ШЫМКЕНТТЕ ИНВАТАКСИ ТЕГІН

Шымкентте мүгедектігі бар азаматтардың белсенді өмір сүру салтын қалыптастыру мақсатында инватакси қызметі ұйымдастырылғаны белгілі. Қызметтің бұл түрі тегін көрсетіледі.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қалада аталған қызмет түрінің жолға қойылғанына биыл 10 жыл. Жоба «Қалалық мүгедектер қоғамы» бірлестігінің бастамасымен жүзеге асқан. Инватакси қызметін пайдалану үшін жыл басынан бері 500-ден астам азамат тиісті өтініш тапсырған. Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы күніне 170-180 тапсырыс қабылданатынын алға тартады. Өтініш беруші бір күн бұрын диспетчерге 8 (7252) 57-70-06) хабарласып тапсырыс қалдыра алады. Инватакси қызметі тегін.
Бекітілген 18 автокөлік арнайы жылжымалы құрылғымен және кресло-арбаларды орнатуға арналған құралдармен жабдықталған. Арнайы көліктермен азаматтар қала ішіндегі қалаған мекен-жайына бара алады.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 37 046 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде 3324 азамат бірінші топқа жатқызылса, 14 950 адам екінші топқа, 12 288 үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар болып табылады. Ал 18 жасқа дейінгі 6484 мүгедек бала тіркелген.