ЖАМАУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Газетіміздің өткен санында сәуір айының екінші онкүндігінде Шымкенте жолдардағы шұрық тесік жолдарды асфальт-бетон қоспасымен жамау жұмыстары басталатыны туралы жазылған. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов мұндай жұмыстар 20 мың шаршы метрді құрайтынын алға тартқан болатын.

Өткен аптадан бастап бірқатар жолдардағы шұрық-тесіктерді жамау жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда бұл бағыттағы жұмыстар Қазиев (Рысқұлов көшесінің қиылысынан бастап Өтегенов көшесінің қиылысына дейінгі аралығы), А-2 Хоргос-Алматы-Шымкент автомобиль жолы (Бадам өзені көпірінен бастап «Қазығұрт» шағынауданына дейінгі аумағы), Темірлан тас жолы (Алпысбаев көшесінің қиылысынан бастап әуежай жолының қиылысына дейінгі аралығы), Жолан батыр мен Алпысбаев көшелерінде жүргізілді.
Жолдардағы шұңқырларды жамау жұмыстары кесте бойынша атқарылады. Сала мамандары шұңқырларды асфальт-бетон қоспасымен жамау жұмыстары ең әуелі көлік ағыны көп магистралды көшелерде жүргізілетінін, содан соң ішкі орам көшелерінде басталатынын алға тартады.