ЖОЛАЙРЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ
Егер Шымкенттегі Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық пайдалануға берілетін болса нысандағы көлік ағынының қарқыны артып, тәулігіне 45000 автомобильге дейін жүріп өтеді. Бұған дейін магистралдар қиылысындағы көлік қарқындылығы 15000-нан әрі аспайтын.
Қазіргі таңда жолайрық құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінге дейін құрылыс жүмыстары үшін бағытталған қаржының 550 млн. теңгесі игерілді. Жолайрықты жасау үшін 2021 жылға 1 643,7 млн теңге қаралған. Оның 1 100 млн. теңгесі республикалық, 543,7 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген.
Айта кетейік, жыл басында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Әл-Фараби ауданы әкімінің 2020 жылы атқарған жұмыстарының есебін тыңдау кезінде Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов қиылысындағы жолайрық құрылысын ел игілігіне беру 2022 жылға жоспарланғанын, бірақ тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін нысанды жыл соңына дейін тапсыру көзделіп отырғанын мәлімдеген. Ал абаттандыру жұмыстары келер жылға жоспарланып отыр.
Жергілікті билік жолайрық бойынша құрылыс жұмыстары кестеге сай атқарылып жатқанын хабарлайды.