МОРАТОРИЙ МӘСЕЛЕНІ ЖЫЛЫ ЖАБАТЫН ТӘСІЛ МЕ?

Елімізде жер дауы мен жесір дауы күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналғаны қашан… Кешегі сенбіде Жер реформасы жөніндегі комиссияның бесінші отырысының нәтижесі бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ел азаматтарына жекеменшікке сатуды 31.12.2021 жылға дейін уақытша тоқтатуды тағы бес жылға дейін ұзарту туралы шешімнің шығарылуы жоғарыдағы сөзімізге тұздық болады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке сату туралы мәселенің қолдау таппауы бір жағы қуантады әрине. Бірақ бес жылдан кейін бұл мәселе тағы көтерілсе не болмақ? Оның үстіне Жер реформасы жөніндегі комиссияның ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қазақстан азаматтарына жеке меншікке сатуға тағы бес жыл мораторий енгізу туралы ұсынысын Мәжіліс қолдамауы да бек мүмкін ғой… Ол кезде істің қалай насырға шабатынын болжау қиын.

Президент тапсырмасынан кейін құрылып, бес рет бас қосқан Жер реформасы жөніндегі комиссия ауыл шаруашылығы жерлерін өз азаматтарымызға жеке меншікке сату мәселесіне бес жыл мораторий енгізуден бөлек, жерді пайдалануға қатысты Парламентке 28, мемлекеттік органдарға 47 ұсыныс жолдады. Олардың ең негізгілері қандай?
Жер реформасы жөніндегі комиссия жер ресурсын пайдалануды бақылайтын арнайы Жер агенттігін құруды ұсынады. Соған сәйкес, жергілікті әкімдіктерде жерді пайдалануды бақылайтын жер инспекторларын сол агенттікке бағындыру қажет деп есептейді. Сонымен қатар жергілікті әкімдік жанынан құрылған жер комиссияларын жойып, жер телімдерін бөлуді екшейтін комиссияның қызметін сандық технология тәртібімен ашық бөлуді ұйымдастыру керек деп шешеді. Бұдан бөлек жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелерінің көпшілігі субарендаға жолды жабуды қолдап отыр. Жерді кімнің пайдаланып отырғаны туралы ашық жер кадастрын орнату мәселесі де оң қабылданды. Комиссия ауылдардың 5 шақырымдық радиусындағы жайылым жерлердің барлығын мемлекет меншігіне қайтарып, ендігі кезекте ол аумақтарды ешкімге жалға бермеуді қамтамасыз етуді алға тартады.
Жер реформасы жөніндегі комиссияның осы және өзге де шешімдері бойынша әзірленетін заң жобасы келесі айда Мәжіліске жол тартады. Төменгі палата келіп түскен жобадан қандай қорытындыға келетіні белгісіз.
Кейбір белсенділер жер комиссиясында қызу талқыланған Қазақстан Республикасы азаматтарына жерді жекеменшікке берудің мақұлданбағанын сүйіншілей жеткізе отырып, мұны жартылай жеңіске балап отыр. Мәселен, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек «егер жер сатылатын болса, онда байтақ Қазақстанның ішінде кішкене «Қазақстандар», «Орысстандар», «Кәрісстандар» пайда болады. Бірінің жерінен, екіншісінің «территориясына» өту үшін «виза алуыңа» тура келетін жағдай туындайды. Демек, қазақ жері қазіргі таңда дәл осы «кішкене мемлекеттерден құралған одақтың» күйінде тұр. Сенбесеңіз, Кулагиннің 80 мың гектар жерінің шетін бассаңыз, оққа ұшуыңыз мүмкін… Бұл аса қауіпті жағдай!» деп, жерге бірінші кезекте қарапайым ауыл халқының қолы жететін шарт жағдай жасау керек деп есептейді.
Мұндай ұстанымды Қазақстан Халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров та қолдайды. Ол «Өкінішке қарай қазіргі таңда ауылдағы ағайындардың жер сатып алатын мүмкіндігі жоқ. Ал сатып алатындар мүлдем басқа саланың адамдары. Олар жерді қайта сатып немесе жалға беріп пайда табуды ойлайды. Жер мәселесін біржола шешу керек», — дейді.
Ал жер реформасы жөніндегі комиссияның төрағасы Ералы Тоғжанов болса жерді жекеменшікке сату немесе сатпау бойынша бірыңғай пікір қалыптаспағанын, сондықтан да бұл мәселеге қатысты түпкілікті шешім қабылдау үшін біраз уақыт керек деп есептейді.
Қайткен күнде де жерді сатуды бес жылға уақытша тоқтату мәселені түпкілікті шешпейтінін, сондықтан уақыт оздырмай халыққа, кейінгі ұрпаққа зардабы тимейтін заң шығаруға асығу керек сияқты.

Қ.ҚАЛИЕВ.