ТҮРКІСТАН ТАНЫМАСТАЙ БОЛЫП ӨЗГЕРДІ

Осы аптада еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев киелі Түркістан қаласына іссапар жасады. Елбасы облыс орталығындағы бірнеше нысандардың ашылу салтанатына қатысты. Бұдан бөлек бірқатар мәдени-әлеуметтік нысандарды аралады.

Атап айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістан қаласында «Қазақ хандары» мемориалының ашылу рәсіміне қатысты. Мемориалдың ашылу рәсімі кезінде ондағы тұғыртасқа Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Дала бірлігі» капсуласын салды. Капсулаға Қазақстанның барлық өңірлеріндегі киелі жерлердің топырағы жиналған. Айта кетейік, аталған кешен қазақ хандығының негізін қалаушылардың құрметіне тұрғызылған. Нысанның биіктігі 7 метрлік сатылы 21 пилоннан тұратын диаметрі 35 метрге тең киіз үй бейнелі композиция. Сәулет кешенінің орталық бөлігіндегі гранит тұғырда хандар ұстайтын асатаяқ пішіндес, биіктігі 12 метрге тең стела орнатылған. Оның түбінде төрт таутеке мүсіні бар. Орталық композицияны ішкі жағынан ұзындығы 28 метрлік «Қазақ хандығының тарихы» барельефі қоршап тұр. Сонымен қатар Елбасы музыкалық драма театрдың ашылу рәсіміне қатысты. Және 510 адамға арналған театрдың киелі сахнасынан түркі халықтарының тарихы мен өмірінен сыр шертетін «Шаңырақ» миниатюрасын тамашалады. Содан соң құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. Бұдан бөлек Тұңғыш Президент БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Брифингте Елбасы қала мен өңірдің негізгі даму нәтижелері туралы айтты. Өз кезегінде Елбасы Түркістан қаласында өз жұмысын бастаған музыкалық драма театрдың ашылуы айтулы оқиға екенін айта келе, «Түркістан қазіргідей жаңғыруды бұрын-соңды басынан өткізіп көрген емес. Танымастай болып өзгерді. Бұл жер қазақстандықтар үшін ғана емес, барлық туристер үшін де бірегей мекенге айналады. Қалада жаңа жұмыс орындары ашылуда, жастарға мол мүмкіндік жасалып жатыр. Туризм университеті бой көтерді»,-деді. Сапар кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы заманауи құрылғылармен және озық технологиямен жабдықталған көпфункциялы «Farab» кітапханасын аралады. Ол жердегі роботтандырылған техника зертханасының жұмысымен танысты. Құтты нысан болып саналатын кітапханада 480 мың кітапқа арналған кітап сақтау орны, цифрландыру, консервациялау және реставрациялау зертханасы, 400 адамға арналған дәріс залы, көрме атриумы, FabLab цифрлы шеберханасы, музыкалық зертхана, фото және видеотүсірілімге арналған мультимедиа залы, 3D модель жасайтын проекция залы, каллиграфия және қыш өнері студиясы, конференция өткізуге лайықталған залы бар коворкинг, компьютер сыныбы, сирек кітаптар мен манускриптер залы орналасқан.
Сондай-ақ, Елбасы қаладағы «Яссы» ботаникалық бағына барып, оның даму жоспарымен танысты. Айта кетейік, «Яссы» ботаникалық бағының жалпы ауданы 7,7 гектар. Бақтың орталық бөлігі раушан гүлдерден және аршадан жасалған ислам ою-өрнектері бейнесіндегі үлкен лабиринтпен безендірілген. Саябақ ішінде раушан гүлдерден ислам паттерндеріне ұқсас гүлзарлар бар. Бұл жерге мыңға жуық ағаш егілген, оның 800-ден астамы шие, алма, талшын, долана, қызғалдақ ағашы сынды гүлдейтін сәнді өсімдіктер.
Түркістанға жасаған сапары кезінде Елбасы «Керуен-Сарай» көпфункциялы туристік кешеніне барды.
Кешенде Тұңғыш Президент театрландырылған судағы шоуды тамашалады. «Қыз қуу» театрландырылған көрінісін көрді.
Кешен «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының аумағында орналасқан. Жалпы ауданы 117,6 мың шаршы метрді құрайды. Бір шақырымға созылатын «Керуен-Сарай» кешенінде «Жібек жолы» дәуірінен сыр шертетін саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «Ұшатын театр», ат ойындарын өткізетін амфитеатр, шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақүйлер мен мейрамханалар, SPA және фитнес орталық, отбасылық ойын-сауық орталығы бар. Олардың бәрі бір-бірімен су арналары арқылы жалғасып жатыр.

А.САТЫБАЛДЫ.