ДЕРТ ДЕНДЕСЕ 5000-НАН АСА ТӨСЕК-ОРЫН АШЫЛАДЫ

ҚР Премьер-министрінің төрағалығымен онлайн режимде өткен Үкімет отырысында қала әкімі Мұрат Әйтенов санитарлық-эпидемиологиялық жағдай бойынша баяндама жасады.

Шаһар басшысы қаладағы індетпен күрес нәтижелері, қолға алынған іс-шаралар, вакциналау және алдағы жоспарларды хабардар етті.
Өз кезегінде Мұрат Дүйсенбекұлы коронавирустың ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайындық жүргізілгенін атап өтті.
– Бүгінде қала «А» сценарийі бойынша індетпен күресуде. Жалпы қала «В» және «С» сценарийіне 100 пайыз толық дайындалды. Ағымдағы «А» сценарийі жағдайы 1 290 төсек-орынды қамтиды. Маусымдық эпидемиологиялық жағдай нашарласа «В» сценарийіне өтіп, төсек-орын саны 4 016-ға дейін артады. Эпидемиологиялық дағдарыс орын алса қала «С» сценарийіне өтіп сырқаттанғандар үшін төсек-орын саны 5 416-ға жетеді. Қазіргі таңда қала тұрғындарына қызмет көрсететін 11 ПТР зертханасы жұмыс жасауда. Зертханаларда 1 күнде 6 200 тест жасауға мүмкіндік бар. Барлығы 349 518 ПТР тест өткізілді. 19-сәуірдің өзіне 1 312 ПТР тест жасалған. Азаматтарды вакцинациялау үшін 38 бекет ұйымдастырылып, бүгінде 1-ші компонент 67 906, 2-ші компонент 6 918 азаматқа салынды. Вакцинациялауға 753 медицина қызметкері оқытылып, жұмылдырылды, — деді қала әкімі.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының «қызыл аймаққа» кіруіне байланысты 19-сәуірде жергілікті бас санитариялық дәрігерінің Денсаулық сақтау министрлігімен бекітілген алгоритмге сәйкестендірілген шектеу шаралар туралы қаулысы шықты. Шектеу шараларының тиімділігі екі апта бақыланады. Эпидемиологиялық жағдай жақсармаса қалада қатаң шектеу шаралары енгізіледі.
Шаһардың бас санитарлық дәрігерінің карантиндік қаулысына сәйкес қоғамдық тамақтану орындары мен сауда орталықтарының жұмыс кестесі өзгертіледі. Ал сапаржайлар, зообақ, театр мен кинотеатрдың жұмысы мүлде тоқтатылды. Жабық базарлар демалыс күндері жұмыс істемейтін болды. Жұмыс күндері де саудаға шектеу қойылды. Сонымен қатар банкет залдары мен мектеп асханаларының жұмысы да уақытша тоқтатылды. Карантиндік шаралар аясында ауызашар, жерлеу рәсімдері, тойлар, туған күн мен мерейтойларды өткізуге тыйым салынып отыр.
ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram каналында еліміздің өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы жарияланды.
2021 жылдың 21-сәуіріндегі жағдайы бойынша елімізде 10 өңір «қызыл аймақта». Олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда мен Маңғыстау облыстары.
«Сары аймақта» Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар облысы тұр.
«Жасыл аймақта» Қостанай, Солтүстік Қазақстан мен Түркістан облыстары ғана.