МИЛЛИОНЕР БОЛУ ҮШІН МАМАНДЫҒЫҢДЫ СҮЮ КЕРЕК
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары кімдер?
Кешегі аптада «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарын таныстырудың төртінші салтанаты болып өтті. Шараға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн форматта қатысты. Ерекше қабілетімен көзге түскен жандардың еңбегін дәріптейтін бұл жоба алғаш рет 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған еді.
Биыл «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» төртінші маусымының жеңімпаздарын анықтау үшін 22-ақпаны мен 22 наурыз аралығында білім мен мәдениет, спорт және медицина, ғылым мен инновация, қоғам, бизнес және экология салалары бағытында өтініштер қабылданды. Осы уақыт ішінде Қазақстанның барлық өңірінен 3000-ға жуық өтініш келіп түскен. Жобаның ресми сайтында қатысушыларға жалпы онлайн халықтық дауыс беру жүргізілді. Жиналған дауыс нәтижесімен қазылар алқасының шешімі бойынша «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының төртінші маусымының 30 финалисі анықталды. Олар кімдер? Танысайық.
Алғашқы жеңімпаздардың бірі Дарын Әбілжанов. Жиырма жасқа енді іліккен ол Қарағанды медицина университетінің студенті болып табылады. Ерікті. Ол былтыр елімізде төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бастап, халыққа деген жанашырлығын сөзбен емес, іспен көрсету үшін жұқпалы аурулар ауруханасына жұмысқа орналасқан. Екі апталық жұмысынан кейін, өзі де короновирусқа шалдыққан. Емделіп, қайтадан жұмысына кіріскен. Сөйтіп өзінің фейсбуктегі парақшасы арқылы азаматтарға тегін медициналық қызмет көрсетуге, онлайн кеңестер беруге дайын екенін жазып, адамдарға тиімді ем жүргізген. Бүгінгі таңда ол еріктілерді дайындаумен айналысады. Олар үй жағдайында тегін медициналық қызмет көрсететін болады. Және халық арасында екпе туралы толық әрі нақты ақпаратты береді. Дарын ұлт денсаулығы табысты болашағымыздың кепілі деп біледі.
Келесі бір жеңімпаз Қайсар Табынов. Ол 17 жылдан астам уақыт бойына жануарлар мен адамдардың арасында кездесетін жұқпалы ауруларға қарсы екпе әзірлеумен айналысып келеді.Ол өзінің командасымен бірге патогенді құс тұмауы, жылқы тұмауы, бруцеллез, ірі және ұсақ қара мал, АЛНМА құс тұмауы, АЛН1МРФТО9 шошқа тұмауы, сондай-ақ адамның маусымдық тұмауы сияқты қауіпті инфекцияларға қарсы 7 ветеринария вакцинасын және 3 медицина вакцинасын ойлап тапқан. Оның жетекшілігімен жасалып табылған әрбір вакцина отандық биотехнологияның тарихында алтын әріппен жазылатын жаңалық болып қала бермек. Қазіргі таңда Қайсар Табыновтың жетекшілігімен әзірленген екпелердің 60% -ы өндіріске сәтті енгізілген немесе өндіріске енгізу сатысында тұр. Ол Қазақ ұлттық аграрлық университетінің халықаралық вакцинология орталығының директоры, профессор, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты.
Балаларды робототехника әлеміне баулып жүрген Дамир Нүркежановта топ жарғандардың қатарында. Алматы облысының жас кәсіпкері «Future-IT» робототехника мектебінің жетекшісі әрі негізін қалаушы. Оның оқушылары екі жылдың ішінде 11 рет республикалық олимпиадаларға қатысып, бірінші орын иеленді. 17 оқушысы халықаралық олимпиадалардың финалына өтіп, бесінші орынды місе тұтқан. Оның оқушылары алған білімдерін пайдаға жарату үшін көзі нашар көретін азаматтарға кедергілер туралы ақпарат беретін білезік ойлап тапқан. Дамир адамның мүгедектігі мақсатқа жетуге кедергі келтірмейді деп біледі. Және оған толық сенеді. Себебі ол кедергілерге қарамастан ол 2018 жылы бір миллион теңге табу туралы өз мақсатына қол жеткізген. Және онымен тоқтап қалмай, кәсібін жандандырып келеді. Оның ендігі мақсаты өңірлерде «Future-IT» робототехника мектебінің филиалдарын ашу. Бұдан миллион тапқың келсе, мамандығыңды сүю қажет деген тұжырым жасауға болады.
Жасыратыны жоқ көптеген оқушылар үшін химия күрделі пән болып табылады. Алматы қаласында химия пәнінің мұғалімі болып табылатын 28 жастағы Ұлан Үсенов оқушылардың бұл пәнді қабылдауын барынша жеңілдетудің жолын тапты. Ол «Наруто» атты Жапон анимесі арқылы мектеп материалын түсіндіріп, TikTok әлеуметтік желісінде танымал болды. Бұл балаларға жаңа тақырыпты үйренуді жеңілдетеді.Ұлан 6 жыл бойы химия пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Қазір оның парақшасының 250 мыңнан астам жазылушысы бар.
Олар жаңа техниканың арқасында күрделі пәнді жақсы көретін ересектер мен балалар. Оның бейнелері қарапайым, қызықты және қол жетімді болғандықтан танымал болды. Ол жерде Ұлан қолданбалы ғылымды түсіндіреді. Болашақта ол TikTok-та зертханалық тәжірибелерді көрсетуді жоспарлауда.
Жоба бойынша жеңімпаз Ахат
Рақышевтың оқиғасы да көпшілікке үлгі. Ахат Үржар ауданына қарасты Көктал ауданының тумасы. Мұғалім. Ол 2019 жылы мектеп түлектерімен бірлесіп, өзі 100 метрден асатын көпірдің сызбасын сызып, құрылыстың басы-қасында жүрген. Мұндай бастаманы қолға алуының өзіндік себебі бар. Егемендік алған жылдан бері оның ауылының маңындағы Қатынсу өзені арқылы қатынау қиынға соққан. Тіпті, су тасыған маусымдары атты адамның өзі асау өзенді кесіп өте алмаған. Сөйтіп өзен үстінен аспалы көпір салуға бел буған. Бұл үшін Семей қаласының көпірінің үстінен талай жүріп, оның құрылысы қалай жүргізілгенін өзінше зерттеген. Содан соң ауылындағы 20 және 30 жылдық түлектермен бірлесіп бір жыл ішінде аспалы көпірді салған. Бүгінде көрші ауылдың тұрғындары Ахаттан көпір салу бойынша кеңес сұрайды. Өз кезегінде Ахат болса «Көпірдің игілігін ауыл адамдары көріп отыр. Ол жәй ғана көпір емес, өмір жолы сынды алтын көпір болып табылады» дейді.
Жүзден жүйрік атанғандарлың қатарында АҚШ хоккей клубының бас жаттықтырушысы Бұлбұл Қартанбай да бар. Сонымен қатар ол Қазақстандық хоккей шабуылшысы. Қазіргі уақытта кәсіби әйелдер хоккейшілері қауымдастығының мүшесі және Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. Ұлттық әйелдер хоккей лигасында ойнаған алғашқы Қазақ ойыншысы болып табылады. Ол Әйелдер арасындағы алғашқы Қазақстандық NHL. Кездесу кезінде сөйлеген сөзінде ол «Спорттағы жетістікке жету жолында «Бұлбұл хоккеймен тек ер азаматтар шұғылданады» деген барьерлер мен стереотиптермен бетпе бет келдім. Соған қарамастан өзіме деген сенімділіктің арқасында бұл кедергілерді жеңе алдым»,-деді.
«Орман адамдардың өмір сүруіне көмек беретін тірі организм» деген ұстанымды айналадағыларға дәлелдеп жүрген эколог, орман қорғаушысы Екатерина Вибе де жоба жеңімпазы атанды. Ол әр ағашты өзінің науқасы деп біледі.
Сондай-ақ студенттер арасындағы халықаралық Есенин оқуларының бас жүлде иегері Серікжан Қажытаевта «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» тізімінде бар. Ол «Әлем тілдерін үйрену, кітап оқу менің хоббиім. Осы қызығушылықтарым мені әдебиет әлеміне алып келді. Төрт жылдың ішінде қазақ тіліне жеті кітап аудардым. Аударған шығармаларымның көбі орыс тілінде. Алғашында менде «Мына баланың жазғаны, ойы кімге керек? Мені ешкім елемейді» деген қорқыныш болды. Десе де табандылығымның арқасында мен жетістікке жеттім. Бұл жетістіктерім менің арманым мен мақсатымның қасында ештеңе емес. Қазіргі таңда өз қаламгерлерімізге қарағанда шетелдік жазушылар көп танымалдылыққа ие. Себебі, олардың жазғандары үлкен мәселе көтермесе де әдеби агенттердің арқасында миллиондап тираж алуында. Шешілмейтін мәселе жоқ. Осы мәселенің шешімі – елімізде туындылардың сапасын бағалайтын агенттік құру. Елімізде бірнеше әдеби агенттік бар. Олар өз компанияларына қарапайым баспа ретінде қарайды. Ал шетелде бизнес ретінде асқан жауапкершілікпен қарайды. Гарри Поттерді супер танымалдыққа жеткізген әдеби агенттіктер»,-дейді Кадзуо Исигуроның «Жоғалтып алма сен мені» романын,Татар жазушысы Гузель Яхинаның «Зулейханың оянуы» романын, Рэй Бредберидің «Бәстесейік» әңгімелер жинағын, Туве Янссонның «Муми-тролль және барлығы» повесін, Нур Домбайджидың «Қабағы тұнжыр балақай» повесін, Якут ақыны Гаврил Андросовтың өлеңдерін қазақ тіліне аударған ақын аудармашы.
Тағы бір жеңімпаз Латиф Парпиев болса «Жаңа туған нәрестелерді ерте оңалту» жобасының негізін қалаған. Аталған жоба аясында еліміздегі және шетелдегі 10000-нан астам қозғалыс бұзылыстары бар балалар ерте оңалтудан өтіп, күрделі сырқаттың ауыр салдарынан құтқарылған.
Осы жылғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының 30 финалисінің ішінде Шымкенттегі М.Х. Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Роза Керимбекова да бар. Үздіктер қатарында PhD доктор, философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мадина Ашилова, 2019 жылы бизнестің барлық түрлеріне киім мен тоқыма тігу бағытында жұмыс істеп келе жатқан Виктория Пак, төртінші буындағы ұлттық нақыштағы мерекелік және заманауи киім үлгісінің сәнгері ретінде танымал болған ақтөбелік дизайнер Малика Дүйсенбаева, пандемия кезінде қазақстандық дәрігерлерге ақпараттық қолдау жасаған, «Kzphdgirlsunion» еріктілер жобасын құрған Амина Мирсакиева, «Qazaq time» жобасының авторы әрі жүргізушісі Данияр Қожан мен инженер, өнертапқыш Санжар Тайжан да бар. Сондай-ақ, фотограф Данияр Сарсеев, 2020 жылдың басынан бастап Еуропалық футбол қауымдастықтары Одағында (УЕФА) жұмыс істейтін Қазақстанның алғашқы және жалғыз азаматы Даулет Уранхаев, киберспорт бойынша Қазақстаннан тұңғыш әлем чемпионы Абай Хасенов те бар.
Жылдың жүз жаңа есімінің жеңімпазы атанғандарың қатарында тек жаңалық ашқандар ғана емес, өз ісіне шын берілгендер де бар. Соның бірі Амантай Байжанов. Ол Қостанай ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы, полиция лейтенанты. Осы жылдың ақпан айында жол-көлік оқиғасы орын алған Федоровка трассасына шыққан тәртіп сақшысы Амантай Байжанов Қостанайға дейін машиналар легін алып жүруді өзінің борышы деп санап, қалаға дейін
2 шақырым жүгіріп барған. 2020 жылдың сәуір айында Амантай Байжанов серіктесі Жанболат Жаутинмен бірге өрттен 15 адамды құтқарды. Жігіттердің екеуін де күйік шалған.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарын көпшілікке таныстыру шарасы кезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақтың қандай халық екенін жер жүзіне танытып жүрген бірнеше азамат осы жобаның жеңімпазы атанды. Біз түрлі салада жетістікке жеткен осындай отандастарымыздың еңбегін дәріптеуіміз керек. Өйткені табысты жандардың тәжірибесі әрдайым басқаларға үлгі-өнеге. Өскелең ұрпақ өздеріңізге қарап бой түзейді, ұқсауға тырысады. Мен еліміздің әрбір перзенті сіздер сияқты өнегелі болсын деп тілеймін», — деді. Сондай-ақ Президент «Жүз жаңа есім» жобасы қазақстандық арманның анық іске асқанын көрсетеді. Әрбір талантты, еңбекқор, мақсатшыл адам осы заманның батыры және ұлт мақтанышы бола алады. Сіздер сияқты табысты азаматтар неғұрлым көп болса, еліміздің бәсекеге қабілеті соғұрлым арта түседі. Халқымыздың мерейі де үстем болады. «Жүз жаңа есім» жобасының мақсаты да осы. Қазіргі заман – білім мен ғылымның дәуірі. Санасы сергек, ойы ұшқыр жастарды ел үшін аянбай еңбек етуге шақырамын. Бұл сіздердің қолдарыңыздан келеді. Мен Қазақ елінің жастарына сенемін!»-деп сөзін қорытындылады.
А.САТЫБАЛДЫ.