Сағыныш сазы
«Мыңжылқы» мәдениет сарайында «StuLe BR» тобының әншісі ауданнан шыққан тұңғыш саксафоншы Бегімбетов Бауыржан Қошанұлын еске алуға арналған аудандық «Сағыныш» ән байқауы болып өтті. Естеріңізде болса 2009 жылы көлік апатынан өнер мен шығармашылық жолында енді ғана көрермен ықыласына бөленіп, жалындап келе жатқан Бегімбетов Бауыржанмен ен журналист Руслан Бөлебай бауырларымыз жол апатынан қайтыс болған.
Байқауға ауданның барлық ауыл-кенті, елді мекендерінен он бір үміткер қатысты. Карантин ережесін сақтай отырып өткізген шараның ашылуында Бауыржанның мектептегі, өмірдегі, өнердегі ұстазы Байділда Айдарбеков «Шәкіртім ең серік еткен өнерді» атты өлеңімен байқау шымылдығын ашты. Бауыржанның анасы Пәрдеш апай екі көзіне ерік бере отырып, сүйікті ұлы туралы естеліктерді айтқанда көрермендердің ет жүректері езілгендей болды.
Ән байқауына сазгер Мамырғали Байыс, мәдениет үйінің қызметкерлері Ілияс Айтуов, Айдос Әлқуат, Рүстем Ерназаров қазылық етті.
Байқауға Созақ ауылынан Тұрсынәлі Дилноза, Қыземшектен Қали Талғат, Таукенттен Мырзағали Ұлдана, Қызылкөлден Совет Гүлсім, Сызғаннан Жайсан Қаншайым, Дайрабай Ақжүніс, Қаратаудан Еркебай Альбина, Жартытөбеден Сәрсенбай Айшагүл, Шудан Тұрсынбай Бекжан, Құмкенттен Жайлаубек Жәудір, Қайнардан Шарапов Махриддин сияқты өнерден жол іздеген өнерпаздар қатысты. Жастарға берер өнегелі де өрелі шара екі кезең бойынша өтті.
Бірінші кезең бойынша Созақ ауданынан шыққан жергілікті ақын-сазгерлердің шығарған әндерін орындау болатын. Мұнда негізінен А.Омаровтың, М.Байыстың, Ә.Нысанбаевтың әндері орындалды. Екінші кезең бойынша Бауыржан Бегімбетов пен қазақ эстрадасына танымал жұлдыздардың репертуарларынан әндер, орындау бойынша сынға түсті.