МЫҢДЫ ЖЫҒАТЫН БІЛІМДІ ЖАСТАР МАРАПАТТАЛДЫ
Осы жылғы «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың төртінші кезеңіне үшінші мегаполистен 100 оқушы бағы мен бабын сынаған. Нәтижесінде қатысушылардың 31-і жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде, 2 алтын, 11 күміс, 18 қола медаль бар.
Сондай-ақ, аталған республикалық олимпиаданың нәтижелері бойынша үшінші мегаполистің бес мектебі Қазақстанның 100 үздік мектебіне енді. Атап айтсақ, Шымкент “Білім-Инновация” ер балалар лицей-интернаты, химия-биология және физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептері, Абай атындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп гимназиясы , М.Х. ДУЛАТИ атындағы №8 мектеп гимназиясы үздіктер тізіміне енген.
Осыған орай М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті базасында «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың төртінші (қорытынды) кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, сөз сөйледі.
Ел аумағында бір мезетте ұйымдастырылған марапаттау рәсіміне Zoom бағдарламасы арқылы еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов арнайы қатысып, дарынды оқушыларды құттықтады.
Өз кезегінде Шыңғыс Мұқан:
– Бүгін біз қала мектептерін республика көлемінде танытуда өз үлестерін қосып жүрген білімді де дарынды, өнерлі де талантты шәкірттерімізді мақтан ете отырып марапаттау үшін жиналып отырмыз. Дарынды жас елдің болашағы, баға жетпес қазынасы. Болашақта егеменді еліміздің тарихын арқалап, болашағын айқындайтын дарынды жастар мына сіздер. Сіздердің қаламыздың абыройын асқақтатып, қаламызға қосқан үлестеріңізбен мақтанамыз, — деді.
Марапаттау рәсіміне арналған жиында қалалық білім басқармасы басшысы Жанат Тәжиева, М. Әуезов атындағы ОҚУ КеАҚ басқарма төраға-ректоры Дария Қожамжарова, педагогика ғылымдарының кандидаты, қалалық Дарын орталығының директоры Раушан Джеренова білім бәйгесінде оза шапқан шымкенттік өрендерге сәттілік тіледі.
Айта кетейік, республикалық олимпиада жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша өткізілді. Білім додасы пандемия жағдайын ескере отырып, «Бір оқушы — бір компьютер — бір камера» қағидасы бойынша ұйымдастырылды.