ЖАҢА КОДЕКСТЕ ТАТУЛАСТЫРУ РӘСІМДЕРІ ҚОЛДАНЫЛАДЫ

2021 жылдың 1-шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енеді.

Осы Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.
Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады.
Кодекстің 120-бабында осы санаттағы істер бойынша татуластыру рәсімдерін жүргізу тәртібі белгіленген.
Сот (судья) тараптардың татуласуы үшін шараларды қабылдайды, оларға дауды процестің бүкіл сатысында реттеуге жәрдемдеседі.
Кодекстің талабына сай, тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады.
Мұндай татуласу жауапкердің әкімшілік қалауы болған кезде жол беріледі.
Жауапкердің әкімшілік қалауы дегеніміз не?
Әкімшілік қалау – әкімшілік органның, лауазымды адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мақсаттарда және шектерде заңдылығын бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі. Заңнаманың талабына сай, татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың өкілдері қол қояды.
Мұндай келісім мәжбүрлеу тәртібімен орындаушылық талаптарға сай келуге және тараптарды татуластыратын шарттарды, сондай-ақ сот шығыстарын, оның ішінде өкілдер көрсеткен қызметке ақы төлеуге арналған шығыстарды бөлу тәртібін қамтуға тиіс.
Заң талабына сай, келісім шарттары заңға қайшы келмеуі және басқа да адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзбауы тиіс. Сот тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы өтінішхатын сот отырысында немесе алдын ала тыңдауда қарап, оны бекіту не одан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.Әрине дауласушы тараптар мұндай келісімді ерікті түрде орындауы тиіс. Ал, егер орындалмаса, ол, келісім жасаған адамның өтінішхаты бойынша сот беретін атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Осы санаттағы істер бойынша татуласу рәсімдері бірінші сатыдағы, апелляциялық және кассациялық сатыдағы сотта жүргізіледі.

Нұрлан БИБОЛОВ,
Шымкент қалалық сотының татуластырушы судьясы.