БЕС ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫНДА СУҒА ШОМЫЛУҒА РҰҚСАТ ЕТІЛГЕН

Шымкентке көктем ерте келеді. Тиісінше шомылу маусымы да өзге өңірлермен салыстырғанда бірнеше күн бұрын басталады. Қазіргі таңда үшінші мегаполисте шомылу маусымы ресми түрде ашық деп жарияланған жоқ. Соған қарамастан күннің күрт жылынуына байланысты балалар суға шомылуды бастап кетті. Осыған орай қаладағы төтенше жағдайлар департаменті суға шомылу маусымына дайындық және қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.

Бүгінде Шымкент қаласының аумағында суға шомылуға рұқсат етілген 5 демалыс аймағы бар. Олар Тоғыс су қоймасындағы «Холодильник» демалыс орны, Бадам су қоймасындағы «Рахат Бадам» демалыс орны, Қошқар ата өзенінің бастауы, Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағындағы көл мен «Жайлаукөл» (Тұлпар) су айдыны. Аталған демалыс аймақтарының иелері демалушылардың қауіпсіздігіне тікелей жауапты болады.
Төтенше жағдайлар департаментімен қазіргі кезде судағы қауіпсіздік іс-шараларына байланысты жергілікті органдармен бірігіп жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, қала көлемінде департамент қызметкерлерімен «Қауіпсіз жаз» акциясы аясында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мақалалар жарияланып, сұхбаттар ұйымдастырылып, халықпен әңгімелесу жұмыстары өтуде.
Бұдан бөлек, департаменттің құрылымдық бөлімшелері аудандық полиция басқармаларының қызметкерлерімен бірлесіп шомылу маусымы аясында күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізетін болады. Білім басқармасымен бірлесіп, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында WhatsApp әлеуметтік желілері арқылы мектептер мен балабақшалардың «Ата-аналар» топтарына жадынамалар мен бейнероликтер орналастыру жұмыстары белсенді түрде жүзеге асуда.

«Уақыт».