ШЫМКЕНТТЕГІ ЕҢ КӨНЕ МЕКТЕПКЕ 146 ЖЫЛ

Шымкенттегі М.Х.Дулати атындағы №8 үш тілде оқытатын мамандандырылған гимназияға биыл 146 жыл. Аталған білім ұясы қаладағы білім ұяларының ішінде тарихы қалыңдығымен ерекшеленеді. Биыл тарихы қалың мектептегі 146-рет сыңғырлаған соңғы қоңырау шарасы салтанатты жағдайда өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков қатысты.

Өз кезегінде Ерғали Білісбеков барша мектеп бітірушілерін соңғы қоңырау күнімен құттықтап, оларға жарқын болашақ тіледі.
– Бұл білім ұясы – қаламыздағы ең көне және тарихы терең мектеп. Бүгінде есімдері елге танымал қаншама азаматтар осы мектептен қанат қаққандарын мақтанышпен айтады. Өзім де №8 мектеп-гимназиясының түлегімін. Құрметті мектеп бітірушілер, баршаңызға сәттілік тілеймін. Ал ұлағатты ұстаздарымызға қажырлы еңбектері үшін ерекше алғысымды білдіргім келеді, – деді Ерғали Дәулетбекұлы.
Үнемі шығармашылық ізденістің, жоғары оқу сапасына ұмтылудың арқасында мектеп 80-жылдардың соңында дарынды балаларды көпсалалы оқыту бойынша эксперименттік алаң мәртебесін алды. 1992 жылы мектеп гимназия мәртебесін иеленген. Бүгінде гимназия Қазақстан бойынша үздік «100 олимпиадалық мектептер» тізіміне еніп отыр. Сонымен қатар, «Шымкент жастар лигасының» баскетбол ойыны бойынша ширек финалында бас жүлдені иеленді.