3,5 МЫҢНАН АСА ЖЕР УЧАСКЕСІ МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРУ ӨНДІРІСІНДЕ ТҰР
Бүгінде Шымкент қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының өндірісінде 46 нысан бойынша тиісті құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 3599 жер учаскесін мемлекет меншігіне өткізу бойынша 41 қаулы қабылданған. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жалпы аумағы 11,0273 га болатын 83 жер учаскесі мемлекетке қайтарылған. Бұл үшін 827 768 905 теңге қаржы жұмсалған.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Хабарламада Шымкентте 2021 жылдың аяғына дейін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында геоақпараттық портал іске қосылатыны айтылған. Бұл жобаны қаржыландыру туралы шешімді қалалық мәслихат депутаттары мақұлдаған. Енді мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл орайда республикалық рейтингте бірінші орында тұрған Ақтөбе қаласының геопорталын әзірлеуші «КАЗГИСА» ЖШС-мен келіссөздер жүргізіліп, 357,75 млн. теңгеге коммерциялық ұсыныс берілді.
Геопортал арқылы электрондық кезекші карта бойынша жұмыс жүргізу, қолда бар барлық картографиялық деректерді жинау, Бас жоспарды егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын орналастыру, жоғары деңгейдегі аэрофототүсірілім жүргізу, басқармамен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрымен интеграциялау, бос жерлерді электронды аукционға шығару және тағы басқа жұмыстарды атқару көзделуде.