САЛАНЫ ДАМЫТУ ҮШІН 28 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ КӨЗДЕЛІП ОТЫР

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Шымкентте ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 6,5 млрд, теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 млрд. теңгеге көп. Жалпы өнім көлемінің 1,1 млрд. теңгесі егін шаруашылығының, 5,2 млрд теңгесі мал шаруашылығының үлесінде.

Есепті кезеңде қалада ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі былтырмен салыстырғанда 1,1 млн АҚШ долларына артып, 36,5 млн. АҚШ долларға жеткен. Ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға 2,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен есепті кезеңмен салыстырғанда 2,6 %-ға көбейген.
Сондай-ақ, биыл үшінші мегаполисте агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қолдауға жергілікті және жоғары тұрған бюджеттерден 3,5 млрд. теңге субсидия бөлінсе, есепті кезеңге қаралған 253,3 млн. теңге толық игерілген.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 2020 жылмен салыстырғанда 1,4 мың гектарға артып, 29,3 мың гектар жерге егілген. Нәтижесінде, 71,7 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде.
Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ірі мүйізді қара мал басы 1,6, жылқы 0,5, құс 25,3 пайызға көбейген. Ал қой мен ешкі саны 16,3%-ға төмендеген.
Ағымдағы жылдың үш айында қалада 2,8 мың тонна тірі салмақты ет, 8,8 мың тонна сиыр сүті, 40,7 млн. дана жұмыртқа өндірілген.
Ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту мақсатында 2021 жылы құны 16,3 млрд. теңгені құрайтын 28 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбековтың сөзінше инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде 14,6 мың тонна ет, 47,4 мың тонна сүт, 165 млн. дана жұмыртқа өндіру жоспарлануда. Сонымен қатар ол, бидай, арпа, жүгері, көкөніс, бақша, картоп, жеміс сынды өсімдік шаруашылығы өнімдерінің 71,7 мың тоннасы өндірілетінін атап өтеді. Межелі мақсатты жүзеге асыру үшін осы жылы 4,8 млрд теңгеге аумағы 18 гектар жылыжай кешенін құру, 4,7 млрд. теңгеге 241 гектарды құрайтын босалқы жерлерге алма бауын егу бойынша 3 жобаны жүзеге асыру, 685 млн. теңгеге 1700 бас ірі қара мал бордақылайтын 10 жобаны қолға алынып өзге де өндіріс орындары ашылатын болады.
Нәтижесінде, жалпы өнімнің көлемі 37 млрд. теңгені құрап, еңбек өнімділігі бір жұмысшыға шаққанда 3 млн. теңгеге жетеді деп болжанып отыр.