ТҮРКІСТАНДА ЖЕР КЕЗЕГІ НЕГЕ БАЯУ ЖЫЛЖУДА?
Биыл қалада жер телімі 20 жыл бұрын кезекке тұрғандарға беріледі
Түркістан қаласында 30 мыңнан аса адам жер кезегінде тұр. Биыл 2000 азаматқа жер телімін беру жоспарланған. Өз кезегінде олар жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 2000-2004 жылдар аралығында кезекке тұрған. Ал кезекке жазылғандардың арасынан жер телімін алып қойғандар мен қайтыс болғандарды анықтап шығу жұмыстары кезектің баяу жүруіне өз әсерін тигізіп жатыр.
Бұл туралы Түркістан қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Нариман Қасымбеков айтты.
Сонымен қатар ол қаланың Бас жоспары бекітілгеннен бастап бос жатқан жерлерді түгендеу жұмыстары жүріп жатқанын да айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар аяқталған соң анықталған бос жатқан жерлерге инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер кезегінде тұрған азаматтарға табысталатынын жеткізді. Бөлім басшысы 2022-2024 жылдар аралығында барлығы 10 мыңнан аса жер телімін жеке тұрғын үй құрылысына тапсыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
«Уақыт».