Көктемгі егіс жайы қаралды

Ауылшаруашылығы саласы бойынша арнайы жұмысшы топ Құмкент ауыл әкімдігінде болып, жергілікті шаруалармен кездесіп, көктемгі егістік жұмыстары, мал шаруашылығы, көктемгі төл жұмыстары, шаруаларға қарастырылған жеңілдетілген мүмкіндіктер, мал, жер иелеріне қатысты заңдылықтар яғни, белгіленген тәртіп ережелер сөз болып, түсіндірілді. 

Арнайы жұмысшы топты аудан әкімінің орынбасары Ағаділ Сатыбалды бастап, аудандық мәслихат депутаты, прокуратура, полиция, БАҚ өкілдері, ауыл әкімі сонымен қатар ауылшаруашылық бөлімінің, жер бөлімінің, кәсіпкерлік палатаның басшылары және тиісті мамандары тартылып, жергілікті халықпен кездесті. Жиынды Ағаділ Болатұлы жүргізіп, әр мәселеге кеңінен тоқталып, түсінік беріп отырды. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Қ. Мейірманов, аудандық жер бөлімінің басшысы Б.Орынтаев аудан көлемінде атқарылған жұмыстар бойынша, сондай-ақ алдағы уақытқа жоспарланған мәселелер бойынша хабарлама жасап, шаруаларға берілетін үкімет тарапынан тиесілі мүмкіндіктерді жан жақты түсіндіріп өтті. Жұмысшы топтың мүшесі прокурор Бексұлтан Бейсембай жер мәселесі бойынша заңдылықтарды тілге тиек ете отырып, жылдар бойынша игерілмей жатқан жер иелеріне, игерусіз жатқан жерлерді мемлекетке қайта қайтару тәртібін түсіндіріп, қайтармай не ол жерді игермей заңға бағынбаған шаруаларға қатысты әкімшілік, заңды шараларды да еске салды. Нысаналы жерлерді яғни жайылым, егістік жерлерді заңына сәйкес мақсатты пайдалану тәртібіне баса назар аударылды. Кәсіпкерлер палатасының директоры А. Анарбаев сөз кезегінде шаруаларға көрсетілетін қызмет түрлерімен таныстырды. «Ырыс» МҚҰ ЖШС маманы Е. Колхозов шаруаларға жеке кәсіп иелеріне берілетін жеңілдетілген несие тәртібін түсіндіріп, мүмкүндіктерді ашық айтып берді. Жергілікті полиция қызметінің басшысы Б. Мақашов қараусыз жүрген мал басының салдарынан орын алып жатқан жол-көлік оқиғаларын, келеңсіз оқиғаларды еске сала отырып, шаруаларға яғни қараусыз жүрген малдың иелеріне соның ішінде мал басынан өзге егістік алқапқа, жеке адамдарға келтірілетін зардап пен шығындарды өтеу мал иелеріне тиісті екенін заңды түрде түсіндіріп, тәртіп, ережелер, заң аясында ескертіліп, тиісті шаралар көрсетілетінін назарға қойды. Шаруалар тарапынан мамандарға сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылып, негізгі мәселелер егжей-тегжей түсіндірілді.