ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСТЕ ЕНЖАР БАСШЫЛАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ

Ауруды емдегеннен гөрі алдын алған абзал. Бұл тәмсіл тек ағзаға батпандап кіріп, мысқалдап шығатын ауруға қарсы тәсіл ғана емес, қоғам дертіне  айналып, тамырын тереңге жайып бара жатқан сыбайлас жемқорлықпен күресте де қолданып келеді. 

Осы мақсатта мемлекеттік мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың себептерін жоюдың тиімді құралы ретінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бірақ бұл талаптың үдесінен шығуды біраз мекемелер формальды түрде жүргізіп келетінін уақыттың өзі көрсетіп келеді. Біраз басшылар сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін жоюға мүдделі емес. Мұның астарында бақай есеп бары анық. Осыған орай бұл бағыттағы жұмыс тәсілдерін пысықтап, оны толық қайта қарау қажет.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысында еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева айтты.
Отырысқа аталған агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали, республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел, қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, мемлекеттік мекеме өкілдері қатысты.
Жиында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мемлекет басшысының жемқорлықпен күресті күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында атқарылған жұмыстардың басымдығы туралып атап өтті. Ол сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюда барлық мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа көшірудің маңыздылығы зор екенін атап өтті.
Ал Жазира Жылқышиева болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін басшылардың жеке жауапкершілігі маңызды екеніне тоқталды.
Ол ағымдағы жылдың 5-сәуірінен бастап әкімшілік заңнамаға түзетулер күшіне енгенін, соған сәйкес, агенттік мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы, жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы және заңсыз кірістер алуы сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға және олардың жолын кесуге уәкілетті болып табылатынын айттты. Және де ол «Бұл тетіктерді барынша пайдалануға ниеттіміз. Өз мекемелерінде сыбайлас жемқорлықты жою бойынша шаралар қабылдамайтын басшылар дербес жауапты болады»,-деп екшеді.
Отырыс барысында білім, денсаулық сақтау, жер қатынастары басқармалары басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралары туралы есептері тыңдалды.
Іс-шара қорытындысы бойынша шаһар басшысы Мұрат Әйтенов әкімдіктің барлық басқармаларында сыбайлас жемқорлықтың себептерін жою, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу және мемлекеттік органдардың қызметінде ашықтықты қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.