Сол бір кез есімде…
Жасымнан әдебиет пен тарих, география мен астрономияға құлай берілген мен, әнге енжар болдым. Концерт жүріп жатса, мені теледидар алдынан іздеудің қажеті жоқ болатын. Есесіне, 2 сыныпта «Қан мен Терді», «Көшпенділерді», «Ақ қайың» мен «Өмір Жолын», 10 сыныптың СССР тарихы мен 8 сыныптың «Жаңа Тарихын» жатқа білетінмін, тіпті аудара алмағанмен, немісше жазуды судыратып оқитынмын. Әлгі, музыкаға мән бермеуден кейде күлкілі жағдайларға да түсіп қалатынмын.
1985 жылдың күзі. Ауғанстан. Джелалабад маңындағы 66-бригада. Соғысушы бригада. Атақты бригада. Қытай өз радиосында «советтің жазалаушы 66-бригадасы» деп атайтын әскери бөлім бізбіз. Соғыстағы төгілген қан, түскен жара, түрлі ауырлық солдат рухын түсірмес үшін, Совет Одағынан түрлі әншілер келіп, концерттерін қойып кетеді. Соның бірі орысқа ұқсамайтын қап-қара, бірақ аты-жөні орысша Валерий Леонтьев. Аптап күн бояу атаулыны күйдіріп, жүдеңкі сұрқай тартқан жазғы клубта отырмыз. Әлгі әнші сахнада ерке лақтай секіріп, қолды-аяққа тұрмай билей жүріп ән салуда. Бір ентіксейші. Бірақ жау да (біз дұшман дейміз) осал емес, тілімізді біледі. Леонтьевтың келгенін есіткен болу керек, «көрсетейік сендерге концерттің қандай болатынын» деген оймен біз жақты реактивті снарядтармен атқылай бастады. Эрес деген — түсетін жеріне дейін ышқына шыңғырып келеді, даусынан ажалдың лебі сезінеді. Жеткен сәтте жерді қалтыратып, гүрс-гүрс етіп жарылады. Айналасын қар сияқты аппақ түтінге орайды, ақ түтіннің арасынан салют сияқты, моншақ-моншақ болып оттың үзіктері шашырап жатады. Тажалдың оты демесең, өте сұлу көрініс. Ә дегеннен-ақ, қойсын ба, сахнадан ар жақта елу-алпыс метрдей жерде, сахнадан бер жақта бір — екі эрес жарылып үлгерді. Көз алдында жарылған эресті көрген Леонтьев қайтер екен, қорқа ма, қорықпай ма? Ол бір мезет биін тоқтатып қалды, міз бақпай, дым болмағандай отырған солдаттардың рухы сабыр берді-ау, биін қайта жалғастырып кетті. Даусы үзілген жоқ. «Мына секіріспен ентікпей қалай ән айтады екен?» деп ойлап отырып, қасымдағы москвалық досым, ән тыңдап, отыздық магазинінен оқтарды алып, қырық бестікке салып отырған Викторға былай деймін:
— Мына әнші болашақта Совет Одағына танымал атақты болады-ау?
— Неге олай ойладың?
— Өзің қарашы, даусы керемет. Осынша секіріп билеп жүрсе де ентікпейді. Эрестен қорықпайды. Рас қой?
— Ақымақ, бұл Валерий Леонтьев қой, болашақ емес, бүгінгі күн ақ Совет Одағының атақты әншісі. Ал ентікпесе, фанера емес пе, не болды саған Мұхтар?!
— ммм
Бір жерден масқара болғанымды түсініп, сөзді тоқтата қойдым: кім біледі, тағы не бүлдіретінімді… Кейінірек қарулас досым Дәурен Есқазиевтен сұрасам «фанера дегенің фонограмма, ал ол дегенің алдын ала лентаға жазылған ән» екен. Соны қосып қойып билей береді екен ғой, аузын жыбырлатып, ән айтқан боп… Фуу, не деген ұятсыз әншілер… Мен мына білместігім үшін қатты ұялдым. Шүкір, Виктор ол әңгімені қайта көтермеді де. Ән саласындағы деңгейім міне, осы. Мектептегі ботаник Тұрар ағай ән сабағында үйреткен «Алтын күн аспаны», «Ақ Бантик», «Қайдасың», «В лесу родилась ёлочка», «Москва Майская» «Әрқашан күн сөнбесін»… Ә-ә-ә, Мақпалдың «Жылжиды аққуы»… Бары осы. Және бүгінгі күн де сол багаж…
Жылдар өтті. Жүректі жара қылып, жүйкені жұқартқан алапат соғыс артта қалды. Қазақ Елі империя шынжырын үзіп, Азаттық алып, БҰҰ-ға өз туын тікті. Экономика капиталистік жолға түсіп ел «ақша табу, күн көру» деген әбігердің түпсіз мұхитына сүңгіді. Осындай бір күндерде танымал композитор, Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов қайтыс болды деп айтыла бастады. Теледидардан ол кісінің әндерін бере бастады: «Өзіңмен Арыстың»… Сахнада марқұмның портреті ілулі тұр, таныс тұлға… «Еее, мына әдемі, ел өмір бойы шырқаған әнді осы кісі шығарса, расында король дегендей екен», — деп әнді тыңдап отырдым. Бірақ келесі ән… «Менің Қазақстаным»… Алтын күн аспаны… Жүрегім жұлына жаздады. Расымен мына әнді осы кісі шығарса… Бұл ән от болып лапылдаған, алапат соғыста, арыстандай ақырып, азаттық үшін арпалысқан майданда жауға шегер айбатым, қиналғанда жұбатарым, рух көтерер қаруым еді ғой. Осы кісі ме еді сазгері… Ұят болды-ау… Тағдыр берген мүмкіндікті пайдаланып, рахмет айтсам қайтер еді. Қадірлейтінімді білдіре алмадым-ау…
1989 жылдың соңғы айлары. Соғыстан қайтқанбыз. Жаралы болғанмын, Қызыл Жұлдыз орденінің кавалерімін — абырой аспанда. Еркін сайлауда облыстағы ең ірі ҚазХТИ комсомол ұйымына басшы болып сайландым. 4 адам қатысып, 78 пайыз дауысты мен алғанмын. Сонымен жалпы саясатқа қарсы, өзіме зиян екенін біле тұра, қызметімді пайдаланып, сайлаудағы уәдем бойынша, Азаттық үшін күресетін қазақ жастарының саяси ұйымын құруға кірісіп кеткен кезім. 1987-нің басынан бастаған бұл тірлікте тастай топтасқан командам бар. Жаңа ұйымды Қазақ Тәуелсіз Жастар Одағы деп атадық — ҚТЖО. ҚазХТИ-Техтан: 1986 жылы ұлтшылдық үшін комсомол мен институттан шығарылған екі-үш азаматты толығымен қайта қалпына келтірдік. Тірліктеріміз туралы сөз Оралдан – Талдықорғанға дейін жетіп, орасан зор резонанс жүріп жатты. Техтың комсомол комитеті – комсомолды реформалаудың және Ұлт Рухын жаңғыртудың ел мойындаған орталығына айналды. Арасында декабрь көтерілісіне қатысқандар мәселесі бойынша облыстың комсомол комитетімен тіресіп қалып, жанжалымыз Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің Бюросында қаралып, Иманғали Тасмағанбетовтың қолдауымен біздің жеңіспен бітті. Алматы, Талдықорған, Ақмола, Оралдың қазақшыл жастарымен байланыстамыз. Алматы жастарын бүгінде марқұм болған асыл дос Ебейсін басқарса, Ақмоланың «Парасатын» күні бүгінге дейін достығымыз үзілмеген асыл азамат, елдің ұлы, бүгінгі қоғам және мемлекет қайраткері Ұласбек Сәдібеков басқарды. Москваның Гагарин аудандық комсомолымен тығыз байланыста болдық. Гайворонский деген жігіт басшы еді. Ел алдында жүгім ауыр, жауапкершілігім аса терең кез болатын. ҚТЖО — ны құру идеясы менікі. Басшы — мен. Идея генераторы – мен. Қысқасы, өлсем-алдымен мен өлемін. Ал енді жұмыс ауырлығы… мен қанша ҚТЖО-ны басқаруды жеңілдету үшін жүйелеп, мүшелерді институт, факультет, топтарға бөліп, басшысын белгілеп, бірегей тәртіпке салуға ұмтылғанмен, жастардың басым бөлігі тапсырманы тек менен алуды, тек маған есеп беруді дұрыс көретін. Ал жаңадан қосылам деушілерге ҚТЖО-ны таныстыру, оларға күрес жолдарын айтып, мақсат-міндеттерді айқындап беретінмін. Азаңғы сағат 7-ден түнгі 1-2-ге дейін үй көру жоқ: Тех., Мед., Пединституттардың корпустары, жатақханалары, жиналыстар, диспуттар… Басшылардың тапсырмасы жоқ, бұл жұмысыма қарғыс естіп, басшылардан сөгіс алып жүргеннен басқа пайдам жоқ — нендей күш екен осыншама алапат жүкті көтертіп бас демей, жан демей, мал демей, тақ демей жүгірте берген? Ата-баба аманаты ма, әруақтар ма… Ақшам бар, жаспын. Бірақ жастық уақытым кафе-бар, ресторандарда емес, Ұлт Азаттығы үшін күрестің қауіпті де, ауыр майдандарында өткеніне разымын, өкінерім жоқ. Алғашында асау биедей тулаған ректорлар кейінірек «ұлтшылдықты» «азаттықты аңсаушылар» деп ауыстырып, қайтудан кеткен жастар легімен санасып, біздермен ақылдаса жұмыс істейтін болды… ҚТЖО әр митингінде күн тәртібіне сай әр түрлі ұран қойды. Бірақ өзгермейтін, қайда барсақ та төрде тұратын екі басты ұран бар: «Желтоқсан көтерілісі — қазақ ұлттық-азаттық қозғалысының заңды жалғасы» және «Жасасын Тәуелсіз Қазақ Республикасы». Ол кездер Қазақ Жұртшылығы Тәуелсіздікті талап етуге батылы жетпей, әлгі «қайта құру», «бетбұрыс», «өзін өзі басқару» сияқты ортақ та қауіпсіз «әндерді» ыңылдаудан аса алмай жүрген. Күндей күркіреп, Тасқындай арқырап, Найзағайдай гүрсілдеп, жарқырап, Қазақ Көгінде алғаш болып Саяси Мемлекеттік Тәуелсіздікті талап етуші ресми саяси ұйым-мен құрып, мен басқарған Қазақ Тәуелсіз Жастар Одағы болғанын екі дүниеде де мақтаныш етуге пейілдімін. Бүгінгі билік мұны бүгінгі ұрпаққа үлгі етудің орнына, жасыруда. Біз қойған барельефке жыл сайын гүл қояды, бірақ мыңдаған жастың басын қосып империяның қанды қылышынан қорықпай, Ел Азаттығы үшін майданға шыққан ҚТЖО-ны білмегенсиді. Бірақ бұл екіжүзділіктің ұзаққа созылмасына сенімдімін. Оңай болмады. Осы екі ұран үшін өз қазағымызбен де, бөтенмен де жұлқыстық. Қырқыстық. Тұрыстық. Ат құйрығын кесістік. Тірестік КГБ-мен, ректорлармен, парторгтармен, Комсомол «Ғалымдармен». Бірақ қайтпадық. Иікпедік. Қайта таудан арқыраған тасқындай Азаттық идеясын ай санап емес, сағат санап ел санасына тоғыта бастадық. Партия мен комсомол органдарында талай жақсы азаматтар болды. Іштей де, іспен де бізді қолдағандары жетерлік. Бірақ ұятты жиыстырып қойып, ел санасын коммуністік идеядан тазарту үшін «Қазақстан Компартиясы мен Комсомолы – Совет империясының төбеттері» деген ұранымызды да тастамайтынбыз. Осындай, киелі Отан, Атажұрт – Қазақ Елінің Азаттығы үшін жанымызды шүберекке түйіп, жеңілсек жанкешті ерлерше бас имей өлуге, жеңіп, Қазақ Елі Азаттыққа қолы жетер күн туса, билікке таласпай, Италияның асыл ұлы – Гарибальди сияқты үн-түнсіз тарқап кетеміз деп бір-бірімізге ант берген, арыстанша арпаласып Қасиетті күресте От болып лапылдаған аяулы да ауыр, бірақ бақытты күндер еді… Осындай қарбалас күндердің бірінде мединституттың ректоры – Кеңес Үшбаев ағамызбен шұғыл кездесу керек болды. Тәуелсіздік үшін күрестің ордасы, штабы, ұйтқысы – ел «тех» деп атайтын ҚазХТИ жастары болса, оның сенімді, адал одақтасы – Мұхамеджан Биетов басқарған мединституттың комсомолы еді.
Қабылдау бөлмесіне кірсем, хатшы қыз және бір арықтау келген, ақсары, құлағы қалқайған аға отыр екен. Костюмде. Костюмін көйлек-галстук емес, футболканың сыртынан киген. Егер бұл кісі менен бұрын кірсе, онда ұзақ күтіп қаламын-ау деп ойладым. Оның үстіне, кабинетімнен шығарда Кеңес ағаға телефон соғып, келетінімді айтқанмын. Хатшы қыз тоқтатқысы келді. Бірақ оның әй-шәйына қарамай, ректордың кабинетіне кіріп кеттім. Жылы қарсы алған Кеңес ағаның жүзінде, бірақ «қап, ұят болды-ау» дегендей ыңғайсыздық сезімі оқылып-ақ тұрды:
— Ана жерде қазақтың атақты сазгері Шәмші ағаң отыр еді, көрдің бе, мен сендерді таныстырмақ едім…
— Ия, бір кісі отырған, -деп қысқа қайырып, келген шаруама кірісіп кеттім…
1985 жыл. Ауғанстан. Әнші Валерий Леонтьевтың концертінен тым рахаттанып кетпесін советтің солдаттары деген болу керек, дұшмандар біздің бояуы кепкен жазғы клубты эрестермен атқылады. Барлаушылар ротасы дабылмен шығып, бұл атқыштарды ұстап алып, әкелді. Ал кешке біздің рота қарауылға түсті. Әлгі дұшмандар біздің қарауыл аумағындағы гауптвахтаға қамалған. Мен осы қарауылдың бастығының көмекшісімін-помначкар деп аталады. Әлгі тұтқындар саны-11 екен, біреуі әйел, емшектегі баласы бар. Сол қолының еті жұлынған, қаны сәбидің жаялығын қып-қызыл қылған, бірақ сәбиге оқ тимеген. Азаңғы бесте бұлар атылады. Бәрі. Мен қарауыл бастығына «әйелді босатып жіберейік, ана ғой, сәбиі бар, кеңшілік жасайық»-дедім. Алғашында танданып, кейін көзі алара кеткен бастық «оттама, кет әрі, қылмысқа итермей»-деп қысқа қайырды. Бірақ қой дегенге қоятын мен бе?.. Мұндай сәттерде менде кібіртіктеу, шегіну жоқ. Өзімнің 100 пайыз туралығымды білсем, өз дегенімді болдыруға ұмтылам. Мұндай сәттерде «ертеңім не болады»-деп ойламаймын… Мүмкін бұл ақылсыздық шығар, даурықпа мінез шығар, көзсіздік шығар, әлде төбемнен төнген Ата-баба аруағының еркі ме? Білмедім. Білмей
55-ке жеттім. Мүмкін, жауабын о дүниеде білермін.
— Ол әйел ғой, Ана, жолдас лейтенант. Ана сізде де, бізде де бар, жазығы не ол кісінің… Ана еркектер одан «барасың ба» — деп сұрамаған да шығар, еркегінің сөзі заңнан бетер Ауғанстан сияқты феодалдық елде жүрген жоқпыз ба. Шәй-тамақ істеуге әкелген шығар. Біз оны жіберейік. Кішкентай сәбиімен қоса өлтіргенмен дұшман азаймайды, ал қарғыс көбейеді. Орыс лейтенант сөзіме иіді: «Мухаметжанов, я тебе даю ровно 10минут (мен саған 10 минут уақыт беремін), сол уақыттан соң офицерлік борышымды орындаймын-күмәнің болмасын. Ал бар, қорықпасаң, — деді. Камерадан әйелді шығарып жатқанда, қалған 10 тұтқын айқай көтеріп, бірі жылап, бірі сөйлеп азан-қазан боп қалды. Әйелді қорлап, өлтіріп тастамақшы деп ойлады ғой. Бірақ «олай емес, мен басқамын деп айтуға тілін де білмеймін, уақыт та жоқ. Мина белдеуінен өтіп, орман сияқты қалыңның ішінде (зеленка) жалғыз аяқ сүрлеумен келе жатырмыз, әйел-алда. Қолымда автомат, 45-тік екі магазинім және екі гранатам бар. Әйелді қорқыныш билеген, кейде тал бұтағы қайрылып сырт еткен дыбыс шықса, ана байғұс денесімен баласын қорғаштап, жаба түседі. Қалыңнан шыға алдымыздан кишлак көрінді, жарықсыз үйлері теңкиген қойтастар сияқты ретсіз орналасқан. Мен тоқтап, әйелге ыммен, қолыммен «кишлакқа кет, жараңды байлат, балаңды еміз»-деп түсіндірдім. Әйел түсінді. Жаңа ғана артық тықыр шықса баласын денесімен жауып, өзі өлсе де, баласын аман қалдыруға тырысқан есіл ана менің ниетімнің қандай екенін түсінген сәт баласын ұмытып тізерлеп отыра кетті, жылап, етігімді құшақтап, сөйлеп жатыр-рақмет айтып жатқаны анық. Ия. Бірақ жүздеген солдаттың ішінде осындай адами амал істеп тұрған, бұрын ешқашан көрмеген, кейін де ешқашан көрмейтін, атын да білмейтін адам үшін өз өміріне балта шапқан мен, менің өзім қандай едім? Қатігез едім. Мына соғыс… Бұл соғыс жүректі, мейірді, жаңашырлықты, барлық адами қасиеттерді мыжғылап, талқандайтын Ажал Диірмені іспетті… Қас қағымда басы жұлынып тәлтіректеп қалған дене, денеден бөлек ұшқан аяқ-қол, қаза тапқан асыл дос, жаралылардың жан айқайы, үздіксіз оқ болып бж-бж еткен Ажал-адами сезіміңді күйдіріп, өлімге етіңді үйретеді. Анау-мынауға жаны ашымас, көз жасына селт етпес кәдімгі рухани меңіреу қылады… Соғыс заңы-өлгің келмесе-өлтір. Бұдан екі аяқты көкжал боласың. Ажалдан құтылғанына қуанған Ананың қуанышына ортақтасуды ойламадым да: тұр-ей, ханумка, марш в кишлак, дура, — деп ары итердім: қайта-қайта жалтақтап, әне атады, міне, енді атады деп, әйел Ана қараңғылыққа жұтылып, үйлер арасына кіріп кетті. Атпадым.
Ондаған жыл өтіп, жүректе қатқан тоң мұз еріп, соғыс синдромынан арылған бертін күндерде ғана әлгі әйелдің баласын тастай жығылып, етігімді құша, алғыс айта егілгенін еске түссе, үнсіз егілетін болдым. Аман шығар, өзі де, баласы да…
Мен артқа қайттым. Қарауыл бастығы өзі айтқандай, «офицерлік борышын» орындап, десант-штурм батальонынан патруль шақырып қойыпты: олар үн — түнсіз қаруымды алып, әлгі он дұшман отырған камераға көрші, аты жаман, «өлетіндер камерасы» (камера смертников) — деп аталатын өте енсіз, бірақ ішек сияқты ұзын бөлмеге қамады. Ертеңіне болған таңғы тексерісте тұрған бүкіл бригаданың алдына мені шығарып, бригада командиры полковник Жариков «сержант Мұхамеджанов жауға жәрдем берді, ол-совет халқының жауы, Пакистанның шпионы, ұлтшыл — пантуркист, панисламист» — деп айып тағып мені соғыс жағдайындағы өз өкілеттігіне сүйене отырып, ату жазасына бұйырды. Басым айналып, мең-зең болып тұрсам, үш-төрт жандайшап келіп, бас салып, шалбарымның тігісін (галифе ғой, кең-біз тарылтамыз) басшылар «байқамағансиды». Бірақ солдаттың абыройын төгу керек болса, онда дәл соның және тек соның шалбарын «көріп қойып», елдің алдында тігісін сөгеді. Менің шалбарымды да сөкті, бұған қарсылық көрсетпедім. Ал енді шашымды алалап, ұстарамен крест ойып салмақ болғанда жұлқысып, ұстарасын жақындатпадым. Осылай, 40 күннен астам уақытқа созылған «тар жол, тайғақ кешу» қорлық эпопеясы, намысыма сын болған азап эпопеясы басталып кетті. Камераның есігі тықыр етсе, коридорға сырттан кірген етік дауысы естілсе, «атады ма» — деп күтемін. Миым құж-құж қайнайды: не үшін жау, не үшін шпион дейді? Жәй емес, бүкіл бригаданың алдында… Демек, әзіл емес, шын ғой? Қандай айыбым бар? Рас, қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз солдаттарды жиып, оларға бейбіт халыққа, әсіресе әйел мен балаға оқ атпаңдар, үйлерді өртеп, малдарды жою дұрыс емес дейтінмін. «Бұлар да мұсылман ғой көрмейсіңдер ме, нанды нан дейді, Алланы Алла дейді. Біздің аталарымыз сияқты бұлардікі де құманын ұстап, дәрет алуға кетіп бара жатады. Тауда, соғыста соғысыңдар, бұл біздің борышымыз, ал қарусыз бейбіт елге автоматқа сеніп бас салу — жігіттік емес» — дейтінмін. Мұның қай жерінде шпиондық немесе жау дейтіндей қастандық жатыр? Ал енді Ананы, Сәбиі бар Ананы босату совет солдатының борышы емес пе? Қайта басқа емес, мен нағыз совет солдаты емеспін бе? Ал енді шпион дегендері — жала, тірі пакистандықты бір көрмей, оларға қалай шпион болады екенмін… Сонда не үшін? Не үшін түстім мына жағдайға? Кеше ғана алдыңғы қатарлы 4-ші, ауыр деп есептелетін, пулемет-гранатомет взводының замкомвзводы, командир жоқ болғандықтан командирдің орнына жүрген абыройлы азамат едім. Мен басқарған взводтың үздіктігі мынадан белгілі – соғыс қимылын тікелей басқаратын бригада командирінің орынбасары өз қауіпсіздігі үшін ең сенімді, жауға алдырмайтын жігіттермен жүруді дұрыс көреді. Комбригтің орынбасары полковник Крупянкин кейде жорыққа біздің взводпен шығатын.
Бұл біз үшін мақтаныш еді. Ал енді ше… Шпион… Халық жауы… Неге… Халық жаулары деп, асыл азаматтарды, ел көсемдерін 1937 жылы атып еді, мені ондай деңгейге қосардай еш еңбегім жоқ қой. Және 37-ші емес, 86-шы жыл ғой далада… Егер атып тастаса, әкем мен шешеме менің жау болмағанымды, жазықсыз атылғанымды қалай жеткіземін? Достарым Дәурен, Нартай, Нұржандар не ойлайды екен? Комбригтің айтқанына сеніп, елге барғанда «жазықсыз еді» деп айтпаса ше? Бірақ қалай мені жау дегенге сенеді, күндіз-түн бірге, иық тіресе соғысып жүрген жоқпыз ба? Сырласып алар ма еді олармен осындай кездерде… Керісінше «Біз Мұхтарды білеміз, ол адал солдат, біз куәміз»- деп айтатын орындары емеспе? 4-5 күн өтті. Атпады. Тірімін. Бригаданың цемент төселген плац-алаңының артында холера бактериялары табылған арық бар, осы арыққа қойылған көпір офицерлер тұратын модульдар мен солдаттар тұратын резина палаткалар қалашығын жалғастырады. Күнделікті таңғы 6-да қарулы конвой мені осы көпірге әкеледі. Мен суға түсіп, көпірдің жанындағы су табанын тастармен көмкеруге тиіспін. Декабрьдің суық желі. Беліме дейін малмандай судамын. Аяқ қолым суықтан қарысады. Болдырамын. Кешкі 6-ға таман күнде қайталанатын көрініс: Жариков (ол осыған дейін Қазақстанда солдаттардың азап-әзірейілі — дисбат басқарған екен, жүдә қанішер, бәлеқор — солдат түгілі офицер қауымы да оны жек көретін) модуліне қайтып бара жатып көпір үстінен:
— Енді сержант Мұхамеджанов азаннан бергі төсеген тасын артқа қайта жинасын. Жинап болған соң ғана гауптвахтаға апарыңдар деп команда береді. Кешкі 9-дарда тасты сыртқа жиып бітемін. Басыма дейін су болып, қатып-семіп гауптвахтаға жетемін. Мұнда да жетісіп тұрған ештеңе жоқ. Матрас бермейді, бетон полға отырып, бетон дуалға сүйеніп ұйықтаймын — егер ұйықтатса. Әдейіге тамақ бермеи қинағаны өз алдына, қарауыл бастығы «отбойдан» соң «где этот нацист хренов, шпион Пакистана» — деп айқайлап, құтырына тиіседі, ұрады, соғады. Намысыма тиуге тырысады. Кәдімгі ас қасықпен екі-үш қасық сорпа құйып, осыны іш дейді. Мен намыстанып ішпеймін. Тамақты жерге төгіп, мені ұрады. Күнделікті өмір осы. Обалы не керек, екі-үш рет басқаша күндер болды. Кезекті қарауыл бастығы шақырып солдаттарын жиып әңгіме айтады.
— Мына жігітті естеріңе сақтап алыңдар. Бұл нағыз солдат. Нағыз Адам. Біз осы жігіттей болуға тиіспіз. Әйтеуір бір күн шындық жеңеді, сонда мына солдатың нағыз Батыр болғанын аңыз қылып айтатын болады.
Бұл күндер тамақ та, жылы матрас та, және арманымның шыңы — фильтірлі сигарет те, ең бастысы адами сый – құрмет те — бәрі болды. Осындай сәттерден соң кәдімгідей рухтанып, келесі күн күтіп тұрған Азап Аждахасына қорықпай қарайды екенсің…
Өзімнің айыпсыз екеніме сенем, бірақ атып тастайтынына да сенем. Көңіл мыжылып, жүрек жылап, жан шырқырап, амал таппай алас ұрғанда жұбатар ешкім болмады. Жиырмада кім өлгісі келеді дейсің. Ең ауыры — ажалды жүнжімей, мүжілмей, асқақ рухпен қарсы алу екен. Ақыры өлетін болсам, мына жендеттер менің қорыққанымды көрмесе, қорқыта алдық деп масаттанбаса,- деймін… Таптым. Мектепте үйреткен патриоттық ән — «Менің Қазақстаным». «Алтын күн аспаны, алтын дән даласы»… Сақшы тесіктен қарап өтеді, бірақ үндемейді. «Гүлің болып, егілемін… Жырың болып»… Рухым көкке өрлейді. Есімді жиямын. Соққы тиген жерлердің ауырғаны азаяды. Ән берген Рух мені оқтаудай тіктейді. Бөлмені ерсі-қарсы кезіп, түрлі жоспарлар жасай бастаймын. Мен айыпсызбын. Мен Қазақ Солдатымын. Мені атып тастай алады, бірақ рухымды сындыра алмайды. Өлермін, бірақ бас имеспін. Көпір түбінде тас тасып жүріп те, осы әнді айтамын. Көңіліме жұбаныш, дертіме шипа, намысыма — қалқан болды. Тек күніне үш рет, жан шыдай алмас сәт бар: бұл бригаданың таңғы, түскі, кешкі асқа келіп кетуі. Роталар кезекпен алаңнан өтеді, менің сорлы түрімді көреді. Су-су болып денеме жапысқан киімім, басқан сайын шолп-шолп еткен етігім – осы бейшара қалпымнан намыстанып, үнсіз жылап қоятынмын. Достарым «Муха, держись» деп айқайлап өтеді, мен теріс қараймын, көз жасымды көрсеткенше, мына суға тұншығып өле салғаным дұрыс қой…
Менің жүрегімді жұлып алып, зерттесе, оның басты пернесі, ұраны, лейтмотивы — дүние танымымның бастауы және қазығы — «Менің Қазақстаным» екенін көрер еді. Қанша совет тәрбиесін көргеніммен, белгісіз бір тылсым күштің тартуымен бала кезімнен өзімді совет емес қазақ адамы ретінде сезіндім, қазақ рухымен суарылып, қазақ мұңын жүрегіме артып өстім. Өмірдің алғашқы ауыр сыны — Ауған соғысында да өзімді совет солдаты емес, қазақ солдаты деп есептедім. Көптеген қиындықтардан өзім батыр болған соң емес, басқа ұлт өкілдері менің кесірімнен қазаққа күлмесін деген оймен ғана, абыроймен өттім. Сірә, бұл қанмен келген қасиет болуы керек. Иә, советтің репрессиялық машинасы 20-ға жаңа келген мені ату жазасына бұйырды. Ата алмады. Ел алдына шығып, ия, шпион едім, кешіріңдер, -деп бас иіп кешірім сұрасаң, жібереміз –деді. Кешірім сұрамадым. Ұрды, соқты, қорлады. Бірақ басымды ие алмады. Яғни, мен жеңдім. Залымдық күшімен болған осы алғашқы да аяусыз, ауыр текетіресте Шәмші ағаның әні «Менің Қазақстаным» — рухымның гимні, намысымның Туы болды.
Тәуелсіздік үшін күрес. Әр апта сайын Техтің фонтанында митинг жасайтынбыз. ҚТЖО шақырды десе, емтихан ба, зачёт па, лекция ма, бәрін тастап, студент атаулы фонтанға жиылады. Мыңдаған студент жиналған митингіні техтің В-корпусының төбесінен КГБ киноға түсіріп тұратын. Әрине, әр митингі «Менің Қазақстанымен» басталып, «Менің Қазақстанымен» аяқталып жататын. 1991 жылдың 16-шы желтоқсанына жақсы дайындықпен жеттік. Жыл басынан желтоқсан тұтқындары Қайрат Рысқұлбеков пен Түгелбай Ташеновты түрмеден ақтап босатуды талап етіп, жиындар, митінгілер өткіздік, қол жинадық. Алматылық достарымыз Қаз ССР Бас прокуратурасының алдында осы талаптармен ереуілге шығып, ғимарат алдында кетпей тұрып алды, ал біз ЦУМ-ды блокада жасадық. Нәтижесінде Түгелбай босатылды, оны Шымкентке әкеліп қонақ еттік, киіндіріп ауылына шығарып салдық. Ал Қайраты босата алмадық, сірә, ол сол кездегі биліктің көп қылмысына куә болса керек, оны бостандыққа шығармау үшін айуандықпен өлтіріп жіберді. Амал не… Біз осы ауыр жағдайдан соң Шымкенттегі Вишневский көшесін Қайрат Рысқұлбековтың атымен атауды талап еттік. Қала басшылығымен сөйлестік. Қол жинадық. Көшедегі бірінші ғимараттың қабырғасына Қайраттың барельефін орнату үшін ақша жинадық. Қалалық атқару комитетінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, асыл аға Қуаныш Төлеметовтың тікелей араласуымен көшеге Қайраттың аты берілді. Барельефті орнаттық, сөйтіп, 16-желтоқсан күні салтанатты түрде, митингілетіп ашпақшы болдық. Ол кезде, әрине дәл сол 16-желтоқсан, Қайраттың барельефін ашатын күні Қазақстан өз мемлекеттік тәуелсіздігін жариялайды деп кім ойлапты, кім армандапты… 16-желтоқсан күні алдымен бүгінгі Абай парктегі Отан соғысында қаза тапқандарға арналған оделискі жанында өтетін ресми митингіге бардық. Митингіні қалалық партия комитетінің басшысы Шеманский ашты. Сөйтіп, өз сөзінде Қазақ КСР-нің Совет Одағынан бөлініп, өз мемлекеттік Тәуелсіздігін жариялағанын мәлімдеді. Ел у-шу. Бір-бірін құттықтауда. Біздің қуанышымызда шек жоқ! Шеманский біз күтпеген реверанш жасап, трибунаға, мені шақырды:
— Өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіздік үшін күресте Қазақ тәуелсіз жастар одағының орны да, рөлі де ерекше.
Біз мұны мойындауға тиіспіз, және бүгінгідей салтанат күні, бүгінгідей қуаныш күні — алғашқы сөзді қазақ жастарының лидері — Мұхтар Мұхамбетжановқа беруге тиіспіз. Сөйледім. «Ресми Тәуелсіздікке қолымыз жетті. Ендігі міндет-Рухы Тәуелсіз Қазақ Азаматын сомдау болмақ» — дедім сөзімде. Трибунадан түскен соң пединституттың ректоры Омаров, мединституттың ректоры Үшбаев, мәдениет институтының ректоры Жүнісбеков өз орталарына шақырып алды:
— Інім, күрескен сен, мейрам да, қуаныш та бүгін сенікі, құтты болсын, — деп әрқайсысы құшақтап құттықтады. Бұл бір мәңгі естен кетпес сәттер еді ғой… Бұдан соң жастар жағы көшенің жоғарғы жағы — Қайрат Рысқұлбековтың барельефі орнатылған бұрышқа жылжыдық. Адам санында есеп жоқ. Қол жеткен тәуелсіздікке шаттана, дүниені дүр сілкіндіре, «Менің Қазақстанымды» шырқап, барельфіне жеттік. Сөйледім. Саңқылдаған даусымен сөйлегені әзірге дейін құлағымда тұр. Келбеті де, ойы да келіскен, жүрегі от болып лапылдаған Қазақтың батыр қызы еді… Барельефті салтанатты түрде аштық.
Тағы бір күн Кеңес ағаға келсем, әлгі композитор аға тағы отыр екен, бұл жолы да қабылдау бөлмесінде одан басқа ешкім жоқ. Бұл жолы да күтпей, кезексіз кіріп кетпек болдым. Осы сәт қалай білгенін қайдам, есік сарт етіп ашылып, Кеңес аға шыға келді: «Мұхтаржан, қане, ағаңмен бірге кіріңдер, бірге сөйлесеміз», -деп әлгі кісі екеуімізді қарама-қарсы отырғызды. Таныстырды. Атақты сазгер, -деп бір-екі әндерінің ырғағын келтірді. «Әлгі Техтың комсомолының басшысы, оттан жаралған, қасына жақындасаң күйдіріп жіберуі мүмкін деген арыстан жігіт осы, -деді. Бүгінгі студенттердің лидері, Азаттық талап етіп күресіп жүр, бұған не дейсің Шәке? — деді. Шәкең оған емес, маған тіл қатты: «інім, ертеңгі күн бір митингіде төбелес болып, іс насырға шауып, арты 86-дағыдай қырғын болып кетеді деп ойламайсың ба?»-деді. Бұл сұрақты әдетте, бізді қорқыту үшін партократтар көп қоятын, тіпті, дәл осы сұрақты облыс басшысы Терещенко да қойған. Тек олардың ойы мені үркіту болса, мына кісі мені барлап көрмек — ау…
— Аға, қай заманда қай империя өз отарына бостандықты тегін беріп еді? Прибалтика, Украина күресіп жатқанда, біз қарап жатқанымыз болмайды ғой. Ата-баба аманаты-Қазақ Тәуелсіздігі үшін күресеміз, тоқтамаймыз, өлсек-разымыз. Малым жанымның, жаным арымның садағасы деген, арды өмірден биік қойған бекзат елдің ұрпағы емеспіз бе?
Шәкең үнсіз тыңдады, байқағаным — жауабым ұнады.
— Ммм… Жақсы екен. Аты-жөніңді айтшы жазып алайын, кейін бір реті келгенде әңгімені жалғастырамыз.
Мен адресімді айттым. Шығып кеттім. Міне осы. Осы кездесу басқаша да өрбуі мүмкін еді-ау. Шәмші аға «Менің Қазақстанымды» өзі жазғанын сөз ішінде айтып қалса… Шырқап жүрсіңдер ме, деп сұраса… сол әннің сазгері Шәмші екенін естісем… қандай болар еді… құшақтап рақмет айтар едім… митингте сөйлетер едім. Сөйлесе, рухтанып, тағы бір ән, рух-шедевр ойлап табар ма еді? Ауғандағы тар жол, тайғақ кешуімде «Менің Қазақстаным» жұбанышым, қорғаным және қаруым болғанын айтпадым-ау… өкінішке орай әңгіме олай өрбімеді. Енді міне, теледидардан Шәмші ағаға қарап ауыр замандарды еске түсіріп, өкініп отырғаным… тағдыр екі рет кездестірсе де, таныса отырып, тани алмадым. Білместікке тұтқын болып, қадірлей алмадым. Шын жүректен алғысымды білдіре алмадым. Шәмші аға-шынында тек сазгер емес, ондаған жылдар бұрын қазақ рухын асқақтатушы, жігерлендіруші, тарихи жадты оятушы, империяның қанды қылышына қасқая қарсы тұратын батырлық беруші әнді — рухтандырушы кодты асыл ағамыз жасап берген екен — ау. Ұлт Азаттығы үшін күрестің алғашқы арыстаны, Алтай мен Алатаудай алып та биік асыл рухтың сардары болған екен ау…
Мұхтар Мұхамбетжан,
Қаңтар 2021 жыл.