұтағында отырған азаматтар да көңілі толмайтынын ашық жеткізуде. Бірақ оған селт етер Үкімет жоқ.

А.САТЫБАЛДЫ.