МЕЙРАМ МЕШІТТЕГІ ҒИБАДАТПЕН БАСТАЛАДЫ

Бүгін Ораза айттың мерекесі басталды. Мейрамның бірінші күнінде мешіттерде жамағатпен айт намазы оқылатыны белгілі. Естеріңізде болса, былтыр елімізде коронавирустың таралуын барынша тежеу мақсатында жарияланған катаң карантиндік режимге байланысты ел аумағында мешіттерде ораза айт намазы оқылмаған болатын. Пандемияның әлі де аяқталмауына қарамастан, биыл елімізде мешіттердің аулаларында Ораза айт намазының оқытылуына рұқсат беріліп отыр. Бұл туралы Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы хабарлайды.

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы Ораза айт намазына қатысуға келген жамағаттың пандемияға байланысты төмендегідей талаптарды қатаң сақтауын сұранады. Атап айтқанда, бетперде (маска) киіп келу, үйден дәрет алып келу, намаздан соң қол беріп амандаспау және айт намазынан соң ғибадат үйінде көп кідірмей үйге қайту. Сонымен қатар, басқарма жамағатпен оқылатын намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келмеуді және науқастар мен әйелдердің айт намазына қатыспауын ескертеді.
Мұндай талаптар барша жамағатты өзі мен отбасының, ел мен жердің қауіпсіздігі үшін қабылданып отырғанын атап өтейік.

«Уақыт».